• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Қыркүйек, 2019

Трамп пен «Талибан» келіссөзі тоқырады

223 рет
көрсетілді

Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасы құлатылып, тарихтағы ең ірі терактінің тіркелгеніне биылғы 11 қыркүйекте 18 жыл толды. Осы қаралы күннің құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысымен бейбіт келіссөздердің тоқтағанын мәлімдеді.

АҚШ көк тіреген қос ғимаратты жермен жексен етіп, қанша мыңдаған адамның өмірін жалмаған терактіні ұйымдастырған Усама Бен Ладен мен «Әл Каида» ұйымына қолдау көрсетті деп осы «Талибан» қозғалысын айыптаған. Сол жылы Ауғанстанға әскерін алып кірген америкалықтар тәліптерді билік басынан тайдырды. Содан бері тәліптер Ауғанстан билігімен және АҚШ әскерімен тайталасып келеді.

Әлем елдерінің назарын аударған АҚШ-Талибан келіссөзі аумалы-төкпелі кезеңді бастан кешіп жатқан ауған жеріндегі қарулы қақтығыстардың, бітіспес дұшпандықтың бітімі, бей­бітшілік орнатудың бастамасы ретінде бағаланған еді. Осыдан тура бір жыл бұрын қыркүйекте АҚШ мемлекеттік департаментінің Ауғанстан бойынша ресми өкілі болып Залмай Халилзад тағайындалғанда, ең ұзақ соғыстың ақыры көрінгендей болған. Өйткені оның мойнына жағдайды одан әрі ушықтырмай, Ауғанстаннан америкалық сарбаздарды әкетуді жеделдететін келіссөздерді жүргізу міндеті жүктелді. Миссиясын мүлтіксіз орындауға талаптанған ол тараптар бір мәмілеге келетінін мәлімдеген еді. Жақында Залмай Халилзад Катар астанасы Дохада өткен тоғыз раундқа созылған АҚШ-Талибан диалогының нәтижесінде америкалықтар бес айдың ішінде Ауғанстаннан 5400 сарбазын шығаруға, ал «Талибан» бақылауда ұстап отырған аймақтарына террористерді кіргізбеуге, АҚШ пен оның одақтастарына шабуылдамауға уағдаласқанын айтқан.

Бұған дейін ілгерінді сипатта өрбіген келісімнің күшіне енуі үшін Дональд Трамп құжаттың соңғы нұсқасына қол қоюы керек болған. Сөйтіп 8 қыркүйекте АҚШ президентінің Вашингтон ірге­сіндегі «Кэмп-Дэвид» резиденция­сында «Талибан» қозғалысының жетек­шілерімен және Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен кездесу жоспарланды.

Алайда 5 қыркүйекте Кабулда бол­ған лаңкестік оқиға «күн райын» күрт өз­гертті. Ауғанстан астанасындағы НАТО-ның штаб-пәтері және АҚШ елші­лігі орналасқан ауданда жарылыс болып, 12 адам қаза тапты. Оның ішінде бір америкалық сарбаз бар. Қасақана жасалған бұл шабуылды «Талибан» қозғалысы өз мойнына алды. Бейбіт келіссөздер жүріп жатқанда тәліптердің тыныш­тықты қашыратын осындай бейбе­рекет әрекеттерге бейіл болуына қатты қынжылыс білдірген Дональд Трамп олармен ортақ мәмілеге келуден бас тартты.

