Табиғат байлықтарын қорғау бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Кезінде Ұлы даланың ұлағатын бойына түйген бабаларымыздың аңшылық кәсібі бүгінде қаскөйлікке ұласып кеткендей болып барады. Ертеде қазақ даласында сайын сақарадан, асқар таулардан түз тағыларын, жабайы аңдарды аулап, қанжығасын майлап қайтатын кісілердің өзінің олжасын сол ауылдың беделді адамдарына сыйлайтын дәстүрінің орнын да бүгінде опасыздық алмастырып келе жатқанын жасыруға болмас.
Бүгінде аңшылық көп жағдайда тек жеке бастың нәпсіқұмарлығынан туындайтын, болмаса еріккеннің ермегі саналатын кәсіп түріне айналған. Жамбыл облысында биылдың өзінде табиғаттың тірі байлықтарын заңсыз аулау деректері жиі тіркелуде. Сонымен қатар өңірде сирек кездесетін өсімдіктерді қырқу да белең алған. Бірақ мұның бәрі ешқандай да қажеттіліктен емес, бас пайдасын ғана ойлаған ниеттен туындаған іс екенін екінің бірі біледі.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, бүгінде облыс аумағында 49 аңшылық алқап орналасқан болса, оның аумағы 2374,6 мың гектарды құрайды. Қазіргі кезде аумағы 2250,9 мың гектарды құрайтын 44 аңшылық алқап 27 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Ал 123,7 мың гектар болатын 5 аңшылық алқап бекітіліп берілмеген, яғни резервтік қорда. Бекітіліп берілген аңшылық алқапта 107 қорықшы, 88 автокөлік бар және онда 54 кордон мен 20-дан аса қонақүй орналасқан. Сонымен қатар бүгінде қорықшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инспекторларға 20 қару-жарақ берілген. Алайда бүгінгі таңда өңірде заңсыз аң аулаушы қаскөйлердің қитұрқы әрекеті тыйылмай тұр. Заңды белден басқандардың қатары көбейіп барады. Аталған инспекцияның жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрғали Ниязқұловтың айтуынша, жыл басынан бері аймақта 25 браконьер анықталған. «Аңды атады да, көліктерімен қашып кетеді. Тіпті сес көрсететіндері де кездеседі. Мылтықпен қорқытатын жағдайлар да орын алады. Өйткені біздің құқықтарымыз нақты қаралмаған. Аңшылық алқапта мемлекеттік қаруды пайдалану, браконьерлерді кез келген уақытта тоқтату мәселесі құқық қорғау органдары секілді сәйкестендірілсе, дұрыс болар еді», дейді ол. Расында да қазір қаскөйлермен күрес қорықшылар үшін аса қауіпті. Айдалада айбалтасын арқалап жүретін қаскөйлер кез келген уақытта оларға қауіп тудыруы мүмкін. Инспекторлардың құқықтарының нақты қаралмағанын білген заңсыз аң аулаушылар дегенін істей береді.
Жалпы, Жамбыл облысында аң-құстың 17 түрін аулауға рұқсат бар екен. Табиғаттың тірі байлықтарының жойылып кетпеуі үшін аймақта кешенді шаралар жоспары да бекітілген. Бірақ мамандар әлі де оңай олжаға кенелгісі келетіндердің азаймай отырғанын, қаскөйлермен күрес жүргізуде бірқатар түйінді мәселелердің бар екенін айтады. Енді қорықшылар браконьерлерге қатысты заңның қатаңдатылуын күтуде. Ал Жамбыл инспекциясы бөлімінің бас маманы Ғалымжан Рыспановтың айтуынша, жыл басынан бері жануарлар дүниесін қорғау бойынша аталған бөлім 81 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. «Оның ішінде ескерту берілгендері де, айыппұл салынғандары да бар. Сондай-ақ 30 әкімшілік-құқықбұзушылық іс сотқа жіберілді. Сонымен қатар балық аулау кезінде ау құралдарын пайдалану жағдайына тыйым салынады. Ал дуадақ, безгелдек сияқты құстарды және арқар, қарақұйрық секілді аңдарды аулауға тыйым салынған. Тыйым салынбаған аң-құстарды аулау үшін жолдама керек. Бұл ретте облыстың әрбір ауданында инспекция мамандары қаскөйлермен күрес жұмысын жүргізіп келеді», дейді инспекцияның бас маманы.
