Өкінішке орай, бүгінгі таңда қай елде болса да әйелдер арасында гинекологиялық қатерлі ісік түрлері көбейіп тұр. Жыл сайын Қазақстанда 1800-ге жуық адам жатыр мойны обырына шалдығады.
Бұл кеселден жылына 600-ге жуық әйел көз жұмады. Ал Еуропалық Одақта сағат сайын 2 әйел ЖМҚІ салдарынан өмірден озады. Жатыр мойны обыры – онкологиялық аурулардың ішінде 2 орынға шықты. Алайда, әлемдік медициналық тәжірибе жатыр мойны обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда бұл дерттен құлан-таза айығуға болатынын көрсетіп отыр. Бірақ осыған қарамастан, науқастардың көпшілігі әлі де дәрігерге дерті меңдегенде бір-ақ келеді.
Сондықтан да 20 қыркүйек гинекологиялық қатерлі ісіктен хабардар етудің халықаралық күні болып жарияланып, ESGO мен ENGAG қатерлі ісікпен күрес жөніндегі халықаралық ұйымдары 20-дан астам елді GODay, яғни – гинекологиялық қатерлі ісіксіз әлем атты бірлескен әрекеткее шақырып отыр.
Сонымен осы мәселеге орай, Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты 19 қыркүйекте «Қазақстанда әйелдер арасында гинекологиялық қатерлі ісік ауруы көбейіп барады» тақырыбында баспасөз мәлихатын өткізді.
Баспасөз конференциясында ҚР ДСМ Бас онкологы, ҚР ДСМ Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің Онкология кафедрасының доценті Толқын Садықова онкологиядағы қазіргі жағдайға қатысты жан-жақты мәліметтер берді.
Мамандардың айтуынша біздің елімізде де гинекологиялық қатерлі ісіктің ең жиі кездесетін түрлері: жатыр мойны обыры, аналық без обыры, эндометрия обыры және сарпай (вульва).
Мәселен, 2018 жылы бүкіл әлемде гинекологиялық рактан 468 000 әйел қайтыс болған. Қайғылы оқиғалардың 67%-ы жатыр мойны обырының үлесінде. Демек, гинекологиялық қатерлі ісік туралы әйелдердің жалпы хабардарлық деңгейі әлі де айтарлықтай төмен екендігі анық болып отыр.
Мәселен, мақала басында атап өткендей, күн сайын Қазақстанда жатыр мойны обырынан 600 әйел, жатыр денесі обырынан 230, аналық без обырынан 450-дей қыз-келіншек көз жұмады. Ең өкініштісі, олардың көпшілігі бала табатын, өмірі жайнайтұғын жаста кетеді.
Нақты деректерге сүйенсек, жатыр мойны обыры көрсеткіші Қостанай облысы (100 мың әйелге шаққанда 16,2) Ақтөбе облысы (14,7), Батыс Қазақстан (14,4) облыстарында жоғары. Ең төмен көрсеткіш – Шымкент қаласында (5,7), Түркістан облысында (5,8) Жамбыл облысында (7,1). Ал жатыр денесі обыры Қарағандыда 10,9, ал Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 100 мың тұрғынға шаққанда 9,9 болып келеді. Бұл дертке шалдығу көрсеткіші Түркістан (1,5) мен Қызылорда (2,9) облыстарында төмен.
Сол сияқты аналық без қатерлі ісігіне шалдығу көрсеткіші Павлодар облысында (8,6), Солтүстік Қазақстан (8,7) облыстарында жоғары. Ең төмен көрсеткіш – Жамбыл және Атырау облыстарында – 100 мың тұрғынға шаққанда 3,9.