Бұл күндері Солтүстік Қазақстан облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша көптеген шаралар өткізіп жатыр. Соның ішінде Айыртау ауданындағы «Ботай» мемлекеттік музей қорығында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» деген тақырыпта суретшілердің халықаралық симпозиумы басталды.
Оған алыс және жақын шетелдерден жиырмаға жуық суретші қатысып, «Ботай» қонысы» археологиялық ескерткішін өз көздерімен көріп, шеберлігі мен фантазиясы жеткенше оның маңыздылығын қылқаламның күшімен дүниеге паш етпек. Бұл шара Қазақстанның терістігіне деген туристердің қызығушылығын тудырып, аталған саланы өрістетуге де септігін тигізер деген мақсат алға қойылған.
Симпозиумға қатысушы суретшілер арасында қазақстандық Камилла Ли, Ғалия Мақашева, Үміт Жұбанышева,Людмила Айтуарова, Лилия Беликова, Тілеуғазы Жұбанышев, Айдос Мақанов, Бақытнұр Бүрдесбеков, Болат Әскербековтермен қатар ресейлік Нұрлан Тайыров, Евгений Заремба, Шамиль Гулиев, қырғызстандық Сарқын Сооромбаев, Бообек Арықов, өзбекстандық Әлішер Хамидов және т.б. қылқалам шеберлері бар. Бейнелеу өнерінің түрлі жанрына машықтанған олардың негізінен пейзаждық картиналар жазып жатқаны көрініп тұр. Соны сезгендей Табиғат ана да олардың жұмыс істеуіне жайлы жағдай туғызып, күздің қоңыржай, жылы күндерін тудырып тұр.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл шара суретшілердің өзара ынтымақтастығын да туғызып, өнердің өрістей түсуіне жол ашуға тиіс.
Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар өздерінің осы сапардан жазған екі туындысын облыстық бейнелеу өнері музейіне сыйлауды ұсынған. Оған барлық қатысушылар да келісімдерін беріпті. Симпозиумның жабылатын күні – 27 қыркүйек. Осы күні суретшілердің барлық еңбектері көрмеге қойылып, облыс тұрғындарының назарына ұсынылатын болады.
Осыдан тура жиырма жыл бұрын Петропавлда Қарасай мен Ағынтай батырларға ескерткіш ашылған болатын. Осы датаға орай облыстық университетте «Ұлы даланың хас батырлары» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, Алматыдан және Астанадан келген еліміздің бірталай танымал тарихшылары қатысты. Солардың ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Берекет Кәрібаевтың, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мақсат Алпысбестің, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлы және т.б. баяндамалары мазмұнды болып, қызыққан жастар өздеріне мол мағлұмат алды.
Ал Қарасай мен Ағынтай батырлар жерленген Айыртау ауданында мерекелік шаралар өтуде.
Солтүстік Қазақстан облысы