Лисаков қаласына келгендер алдымен орталықтағы «Бәйтеректі» қызықтайды. Нұр-Сұлтан қаласындағы еліміз астанасының символындай әйгілі монументтің көшірмесі елорданың 20 жылдығы құрметіне орнатылған болатын.
Жаңа инсталляция «Халық банкінің» Лисаков қалалық филиалының айналма жолын әшекейлеп тұр. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті бизнесмендердің сүйікті шаһарына жасаған сыйлығы болатын.
Архитектуралық нысанның нобайын қаладағы «ЭксклюзивСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дайындады. Кәсіпорын мамандары биіктігі 15 метр болатын құрылыстың жобасын сызғанда оның 97 метрлік тұпнұсқасы көлемімен салыстыра отырып, пайдаланатын материалдардың жел қуатына төзімділігін ескерген.
«Бәйтеректің» құрылымын «СпецСтальКонструкции» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 ай бойы жасады. Ал құрастырылуы екі күннің ішінде жүзеге асқан. Керек-жарағына Лисаковтағы ірі өндіріс орындары да көмегін аямапты. Кіші «Бәйтерекке» түрлі-түсті иллюминация тартылған, бұл оның қосымша әшекейі болып табылады.
– «Бәйтерек» түпнұсқасынан аумайды. Айналасына керемет көрік беріп тұр, көрген сайын көңіліміз жылиды, – дейді қаланың біз тілдескен кез келген тұрғыны.
Қостанай облысы,
Лисаков қаласы