Сонымен қатар Ғ.Рыспанов браконьерлермен күрес кезінде сан түрлі қиындықтардың кездесетінін айтады. Бүгінгі таңда аталған бөлімде 6 инспектор жұмыс істейді екен. Мамандар үшін 6 көлік бар. Жуырда тағы да бөлімге 2 «УАЗ» көлігі беріліпті. Алайда, қаскөйлермен күрес қауіпті әрекет болғандықтан, мамандардың да «бес қаруының сай» болғаны дұрыс. Дей тұрғанмен, аталған бөлімнің мамандары бірінші кезекте жанар-жағармайдың аз көлемде бөлінетінін айтты. Сонымен қатар инспекторлардың қауіпсіздігі үшін оқ өтпейтін кеудеше мен бейнебақылау да қарастырылмапты. Мәселен, бір браконьер ұсталса, оны дәлелдеу үшін дереу бейнебақылауға түсіру керек екен. Ұялы телефонға басып алуға тағы болмайды. Міне, осы мәселелердің бәрі де инспекторлардың қаскөйлермен күресуге кесірін тигізіп отыр. Сондықтан да мамандардың осы мәселелер оң шешімін тапса екен деген тілегі бар. Онсыз да елімізде қаскөйлермен күрес кезінде инспекторлардың қаза тапқаны аз өкініш емес. Аңшылықты еріккеннің ермегі, болмаса демалыстың төресі санап жүрген қаскөйлерге де қарсы тұрарлық күш-қуат болуы керек-ақ.
Алаштың аяулы перзенті Сәкен Сейфуллин «Көздері мөлдіреген ақбөкенді, адамның баласынан кем көрмедім», деп табиғаттың сұлулығын тамсана жырлайды. «Бөкенді атып мерген өлтіргенде, жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?» деп тебіренеді. Бірақ ақынның өзі адамзат баласына теңеген ақбөкенді аялай алмай отырғанымыз да өкінішті. Негізінен ақбөкендер қыс мезгілінің қаһарлы күндерінде Арқа аумағынан, яғни Жаңаарқа, Жезқазған аймақтарынан Жамбыл өңірінің Ұланбел жеріне дейін ауып келеді. Ол жақтың қысы қатты болғандықтан, жылы жақтан пана іздейді. Бірақ табиғаттың тірі байлығын жеке мақсатына пайдаланғысы келетіндер бұл құндылыққа құлақ аспайтын секілді. Бір жақсысы, Жамбыл облысында ақбөкен ату 2017 жылдан кейін тіркелмепті. Жалпы алғанда, табиғатты қорғау әрбір адамның асыл міндеті болуы керек. Алайда облыс аумағында заңсыз балық, аң аулаумен қатар, сирек кездесетін өсімдіктерді отау, құрып кету қаупі бар жануарларды аулау, тал-дарақтарды заңсыз кесу әлі де болса тыйылмай келеді. Жамбыл облысы бойынша жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұрат Байсеркеновтің айтуынша, биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 500-ден аса әкімшілік-құқықбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметінің тарапынан браконьерлермен тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар». Жер бетінде өмір сүріп жүрген тіршілік иелерінің бәрі де ен байлық. Ал өмірдегі қарапайым қағидаға сүйенсек, аң-құстарды заңсыз аулау, өсімдіктер мен талдарды отап, қырқу, бір сөзбен айтқанда, табиғатқа залал келтіру адамгершіліктің ісі емес. Сол сияқты, жазығы жоқ жануарларды ату, аулау сияқты әрекеттер де обал мен күнәні ойлатпай қоймайды. Тарихтан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының құлан атып, ақыры мерт болған хикаясы, халық ауыз әдебиетінің әйгілі інжу-маржаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Сарыбайдың аң аулауға шығып қайта оралмағаны белгілі. Тарихи шығармалардағы шындықты бүгінгі күннің өзі көрсетіп отыр. Ел аузында «Охота» аталып кеткен аң аулау кезеңінде талай адамның опат болғаны да шындық. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді», дегендей, табиғат байлығын бүлдіру де қажеттіліктен туған нәрсе емес. Ал заңсыз аң аулауды мергендік емес, менмендік десе де болғандай. Бұл тұрғыда қорықшылардың барлық құқығы қорғалса, олардың қолында тиісті құзіреттер болса, бәлкім қаскөйлер де табиғат байлығының үстінде тайраңдап жүрмей, абайлап жүрер ме еді. Олардың қызметі де құқық қорғау органдары секілді сәйкестендірілсе, бәлкім күрес қарқыны бұдан да арта түсер ме еді...
Жамбыл облысы