Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында ракета әскерлері мен артиллерия бөлімдерінің лагерьлік жиындары аяқталуда. Бір ай ішінде еліміздің батысындағы Атырау, Ақтау және Ақтөбе гарнизоны әскери бөлімдерінің артиллерияшылары далалық жағдайда шабуылдаушы және қорғаныс ұрыс әрекеттерін пысықтады. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Басқармасының баспасөз қызметінен капитан Рустем Игисинов хабарлады.
Жиын басында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысы, полковник Нұрлан Алдияров артиллерияшылардың алдына жеке құрамның далалық машықтылығы мен жауынгерлік іс-әрекеттерді ұйымдастырудағы біліктілікті арттыру бойынша нақты тапсырмаларды қойып өтті.
Артиллериялық жиындардың барысында батыс аймағындағы барлық артиллериялық бөлімдер Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонына шоғырландырылды. Жеке құраммен жеке атыс жаттығулары, нормативтерді орындау бойынша сынақтар және батареялардың тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. Офицерлер атысты түзету бойынша ерекшеліктерді қарастырып, аймақтағы климаттық жағдай мен тәулік уақытына қарамастан нысаналарды жою, қондырғының атыс позициясын тез арада ауыстыру және атысты қаруды қалыпқа келтірусіз жою бойынша сұрақтарды жан-жақты қарастырды.
Артиллериялық атыстар «Град» жаппай атыстын реактивтік жүйелерінен, «Гвоздика», «Акация» және «Тюльпан» артиллериялық қондырғыларымен, Д-30 гаубицалары мен минометтермен жүргізілді.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Асқар Биназаровтың айтуынша, әскери қызметшілер үшін артиллериялық есептоптардың атыс позициясында орналасу уақытының қысқаруы өте маңызды, сонымен қоса артиллеристтер үшін барлау және ұшқықсыз ұшу аппарат бөлімдерімен өзара қарым-қатынасты оңтайландыру қазіргі заманның талабы болып табылады.
Атыс даярлығынан басқа, жиындар барысында командирлердің бөлімшелерді басқарудағы кәсіби шеберліктері, бөлімше, есептоп пен экипаж жеке құрамының өзара алмаса білуі жетілдірілді.
Лагерьлік жиындар Құрлық әскерлерінің барлық өңірлік қолбасшылықтарында ұдайы түрде өткізіліп отырады. Бұл жиындар 15 қыркүйек күні аяқталады. Оның қортындысы бойынша үздік артиллериялық батарея командирі, минометтік взвод пен оқ атыс взводы, сонымен қоса топогеодезист, есептеуші, барлаушы-қашықтықты өлшеуші және радиотелефонист анықталады.
Маңғыстау облысы