Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жыл басынан бері 2,9 млрд теңге көлемінде қарыздың негізгі сомасын төлеген 114 849 жеке тұлғаға қатысты 688,3 млн теңге өсімпұлды есептен шығарды.
Комитеттің хабарлауынша, 1,4 миллионға жуық адам рақымшылыққа ілігіп, 13,9 млрд теңге көлемінде қарыздың негізгі сомасын төлеген жағдайда, 6,3 млрд теңге көлемінде өсімпұл есептен шығарылуға тиіс.
2019 жылғы 13-14 тамызда барлық аумақтық департаменттер өсімпұлдарды есептен шығару бойынша комиссия құру туралы бұйрық шығарған болатын. Салық қарызын Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz ресми сайтында «Салық қарызының болуы/болмауы туралы ақпарат» бөлімінде тексеруге болатынын айта кетейік.
Биыл 3 шілдеде Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне 2019 жылғы 3 шілдеде жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасауға мүмкіндік беретін өзгертулер енгізілгені белгілі. Бұл түзетулер 2019 жылдың 16 шілдесінде күшіне енді. Сондай-ақ биылдан бастап Қаржы министрінің тиісті бұйрығы бойынша Өсімпұл сомаларын есептен шығару ережелері жарияланды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі 2019 жылғы 9 шілдеде бекіткен Жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасау бойынша Жол картасы жасалып, Мемлекеттік кірістер комитетіне оны жүзеге асыру міндеті жүктелді.