11 қыркүйекте қаралы күн құр­бан­дарын еске алу күні Ақ үй басшысы «Бізде бейбіт келіссөздер жоспарланған еді. Бірнеше күн бұрын олардың Пуэрто-Риконың тумасы, америкалық сарбазды және тағы басқа 11 жазықсыз адамды өлтіргенін білген кезде мұндай мәмілені доғардым. Соңғы төрт күн бойы біз дұшпандарымызға бұрынғыға қарағанда қаттырақ соққы бердік және бұл әлі жалғасады» деп мәлімдеді. Дональд Трамп бұған дейін ядролық күшке ие екендерін меңзеп, Ауғанстандағы соғысты аз уақыттың ішінде аяқтауға болатынын, бірақ миллиондаған бейбіт халықтың зардап шеккенін қаламайтынын айтқан. Дегенмен, ол тәліптерді тәубесіне түсіретін жаңа соққының жасалатынына сендірді.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани «Талибан» радикалды қозғалысының сұмпайы әрекеттері елде бейбітшіліктің салтанат құруына кедергі келтіріп тұрғанын айтты. «Үкімет тәліптердің ауғандарға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттерін табанды түрде жүргізіп келе жатқаны бейбіт келіссөздердің жолындағы басты кедергі деп санайды. Біз тәліптердің ауғандардың өміріне қауіп төндіруін тыйғанда, жаппай қарулы қақтығыстарды тоқтатқанда Ауғанстан билігімен тікелей мәмілеге келіп, тыныштық орнату мүмкін екенін әрдайым айтып келеміз» деп жазылды Ауғанстан президенті кеңсесінің Twitter-дегі парақшасында.

Ал «Талибан» радикалды қозғалысы АҚШ президентінің бейбіт келіссөзден бас тартқанына қатты шамданып, өздерінің күресін жалғастыра беруге ниетті екенін аңғартты. Яғни, тәліптер шетелдік әскердің ауған жерінен кет­пейінше қарулы қақтығыстарын тоқтат­пайды. «Талибан» өкілі Забихулла Муд­жахид бір жарылысқа бола келіссөзден шығып кету АҚШ-тың әлсіздігі және тәжірибесіздігі деп бағалады. Дегенмен, тәліптер Ақ үйдің келіссөз жүргізуге қайта оралатынынан үміттенеді.

Жалпы, «Талибан» радикалды қоз­ғалысы биылдың өзінде қаншама адамды жер жастандырған дүркін-дүркін терактілерді ұйымдастырды. Ел орталығы Кабул қазіргі таңда отты ша­буылдардың ошағына айналған. Жо­ғарыда айтылған жарылыстың алдын­да ғана 2 қыркүйекте астанада шетелдік компаниялар орналасқан ауданда мина­мен жарақтанған автокөлік жарылып, 16 адам ажал құшты, 119 адам жа­ра­қаттанды. Бір ай бұрын 17 тамызда Ка­булдағы неке сарайларының бірінде болған жарылыста 80 адам қаза тауып, 160 адам зардап шеккен. Одан он күн бұрын 7 тамызда қаланың батысында жойқын шабуыл жасалып, 18 адам опат болды, 100-ден аса тұрғынға от тиді. Жыл басынан бергі осындай қаралы оқи­ғаларды жіпке тізгендей жалғастыра беруге болады. 30 шілдеде БҰҰ-ның Ау­ғанстанға көмек миссиясы (UNAMA) жарты жылда бұл елде 300-ден аса бей­біт халық бақилық болып, 2466 адам жара­ланғанын жариялады.

Алайда бірқатар сарапшы АҚШ-Талибан диалогы діттеген мақсатына жеткен күннің өзінде Ауғанстанда бей­бітшіліктің орнауына кепіл болмайтынын айтады. Дональд Трамптың басты ойы ауған жерінен америкалық әскерді алып кету ғана болды. Бүгінде онда 14 мың АҚШ әскері бар. Ал АҚШ әскерінен құтылған тәліптердің аясы кеңіп, елде одан сайын дүрбелең тудырады. Яғни, «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, саясаттанушылар бұл бейбіт келіссөздің жүзеге асуы елдегі азаматтық соғыстың күшеюіне серпін береді деген пікірде. Оның үстіне Ауғанстан билігі 28 қыркүйекте президент сайлауын өткіземіз деп отыр. Бұл саяси науқанға тәліп­тер үзілді-кесілді қарсы. БҰҰ сайлау кезінде бейбіт тұрғындар зардап шегуі мүмкін деп алаңдауда.

Сонау 2001 жылдан бері биліктен ығыстырылған «Талибан» қозғалысының Ауғанстан билігімен мәмілеге келе қоюы екіталай. Бұл топты БҰҰ 2003 жы­лы террорлық ұйым ретінде таныды. Қа­зақ­станда да «Талибан» террорлық ұйымдар тізімінде тұр.