Бұл туралы Қостанайда «Қайырымдылық керуені» республикалық конкурсы туралы журналистерге брифинг өткізген Қостанай облысы Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері айтып берді. 2019 жылдың 2 қыркүйегінен бастап «Қайырымдылық керуені» ІІ республикалық конкурсына өтінімдер қабылдау басталады. Оны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы, «Хабар агенттігі» АҚ, «КТК» телеарнасы және «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені ұйымдастырып отыр.
«Екінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл конкурс арқылы Елбасы Қоры адамгершілік құндылықтарын, қайырымдылық және гуманизм идеяларын насихаттайды. Біз жүрегі кең азаматтарымызды, бүгінгі күннің нағыз батырларын халыққа көрсетіп, таныстырғымыз келеді. «Қайырымдылық керуені» жобасы азаматтардың үлкен ықыласына ие болғаны қуантады» деді Қостанай облысы Іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Балбөпе Ертаева.
Баспасөз конференция барысында конкурсқа қатысу ережелері нақтыланды. Оған әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген, өздерінің игі істерімен басқаларды ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
Қостанай облысы Іскер әйелдер қауымдастығының басқарма мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Қапенова қостанайлықтарды конкурсқа қатысуға шақырды.
«Қайырымдылық керуені» біздің елімізде көпшілікке танымал бола бермейтін адамдар, батырлардың көп екенін көрсетеді. Олардың іс-әрекеттері баршамызды таңдандыра отырып, мысал бола алады. Егер сіз мұқтаж адамдарға көмектесіп, қиын жағдайда батылдық танытып, пайдалы іс-шараны өткізуге көмектескен болсаңыз, бұл сайыс сіз үшін!» деді Гүлмира Қапенова.
Облыста байқауға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау 29 қарашаға дейін жалғасатын болады.
Қостанай