• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қыркүйек, 2019

Әкенің беделі

647 рет
көрсетілді

Бурабай баурайында «Әке – отбасының тірегі» атты ІV республикалық әкелер форумы өтті. Маңызды шараға мұрындық болған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, Ақмола облысының әкімдігі, «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі мен «Құқық» қоғамдық қоры бүгінгі таңдағы ең бір өзекті мәселелерді көп болып кеңесіп, талқылады.

Ықылым заманнан бері от­ба­­­сы­ның ынтымақ-бірлігі, ша­ңырақтың астынан өрбіген пер­зенттердің тәрбиесі, олардың мі­нез-құлықтарының қалыптасуы ең алдымен әкеге байланысты болғанын ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Жібі түзу әкеден жөні түзу ұрпақ өрбиді. Бауыр еті ба­лаларының бойындағы жүре қа­лыптасатын қасиеттер әкеден дариды. Ілкідегі бабалар біз көп сөзбен көктеп отырған дүниені «бала әкеге қарап өседі» деп жалғыз ауыз сөзбен түйіндеген.

Шынында да бүгінде бәрінің демесек те, біраз шаңырақта әке беделінің жұқартып айтқанда, сы­­нық сүйем төмен түскені де шын­дық. Оның алуан түрлі се­бептері бар. Рухани байлық екін­ші орынға ысырылып, көп адам­ның көкірегінде материалдық игілікке деген құштарлық пайда болғалы мал таппайтын әкелердің мәртебесіне кінәрат түсті. Баланың боркемік болып өсуі, өмірге да­йын болмауы осы кезден басталды. Форумда жеріне жеткізіле ай­тылған мәселе осы. Ал енді әке беделін қалай өсіру керек? Оның да қилы-қилы жолдары меңзелді.

Форумның басында әкелер ода­ғының қызметін ұйымдастырып, іргетасын қалаған марқұм Қуа­­­­ныш Жұ­матаев еске алынды.­ Ша­раға қа­тысып отырған ұрпағына сый-құр­мет көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйледі. Форумның модераторы Парламент Мәжілісі­нің депутаты, Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасы­лық демографиялық саясат жөнін­дегі Ұлттық комиссияның мүшесі Ба­қыт­бек Смағұл өз сөзін отты өлең­­мен бастады. Алдымен жер­ шоқ­тығы Бурабайдың сұлу сым­­баты, қазақ даласының кез кел­ген пұшпағының көркемдігі, сол қасиетті топырақтың перзенттерінің бүгінгі бейнесі жыр тілімен өрілді. Еліміздің барлық өңірінен келген форумға қатысушылар аталы сөзге разы болды. Мұнан соң Президент кеңесшісі Мақсат Сқақов сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ұлт мұраты туралы санаға салмақ салатын салиқалы пікірін өмірдің өзі­нен ойып алынған мысалдармен көмкеріп, келістіре айтты. Шы­нында да, бұл мәселе бағзы замандағы «Мақта қыздың» ерте­гісі тәрізді бір-бірімен сабақтасып жат­қан өзектес дүние. Осы форумда айтылған дерекке ден қой­сақ, соңғы жылдары елімізде ша­ңырақ құрған отбасылардың әр­бір үшіншісі ажырасуда. Бұл ке­леңсіз көріністің астарында біз сөз етіп отырған әке абыройының, ер адамның жауапкершілігінің қан­шалықты екенін көрсететін жүк жатыр. Ендігі міндет белгілі. Қоғамға керегі – әкенің беделі. 

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орын­басары Виталий Времиш, Ресей Федерациясы әкелер одағы ор­талық комитетінің мүшесі Вла­димир Анисимовтар ортақ тақы­рыпқа орай өз пікірлерін білдірді. Әсіресе Владимир Петровичтің Қа­зақстанның жағдайын жақсы білемін деген сөзі көңілімізден шықты. Ол қазақ халқының тә­лімді тәрбие төңірегінде бай дәстүрі бар екенін тамсана айтып берді. Ендігісі ата мұрасына жастардың адалдығы. «Әке» қо­ғамның рухани жаңғыруындағы маңызды әлеуметтік институты тақырыбындағы пленарлық сес­сияда Ақпарат және қоғам­дық даму вице-министрі Да­нияр Есин «Қазақстандағы отба­сы институтының дамуы: мә­селелері мен келешегі», Білім және ғылым министрлігінің Ба­ла­лардың құқықтарын қорғау ко­митеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев «Бала үшін өзін өзі іске асыру мүмкіндігін қам­тамасыз ету – жаңа жағдайда отбасы мен мектептің өзара іс-қи­мылының маңызды мәселесі»  та­қырыптарында ой бөлісті.

Форумға қатысушылар отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту қажеттігі туралы орынды пікір білдірді. Әкелер қозғалысын дамыту бағытында бірлескен жұ­­­мысты күшейту қажеттігі де ұмыт қалған жоқ. Орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдарға бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін арт­тырудағы ең өзекті мәселелерді шешуге байланысты ұсыныстар әзірленді. Келелі жиынның соңы үлгілі әкелерге ұлттық комиссия атынан алғыс хаттар табыстаумен түйінделді.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы