Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіне ресми кіріскеніне 100 күн толды. Бұл – көп уақыт болып көрінбегенімен, жер жүзінде қалыптасқан жүз күндік тұжырым бойынша Мемлекет басшысының тұлғасы айқындалатын, нақты шешімдер қабылданып, маңызды міндеттерді жүзеге асырудың алғашқы қадамдары жасалатын мерзім.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде он негізгі бағытты белгілеп, олардың бәрін жүзеге асыруға дереу кірісу керектігін айтты. Атап айтқанда, халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, сот-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ жастарды қолдау. Бұл маңызды бағыттың барлығы Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасымен сабақтасады. Президент ұлықтау рәсімінде «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз – бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!» деді.
Тәуелсіздіктің тұғырын нықтап, ел іргесін бекемдеп, бүгінгідей бейбіт күнде жасап жатқанымыз, елдік жетістіктеріміз – халық бірлігінің, тату-тәтті тірлігінің арқасы. Ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы дәстүрден айнымай, әуелден ауызбірлікті одан әрі нығайта түсу үшін қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға ден қойды. Мұндай диалогтың пікір алуандығын мойындау негізінде орнайтынын қаперге алып, «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстанған Президент сайлау алдында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құратынын айтқан еді. Ел ішінде көп талқыға түскен бұл кеңестің көшелі болатынына күмәнмен қарайтындар да аз болған жоқ. Бірақ көпшіліктің көкейінде жүрген күрделі мәселелер көтерілетін, халықтың озық идеялары мен ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыратын Ұлттық кеңес жұмысын бастап, оған Мемлекет басшысының өзі төрағалық етуі, талап-тілектердің қарастырылып, тиісті шаралар қабылдануын тікелей қадағалауына алуы әжептәуір сенім ұялатты.
Қоғамның түрлі саласында халықты толғандырып жүрген мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген, өзіндік ой-пікірлері қалыптасқан, көпшіліктің сеніміне ие болған азаматтар құрамына кірген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте өтті. Бұл келелі кеңесте талқыға түскен түйткілді мәселелер түгелге жуық Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрініс тапқан деуге болады. Сондықтан да Президент ортақ міндеттер мен сайлауалды бағдарламасын іске асырудың жоспары кеңінен қамтылған бұл Жолдауын «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп атады. Яғни, Жолдауда назарға алынған басым бағыттар халықтың сын-ескертпелеріне негізделді. Мемлекет басшысы елдің алдағы даму бағдарын айқындаған басты құжатта көрсетілген бастамаларды осы Кеңес шеңберінде пысықтауға және дамытуға болатынын айтты.
Жаңа кезеңде дамудың демократиялық үлгісін басшылыққа алған Президент Ұлттық кеңес мүшелерінің жергілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді болуына мүмкіндік беретін «Ашық әкімдік» тәжірибесін жаппай тарату туралы ұсынысын құп көрді. Бұл мәселеге Жолдауында тоқталған Мемлекет басшысы қанатқақты жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет екенін айтты. Мысалы, егер сауалдама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30%-дан көбі қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқан барысында өңір-өңірді аралап, халықтың жай-күйімен етене танысқан кезде біраз мәселеге қаныққанын жеткізді. Оның айтуынша, көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен бейқамдығына байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады. Сондықтан Мемлекет басшысы бірнеше рет Ақордада Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдерімен кеңес өткізіп, халықтың әл-ауқатын көтеру, олардың құқықтары мен бостандықтарын, тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында өнімді жұмыс істеуді тапсырды. Президенттің сайлауалды бағдарламасында, кейіннен Жолдауында көрсетілген «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бағыты осы мақсат-мүддемен тығыз байланысты.
Халық әлеуметтік жағдайларын алға тартып, наразылық білдіргенде арты үлкен дауға айналып, митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы мәселе көтерілді. Бұған да зер салып қараған Мемлекет басшысы «Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс» деді.
Президент азаматтық қоғамның салтанат құруы үшін биліктің жауапкершілігін арттыру қажеттігін айтып, мемлекетті басқару жүйесіне ерекше мән берді. Осы саладағы маңызды бағыт – сыбайлас жемқорлықты жою. Мемлекеттік қызметтің жұмысын жүйелі ету, ашықтық пен әділдіктің рөлін арттыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін екі жеке ведомствоға – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі етіп қайта құру туралы шешім қабылдады.
Жолдауда 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартыла бастайтыны, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсалатыны көрсетілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту назарға алынды. Бұл үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру мақсатында құрылды. Бұған қоса Мемлекет басшысы биылғы Жастар жылының жалғасы іспеттес 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялап, еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың көптеп қатысуына мән берді. Бұл бастаманы Президент азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі деп сипаттады.
Мемлекет басшысының бастамаларына көпшілік те оң бағасын беріп жатыр. Редакциямызға хат жолдап, қолдау білдіріп жатқан қалың жұртшылықтың пікірлері осының айғағы.