• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қыркүйек, 2019

Арандатушылардан абай болған жөн

245 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде прокуратура орган­дарының 2019 жылы осы күнге дейін атқарған қызметі баян­далған баспасөз жиыны өтті.

Жиында прокуратура орган­дарының биылғы жұмысы жөнінде Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов айтып берді. Ол басқа елде бой тасалап жүрген қазақстандықтардың қаншасы елге қайтарылғаны, шетелде отырып ел ішінде бүлік шығарып жүргендер туралы сөз қозғады.

– Бүгінде шет мемлекеттермен қылмыскерлерді бірлесіп ұстау бойынша 69 келісім жасалған. Соның ішінде Италия, Испания сияқты Еуропалық одаққа мүше елдер де бар. Биылдың өзінде Солтүстік Македония, Оңтүстік Корея, Болгария сияқты 5 мемлекетпен келісім жасалды. Бұл біздегі қылмыстық-құқықтық реформаларға халықаралық дең­гейде сенім бар екенін көрсетеді. Осы прогресс біздің қызметімізде өз жемісін береді деп ойлаймын. Аталған келісімдердің ар­­қа­­сында шетелдерден 53 адам экстра­диция­ланды. Біз 77 шетел­дікті ұстап бердік. Соңғы 5 жыл­да шет­елдерден Қазақстан аума­ғында қылмыс жасағаны үшін іздеу жарияланған 356 азамат елге қайтарылды, – деді С.Нұр­пейісов.

Осы тұста Бас прокуратура өкілі Францияда жасырынып, Қазақстаннан және басқа елдерден жымқырған ақшасын арам мақсаттарға жұмсап, бүлік тудырып жүрген М.Әбіләзовтің ісіне тоқталды.

– Мұхтар Әбіләзов соңғы кезде әлеуметтік желіде бел­сен­ді. Шын мәнінде ол кім еді? Тоқсаныншы жылдардың басында Энергетика министрі бол­ған. 1999 жылы қыз­метін пай­даланып ақша жым­қыр­ғаны үшін қызметінен босатыл­ды. 2002 жылы М.Әбіләзов сот­тың үкімімен 6 жылға бас бостан­дығынан айырылды. Бір жыл­дан кейін рақымшылық тура­лы өтініш түсірді. Сол кез­дегі ел Президенті оның өкіне­ті­ніне сеніп, бостандыққа шы­ғар­ды. Бірақ М.Әбіләзов шын­дап өкінбепті. Ол өзінің қылмыс­ты жолын жалғастыра берді. Серік­тесін өлтіріп, банкті иемденді, миллиардтаған доллар ұрлап, шетелге қашты. Оның аты-шулы қылмыстарын тағы еске салайын. 2005 жылы М.Әбіләзов БТА банктің төрағасы, өзінің серіктесі Ержан Тәтішевті өл­тіруді ұйымдастырды. Тапсы­рысты орындаушы – М.Тоқмәди өзін М.Әбіләзов 4 млн долларға көндіргенін айтып берді. Ол қыл­мыстың жай-жапсарын толық баяндады. М.Әбіләзовтің жос­пары бойынша ол қылмыс аң аулау кезіндегі оқыс оқиға болып көрінуі тиіс болған, – деді Бас про­куратура өкілі.

Ведомство өкілі М.Әбіләзовке Украина мен Ресейде де іздеу жа­рияланғанын еске салды. Сон­дай-ақ ол М.Әбі­ләзов ісі бойынша бүгінге дейін 42 адам соттал­ғанын айтты.

– Әрине Қазақстан М.Әбі­лә­­зовтің ізіне заң аясында түсе береді. Мұны М.Әбіләзов түсі­неді және қорқады. Өзін саяси себеппен қудалауда деген ақпарат таратып жүр. Ал шынында оның ісінде ешқандай саясат жоқ. Биыл шілде айында Нью-Йорк соты оның өтірігін әшкерелеп, саяси қуғын туралы уәждерін жоққа шығарды. Бұрын Лондон соты да сондай қорытындыға келіп, одан 4 млн доллар өндіріп, өтірік жа­уап бергені үшін 22 айға соттаған болатын. Ұлыбритания ІІМ оны саяси тұтқын мәртебесінен айырды, – деп толықтырды Сапарбек Нұрпейісов.

С.Нұрпейісовтің айтуынша, жақтастарымен бірге халықты арандатып, 21 қыркүйекте көше­ге шығуға шақырып жатқан М.Әбіләзовтің «ДВК» ұйымы 2005 жылдан бері Қазақстанда экс­тремистік ұйымдардың қа­тарын­да тұр. Сондықтан Бас про­ку­ратура заңсыз митингке қатыс­қан­дар жауапкершілікке тарты­ла­тынын, оған қатысқандар 15 күн­ге, егер азаматтардың құқы­ғы­на, мемлекеттің мүддесіне зиян келтірсе, 50 тәулікке дейін қа­мау жазасы қарастырылғанын ескертті.

2025 жылға дейінгі Стра­те­гиялық жоспарды іске асыру ба­рысында Бас прокуратура Қыл­мыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекстерін жетілдіру туралы заң жобасын әзірлеген.

– Жыл басынан бері прокурорлар азаматтарды заңсыз ұстаудың 600 фактісін анықтады. 149 адамға қатысты негізсіз қыл­мыстық қу­далау тоқтатылды. Қыл­мыстық іс жүргізу заңна­ма­сын өрескел бұзғаны үшін 4 177 тәртіп сақшы­сына жаза қол­­данылды. Про­курорлардың нара­зылықтары мен өтініштері бойынша жоғары тұрған соттар 975 азаматқа қа­тысты үкімдерді қай­та қарады, сондай-ақ 220 сот­талған адамның жаза, айып­тау көлемі төмендетіліп неме­се ақ­тау үкімі шығарылып, жағ­дайы жақсарды. Осы тектес өті­ніш­термен азаматтық және әкім­шілік істер бойынша 524 сот актісі қайта қаралды, – деді С.Нұр­пейісов.

Брифингте белгілі болғандай, 129 қадағалау актісімен 40 млрд теңге бюджет мүдделері қор­ғалды. Бас прокурордың наразы­лық­тарымен Жоғарғы сот 35 сот актілерінің күшін жойды және өзгертілді.

Әлеуметтік-экономикалық салада, соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы, жерді мақсатты пайдалану, еңбекақы мен тарифтер бойынша бірқатар ауқымды тексеру жүргізілген. Әртүрлі құқықбұзушылықтар анықталып, жауапкершілікке 11 мың адам тартылған, мемлекетке 25 млрд теңге қайтарылған.