Баланың бақытты болуы тек ата-ана, ағайын-туысқа емес, ұлтқа-қоғамқа қажетті құндылық. Өкінішке қарай, тағдырдың жазуымен денсаулығында ақау бар болғандықтан, мүгедек деген санатқа іліккен балалардың болуы жан ауыртады. Қоғам оларды да шетке теппей, мүмкіндігінше әлеуметтік-материалдық және рухани тұрғыда қолдау көрсетіп келеді.
Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылдық мәдениет үйінде өткен «Сырлы әлем» байқауы – бұл бағыттағы сандаған шаралардың бірі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында «Жастар жылын» атап өту, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастардың өнерін насихаттау арқылы қолдау білдіру, олардың ерік-жігерін көрсету мен көтеру, сондай-ақ оларға қоғам мүшесі екенін сезіндіру және әлеуметтік бейімдеу мақсатындағы өнер байқауына қатысушы жас өнерпаздардың зор қызығушылығына ие.
Мұнайлы ауданында 3900 мүгедек адам тіркелген, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар мен жастардың жалпы саны 1143 адамды құрайды.
Аспапта орындау немесе фонограмма арқылы жеке ән айту, әдебиет аталымы бойынша өлең, көркемсөз оқу, авторлық шығармаларын орындау және өз қолдарынан туындаған бұйымдарды ұсынатын қолөнер бағыттары бойынша өткен аталмыш байқауға барлығы 35 өнерпаз қатысты. Алты өнерпаз ән жанры, алты үміткер көркем сөз оқудан сайысқа түссе, 23 қатысушы қолөнер бұйымдарын ұсыну арқылы шеберліктерін ортаға салды.
Зор үмітпен, қызығушылықпен ән салып, өлең оқып шабыттанған байқауға қатысушы балалардың барлығы Мұнайлы аудандық әкімдігі атынан алғыс хаттармен марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар оларға «Asia Damu Invest Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен «Ақтау» ойын-сауық орталығына жолдама берілді.
– Балалар мен жастарға қуаныш сыйлап, қолдау көрсеткен Мұнайлы ауданы әкімдігі мен «Asia Damu Invest Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айнұр Ерланқызына алғыс білдіреміз. Жанарында кірбіңі бар жандарға, әсіресе жастар мен балаларға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасау – халқымыздың асыл қасиеті. Біз де шағын шара ұйымдастыру арқылы отыздан астам баланың бір сәтке болса да қуануына мұрындық болдық деп ойлаймыз, – дейді байқауды ұйымдастырушы Қызылтөбе ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлмира Себепбаева.
«Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде» деп іштей егілетін балапан дауыстардың сахна төрінде ән салып, мәре-сәре болған сәтін көру де, оны ұйымдастыру да – бізді еріксіз тебірентеді.
Маңғыстау облысы