Бүгінде елімізде бюджеттік тәртіпті күшейту, оның атқарылуын жүйелеу және бюджетті жоспарлаудың тиімділігін арттыру өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе еліміздің ірі орталықтары үшін қазынадан бөлінген қаржының дұрыс, орынды жұмсалуы басты назарда.
Жуырда осы өзекті мәселе төңірегінде Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен кеңес өтті. Онда қала басшысы жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың бюджетті жоспарлаудағы кемшіліктерін сынға алып, орындаушылық тәртіптің өте төмен, сын көтермес деңгейде қалғандығын ашып айтты.Жуырда осы өзекті мәселе төңірегінде Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен кеңес өтті. Онда қала басшысы жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың бюджетті жоспарлаудағы кемшіліктерін сынға алып, орындаушылық тәртіптің өте төмен, сын көтермес деңгейде қалғандығын ашып айтты.
Атап айтқанда, Шымкент қаласы әкімдігінің салалық басқармаларында бюджеттік тәртіп талаптарының орындалмауы салдарынан бірқатар жобаның іске асырылу мерзімі кейінге шегерілмек. Мәселен, биылға арналған бюджеттің атқарылуы барысында республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 6 458,2 млн теңгесі ақтауға келмейтін себептермен қысқартуға ұсынылған. Оның ішінде 5 052 млн теңге көлеміндегі қаражат бюджет әкімшісі болып табылатын басқармалар тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурстарын мерзімінен шектен тыс кеш өткізуі салдарынан қысқартылып отыр.
Басқарма басшыларының өздеріне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармауы, қаржылық жоспарлауды талапқа сай жүргізбеуі, қала әкімінің салалық орынбасары тарапынан тиісті бақылаудың болмағандығы салдарынан мемлекеттік сатып алу конкурстары жыл ортасына дейін созылған.Жұмыстың тиімді бағыттары белгіленбеуі, салалық басқарма тарапынан қолға алынған жобалардың қадағалаудың жоқтығынан жүйелі іске асырылмауы, шаһардың солтүстік-батыс бөлігіне жүргізілуі тиіс инженерлік-инфрақұрылымдарды дамыту жобасына қаралған барлығы 1 116,9 млн теңгенің 522 млн теңгесі қысқартуға жолданған. Оған басты себеп – 16 несиелік тұрғын үйдің құрылысын 2020 жылы аяқтау жоспарланған. Яғни, бюджеттік жоспар жыл басында дұрыс түзілмеген. Кері қайтуы тиіс республикалық қаражат есебінде Шымкент қаласының білім саласы бойынша 2 410,1 млн теңге қысқартуға ұсынылған. Оның да басты себебі – мемлекеттік сатып алу конкурстарының мерзімінен кеш өтуі.
Салалық басқарманың салғырттығынан қаладағы №23 мектеп қосымша ғимаратсыз қалса, «Асар-2» шағын ауданының тұрғындары 1200 орындық жаңа мектептен қағылды. Бұл жобаларды жүзеге асыру мерзімдері кейінге шегерілмек.Осы және өзге де бюджеттік сала түйткілдерін сын тезіне алған қала басшысы, бұдан былай бюджеттік өтінімге енген әрбір жоба бойынша басқарма басшылары жеке жауап беретінін қадап айтып, қала әкімінің салалық орынбасарларына бюджетті орындау тәртібін жеке бақылауына алуды тапсырды.Бюджеттен бөлінген әрбір тиынға жауапкершілікті арттыру, қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, бюджеттік жоспарлаудың тәртібі мен мазмұнын қатаң ұстану бағытында әр басқарманың жанынан бюджет жоспарлаудың, оны тиімді игерудің тәртіптерін меңгерген білікті мамандардан құралған кеңес құруды жүктеді.
Саладағы бюджет тәртібін айналдырған бір-екі лауазымды тұлға емес, сол салаға қатысты барлық проблемаларды жақсы білетін қоғам өкілдері жұмылдырылуы тиіс екендігіне назар аударды.Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша 2020-2022 жылдарға арналған қала бюджетінің басым бағыттары талқыланды. Е.Айтаханов бұл мәселе де қаржылық жауапкершілікті талап ететін жұмыс екендігін назарға алып, алдағы үш жылға арналған бюджетті қалыптастыру барысында Шымкенттің мегаполис ретіндегі даму үрдісін ескеруді тапсырды. Бюджетте Елбасы тапсырмаларының орындалуы, қала келбетін жақсарту, азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, көріктендіру және көгалдандыру мәселелері қамтылуы тиіс екендігіне назар аударды. Президент тапсырмаларына сәйкес, қаланың шеткі аумақтарындағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарын дамытудың кешенді іс-шаралары жасалуы қажет деді.
Жиын барысында Ерлан Қуанышұлы 2020 жылға қаланың аудан әкімдіктеріне 1 млрд теңгеден қаржы бөлінетіндігін айтып, аудан әкімдеріне осы қаражатты тиімді бағыттаудың ұсыныстарын әзірлеуді және аталған жұмыстарды шалғай жатқан елді мекендердің инфрақұрылымына бағыттауды тапсырды. Аудан әкімдері бюджет қаражатына иек артпай, жеке инвесторлар тарту бағытында жүйелі жұмыс атқаруы тиіс деген қала басшысы, осы орайда «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен тығыз ықпалдастық орнатуды жүктеді.Жиынды қорытындылаған қала әкімі әрбір мемлекеттік орган басшысы өзіне жүктелген басты міндеттер ретінде бюджетті дұрыс жоспарлай білуді, мемлекет қаражатын үнеммен тиімді жұмсауды және бюджеттің жауапкершілігін жетік сезінуі тиіс екендігіне назар аударып, жыл қорытындысында бюджет саласындағы кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң шара қолданылатынын ескертті.
ШЫМКЕНТ