Қазақтың шойын жұдырық иесі, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов сенбі күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі Madison Square Garden аренасында өзінің кезекті жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын бірінші раундтың өзінде-ақ нокаутқа жіберді. Отандасымыз бұл жеңісі арқылы «Елеусіновтің жойқын соққысы жоқ, кәсіпқой бокста жүрген қатардағы қарапайым боксшы» деп сынап жүрген жанкүйерлеріне нақты жауап беріп, өзінің мүмкіндігін көрсетті.
Рас, бұған дейін Данияр Елеусінов төрт қарсыласын ұпай санымен, үш қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген болатын. Сондай-ақ барлық қарсыласы жеңілістің кермек дәмін татқан, деңгейі өзінен төмен боксшылар болатын. Ал бұл жолы 13 кездесудің 12-сінде жеңіске жетіп, тек бір айқасында ғана тең түскен 34 жастағы Решард Хиксті бірінші раундта сұлатып салды.
Америкалық боксшы өте тәжірибелі. 12 қарсыласының тең жартысын нокаутқа түсірген әккі боксшы. Решард Хикс Даниярға дейінгі соңғы жекпе-жегінде өзінің отандасымен жұдырықтасып, Америка бокс федерациясының белдігін жеңіп алған-ды. Осындай ірі жетістігінен кейін ол Елеусіновпен жекпе-жек өткізуге келісім берген.
10 раундқа жоспарланған айқаста Хикс бірінші соққы жасап, отандасымызды сынақтан өткізіп алды. Мұндай жағдайға дайын болған отандасымыз бірден жекпе-жек тізгінін өз қолына алып, ринг ортасын иеленді. Раундтың орта тұсынан асқанда Данияр белсенділігін арттырып, қарсыласын нокдаунға жіберді. Америкалық боксшы есін жиып, жекпе-жекті қайта жалғастырғанымен отандасымыздың сериялық соққысынан кейін тағы да нокдаунға түсті. Бұл сәтте төреші есепті ашпай-ақ, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Осылайша, отандасымыз карьерасындағы сегізінші жеңісіне қол жеткізді.
Жекпе-жектен кейін Елеусінов жерглікті БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, алдағы жоспарымен бөлісті. «Әрине, жеңісіме қуаныштымын. Еткен еңбегімнің, төккен терімнің ақталғанына дән ризамын. Бірінші раундта жеңіске жету барлық боксшының арманы. Бірақ бүгінгі айқас өзімнің көңілімнен шыққан жоқ. Жекпе-жекті қайта қарап шығып, қателіктеріммен жұмыс істейтін боламын. Қазір дәл мына боксшымен жекпе-жек өткізгім келеді деп айта алмаймын. Мен рейтингтік кездесулер өткізіп жүргендіктен, промоутерлерім қай боксшыны ұсынады, сол боксшымен жұдырықтаса беремін», дейді Данияр Елеусінов.
Отандасымыздың жарқын жеңісін әлемдік БАҚ өкілдері де жарыса жазып, бокс мамандары қазақ оғланының өнеріне жоғары баға беріп жатыр. Тіпті америкалық әйгілі The Ring журналының журналисі Райан Сонгалия Даниярды Майк Тайсонға теңеді. «Данияр Елеусінов шаршы алаңға Майк Тайсон секілді көтеріліп, дәл Тайсонның әдісімен қарсыласын екі минутта сұлатып салды. Ол осы қарқынынан таймаса, алдағы уақытта талай биікті бағындыратынына сенімдімін», деп жазады Сонгалия.
Бұл жеңісінен кейін Елеусінов әлемдік рейтингте жоғары көтеріліп, 152-орынға тұрақтады. Жоспар бойыша, отандасымыз жыл соңына дейін тағы бір жекпе-жек өткізбек.