Өткен сенбіде Сауд Арабиясындағы екі мұнай өңдеу зауытына пилотсыз ұшу аппараттары шабуыл жасап, ірі мұнай эскпорттаушы елге орасан зиян келтірді.
Сауд Арабиясында ірі мұнай нысандарына жасалған осы шабуылдан кейін мұнай өндірісі тәулігіне екі есе кеміген. Нақтырақ айтқанда, әдетте күніне 9,8 миллион мұнай шығаратын елдің өндірісі 5,7 миллион баррельге қысқарған.
Әлем елдерінің назарын аударып, үлкен дау тудырған бұл шабуылды Йеменнің солтүстігін басып алған шииттік «Аңсар Алла» қозғалысы мойнына алды. Хуситтер қалаған кезде Сауд Арабиясының кез келген нүктесіне жетуге қауқарлы қару-жарағы сай екенін айтып, сес көрсетті. Сондай-ақ олар Сауд Арабиясының Йемендегі шиеленістерге араласуын доғармаса, тағы шабуылдайтындарын білдіріп, компаниялар мен шетелдік азаматтарға сақ болуды ескертті.
Алайда АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Пампео хуситтердің бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылға Иранның қатысы барын айтып, кінәлады. Оның сөзінен кейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп та Twitter-дегі парақшасында «Біз корольдіктен бұл шабуылды кім жасағаны және қандай жағдайда әрекет ететініміз туралы хабар күтеміз» деп жазды. Сауд Арабиясының одақтасы АҚШ бұл шабуылға әскери іс-қимылмен жауап беру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Ал Иран тарапы АҚШ-тың бұл кінәлауын жоққа шығарды. Иранның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Аббас Мусави америкалықтардың сыныққа сылтау іздеп отырғандарын атап өтті. Оның айтуынша, Йемендегі қақтығыстарды тоқтатудың жалғыз жолы – Сауд Арабиясы бастаған араб елдерінің әскери коалициясының сол елдегі шиеленістерге араласуын тоқтату.