• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 18 Қыркүйек, 2019

Көштен қалмау үшін көрсеткіш жақсы болуы тиіс

212 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингіндегі және басқа да рейтингтердегі Қазақстанның позицияларын жақсарту мәселесі қаралды. Сонымен қатар Жамбыл облысы халқының табысын арттыру бойынша қанатқақты жобалар таныстырылды.

Қазақстанның әлемдік рейтингтегі орны анықталды

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе − Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингіндегі және басқа да халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның позицияларын жақсарту шараларына қатысты болды. Алдымен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «Doing Business»-тің бизнесті жүргізуді жеңілдету позициясында Қазақстан 2019 жылы әлемнің 140 елінің ішінде 28-орынды алғанын атап өтті. Әсіресе бизнес жүргізуде көрсеткіші жоғары Алматы, Ақтау және Ақтөбе қалалары оң нәтижеге қол жеткізген.

Ол мемлекет алдында үлкен міндет тұрғанын айта келіп, 2025 жылы алғашқы жиырма елдің қатарына кіруге тиіс екенімізді хабарлады. Қазіргі рейтингтің көш басында Финляндия, Аустралия және Латвия секілді мемлекеттер тұр.

Дүниежүзілік банктің LPI (Logistics Performance Index) рейтингі, яғни елдердің сауда және көлік инфрақұрылымының даму деңгейі бойынша Қазақстан 71-орынды иеленді. Бұл – былтырғы көрсеткіш. Осы бағытта өзгелерге үлгі болған Из­раиль, Исландия, Малайзия секілді елдер­мен иықтас болу үшін алдағы 6 жылда бар­лық олқылықтардың орнын толтыру мін­деті тұрғаны да айтылды. Келесі кезек­те жаһандық бәсекеге қабілеттілік индек­сін Дүниежүзілік эконо­микалық форум есеп­тейді. Бұл рейтингте Қазақстан 2018 жыл­дың қорытындысы бойынша 59-орын алды.

– 2025 жылға қарай еліміз алғашқы 40 елдің қатарына кіруі тиіс. Бұл Италия, Эстония, Чили сияқты елдердің деңгейі. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде кедендік ресімдеудің тиімділігін ерекше атап өту керек. Бұл фактор бойынша Қазақстан 64-орында. 2025 жылға қарай алғашқы 40 елдің қатарына кіруіміз қажет. Бұл Израиль, Чехия, Чили сияқты елдердің деңгейі, – деді Р.Дәленов.

Ұлттық экономика министрінің айтуын­ша, инвесторлар білім беру деңгейіне ерекше назар аударады. Бұл орта және жоғары білім беру деңгейі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ел­дерінің арасындағы негізгі индикатор: «PISA» – білім алушыларды бағалау ха­лықаралық бағдарламасы. Аталған рейтинг мектепте білім беру сапасын үш пән бо­йынша өлшейді: математика, жараты­лыс­­тану, оқу. Рейтинг 3 жыл сайын жасалады.

Сонымен қатар инвесторлар үшін аса маңызды фактор – несие рейтингі. Бұл рейтингтерді Standard&Poor’s, Moody’s және Fitch сияқты агенттіктер жасайды.

− Бүгінгі таңда Қазақстанның несие рейтингі бағалаудың «инвестициялық» санатына кіреді, бірақ тәуекел деңгейі «орташа» деп сипатталады. 2025 жылға қарай елімізге тәуекел деңгейі төмен елдердің санатына ауысу қажет. Бұл А деңгейіндегі кредиттік рейтинг. Бұл топ­қа Чили, Жапония, Польша сияқты елдер кі­реді, – деді Р.Дәленов. Оған қол жет­кізу үшін елімізге экономика құрылы­мын әртараптандыру, банк секторын сауық­тыру, бюджет тәртібін күшейту өте өзекті.

