Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Саралжын ауылында тұратын мектеп мұғалімдері ағылшын, орыс тілдерін үйренуге көмектесетін сайт ашты.
Мирхат Ахтаров – Құрманғазы Сағырбаев атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі болса, әріптесі Тілекжан Бегишанов – информатика пәнінен сабақ береді. Жаңа сайтты дайындау үшін жігіттер үш ай уақыт жұмсапты.
Сайт оқырмандарына ағылшын тілі мен орыс тілін қосып үйренудің қызықты жолдарын ұсынбақ. Мұндағы тіл курсы төрт деңгейден тұрады. Алғашқы сатыда сайт пайдаланушылары сөздік жаттаса, екінші деңгейде күнделікті тұрмыстық және қызметтік қарым-қатынасты диалог түрінде үйренеді екен. Үшінші сабақта белгілі шетел орындаушыларының әндері және сол әннің кавер нұсқасы қоса берілмек. «Яғни өлеңмен бірге сол әннің текстіне қарап орындайтын боласыздар. Ал төртінші деңгейде бейнесабақтармен жұмыс істейміз» - дейді сайт авторлары.
– Сайттың қолданылуы өте қарапайым. Кез келген адам пайдалана алады деп ойлаймыз. Орыстілді қолданушыға арналған нұсқамыз да әзір. Қазіргі заманда үш тілді жетік білу маңызды. Сол жолда бұл сайт таптырмайтын құрал болады, -дейді жоба авторларының бірі Тілекжан Бегишанов.
Қарапайым ауыл мұғалімдері ашқан www.eneasy.kz сайты биылғы жаңа оқу жылынан бастап қосылған еді. Тілекжан қазірдің өзінде үш адам сайтқа тіркеліп, тіл үйренуге кірісіп кеткенін айтады.