Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жақсы ауданындағы «Айбат» ЖШС-ның егістік алқаптарын аралап көріп, серіктестіктің егін жинау науқаны барысымен танысты.
Қазақстан Президентіне облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен агроөнеркәсіп кешенінің келешегі туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа дәнді және майлы дақылдардың жаңа сұрыптары көрсетілді.
Мемлекет басшысы механизаторлармен әңгімелескенде ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдала-нудың маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге баса мән беріліп отырғанын айтты.
– Мемлекетіміз үшін сіздердің еңбектеріңіздің мәні зор. Үкімет фермерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді, ауылдың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады, – деді Президент.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев диқандарға ауа райының жақсы және өнімнің мол болуын тіледі.
Мемлекет басшысы бұдан кейін Жақсы ауылындағы Т.Уәлиев атындағы спорт мектебін аралап көрді.Қазақстан Президентіне күрес, бокс және футбол спортына арналған залдар көрсетілді. Қазіргі уақытта Жақсы ауданының 170 оқушысы бокс, грек-рим күресі және футбол секцияларында спортпен шұғылданады.
Бұл спорт мектебі өз тарихында 4800 спортшыны, соның ішінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін дайындап шығарды. Мемлекет басшысы грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен және спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен әңгімелесу барысында ауылдағы бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ «Урожай» ЖШС-нің агроөнеркәсіп кешенінде болды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның қызметі, диірмен кешенінің, элеватордың, комбикорм зауытының және нан-тоқаш өнімдерін шығару жөніндегі өндіріс нысандарының жұмысы туралы мәлімет берілді.
Қазақстан Президентіне агрокәсіпорында қуаты жөнінен жылына 12 мың тонна түрлі жармалар мен жылдам дайындалатын сұлы қауыздарын өндірудің жаңа технологиялық үдерісі, сондай-ақ дайын өнімнің үлгілері көрсетілді.
Мемлекет басшысы аграршылардың назарын мемлекет бөлген ауыл шаруашылығы субсидияларын тиімді пайдалану қажеттігіне аударды.