Көрсеткішті жақсарту шаралары пысықталды

Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов келтірген мәліметтерден кейін Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Ас­қар­ұлы Қазақстанның «Doing Business» рей­тингіндегі, сондай-ақ Жаһандық логис­тикалық тиімділік рейтингіндегі (LPI) пози­циясын жақсарту үшін атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Дүниежүзілік банктің «Doing Busi­ness» рейтингінде «Халықаралық сау­да» индикаторы бойынша Қазақстан өт­кен жылмен салыстырғанда 123-орыннан 21 позицияға көтеріліп, 102-орынға жай­ғасты, − деген вице-министр позиция­ны жақсартуға электронды кедендік дек­лара­циялауды енгізу, кедендік ресімдеу үшін алым мөлшерлемесін төмендету және кеден­дік бақылауды ресімдеу кезеңінен кеден­нен кейінгі бақылауға көшіру шаралары әсер еткенін айтты. Алдағы уа­қытта ті­зімнің алдыңғы қатарынан көрінуі үшін жұмыс істеліп жатқанын, деген­мен кей­бір күрделі мәселелер оңтай­лы шешім таппай отырғанын айтты. Мы­сал­ы, биыл­ғы көктемде іске қосылған экс­порттық-им­порттық операциялар бойынша «бір тере­зені» іске қосу бастамасы қолға алын­ғанымен, ол толықтай орындалмай отыр. Бұл салаға қатысты мәселелерді жан-жақ­ты талқылау үшін, сонымен қатар өткізіл­ген реформаларды тал­қылау және іске асы­рыл­ған шараларды есеп­ке алу үшін қа­зан айында Вашингтон қаласындағы Дү­­ние­­жү­зілік банктің сарапшыларымен кезде­су өткізу жоспарланғаны белгілі болды.

ауда және интеграция вице-минис­трінің баяндамасында айтылғандай, Дү­ниежүзілік банктің «Сауда және көлік инфрақұрылымының дамуы» рейтингінде Қазақстан 71-орында тұр. Бұл көрсеткішті жақсарту мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, ел ішінде сауданы дамытуға және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған көп форматты сауда-бөлу инфрақұрылымын құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.

− Бүгінде сауда-тарату жүйесін құру үшін 2019 жылдың соңына дейін Қара­ғанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жам­был, Батыс Қазақстан облыстарында 5 көтерме-тарату орталығы салынуда. 2020 жылы 3 өңірде

– Алматы, Ақтөбе және Се­мей қалаларында жалпы көлемі 96 мың шаршы метр болатын тарату орталықтарын салу жоспарлануда, – деді А.Асқарұлы.

Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингіндегі позицияларын жақсарту шаралары турасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндама жасады. Оның айтуынша, «Құрылысқа рұқсат алу» индикаторы бо­йынша 2018 жылы Қазақстан 35-орынды иеленіп, 17 позицияға көтерілді.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов орта білім беруде Қазақстанның 5 салыстырмалы зерттеуге қатысатынын айтты. Олардың негізгілері – PISA (Programme for International Student Assessment), TIMSS (Trends in International Mathematics and Science Study), PIRLS (Progress in International Reading Literacy Study) зерттеулері.

− «PIRLS зерттеуінде біз мәтінді түсіну және оқу сауаты бойынша 27-орындамыз. TIMSS-та математика және жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімде үздік 10 елдің қатарына кірдік. Десе де, рейтингте еліміздегі оқушылардың бо­йында сыни ойлау, жеке қөзқарасын айта білу қасиеттері жетіспейтіні анықталып отыр. Оқушыларды алған білімдерін қолдануға үйрету үшін 2016 жылдан бастап мектептерде сыни ойлау мен дағдыларды дамытуға бағытталған жаңартылған маз­мұн енгізілуде, – деді министр.

Жоғары білім берудегі негізгі рейтингтер – QS World University Rankings және Times Higher Education. Министрдің айтуынша, QS-де Қазақстанда оң динамика бар, 2011 жылғы рейтингте – 5 жоғары оқу орны, 2019 жылы – 10 университет атап өтілді. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ иеленді – 207-орын. Үздік 500 университеттің қатарына 2 университет кірді. Олар: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ (418-орын) мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ (491-орын).

Сонымен қатар 2018 жылы алғаш рет Times Higher Education рейтингтік басылымы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ды атап өтті.

Тақырыпты қорытындылау барысында Үкімет басшысы А.Мамин еліміз энергетика, темір жол көлігі, АКТ салаларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін, сонымен қатар халықаралық сауда, денсаулық сақтау және қаржы сек­торындағы көрсеткіштерді жақсарту бо­йынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Қазақстанның халықаралық рей­тингтердегі позициясын одан әрі жақ­сарту үшін бір ай мерзімде қолда бар іс-ша­ралар жоспарларын талдап, жаңа іс-шара­лар жоспарын қабылдауды, сондай-ақ бағдар­ламалық құжаттарда осы рейтингтерде Қазақстанның ұстанымын жақсарту жө­нін­дегі нысаналы индикаторларды бекіту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Жаңа серпін беретін тың жобалар қажет

Жамбыл облысының тұрғындарының табысын арттыру бойынша қанатқақты жобаны облыс әкімі А.Мырзахметов баян­дады. Баяндамада айтылғандай, облыс халқының 60%-ы ауылдық жерде тұрады. Олардың өмір сүру деңгейін арттыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдаудың мақсатты мемлекеттік саясаты қажет.

− Жеке қосалқы шаруашылықтарды өндіріс пен табыс көзі ретінде қа­рауға толық негіз бар. Бұған ауыл шаруа­шылығы жалпы өнімінің 43%-ы, ет пен сүттің 60%-ы 4 жеке қосалқы шаруа­шылықта өндіріліп отырғаны дәлел. Бұл мемлекеттің қолдауынсыз істе­ліп жатқанын айта кеткен жөн, – деді А.Мырзахметов. Жамбыл облысы әкім­дігінің дерегі бойынша, жеке қосал­қы шаруашылықтар көп жағдайда ұйым­дастыру мәселелерінің шешілмеуінен жоғары табыс таппайды. Мысалы, ор­талықтандырылған сатып алулар мен өткізулердің, жем-шөп базасының, қажетті техника мен технологиялардың болмауы, қаражаттың жеткіліксіздігі негізгі себеп.

Статистикалық органдардың ресми мәліметтері бойынша биыл Жамбыл облысында табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,4%-ды құрады, бұл көрсеткіш республикалық деңгейден (4,1%) 1,3%-ға жоғары. Әсіресе, ауылдық жерлерде аталған көрсеткіш өте жоғары – 6,7%. Жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табыс облыста 66,3 мың теңгені құрайды немесе республикалық орташа көрсеткіштің 68%-ына ғана жетеді (97 мың теңге). Облыста 506 мың жұмыспен қамтылғандардың 35%-ы немесе 177 мың адам өзін өзі жұмыспен қамтығандар, оның ішінде 8,3 мың адам нәтижесіз жұмыспен қамтылған. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Жамбыл облысының әкімдігі ұсынған мәліметтер бойынша зерттелген 368 мың ауыл тұрғындарының тек 54%-ы немесе 177 мың адам тұрақты табысқа ие. Соның салдарынан республика бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың 9,6%-ы Жамбыл облысының тұрғыны (39 мың отбасы). Облыстағы күрделі мәселені шешу үшін жергілікті әкімдік шаралар кешенін іске асыруды жоспарлап отыр. Оның ішін­де өсімдік шаруашылығы үшін үйдің жа­нындағы жер телімдерін тиімді пайдалану, үй жанындағы аулаларды мал шаруашылығы үшін және үлестік жерлерді тиімді пайдалану, әрбір ауылдық округте қажетті құралдары, техникасы, жабдықтары мен айналым қаражаты бар кооператив құру, шағын жобаларды барынша қаржыландыру үшін жағдай жасау қамтылған. Аталған бес жоспарды орындау үшін 31 мыңнан аса жобаны іске асыру қажет.

Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев өзін өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтардың көпшілігі Жамбыл облысында тұрып жатқанын атап өтіп, өңір әкімдігі ұсынған жобаның маңыздылығын айтты. Оның іске асырылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықтың жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығында жаңа мүмкіндігі көбейетінін айтты.