Моңғолия Республикасы Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қаласында орналасқан ақын-драматург, өлкенің жаңа низам әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхананың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында, аталған өлкеде Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды.
Бұл шара екі мемлекет кітапханалары арасында келісілген меморандум нәтижесінде іске асып отыр. Идея авторларының бірі – елорда төрінде орын тепкен Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Дәуренбекқызы. «Аталған жоба еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі және Сыртқы істер министрлігінің атсалысуымен орындалып отыр», дейді ұйымдастырушылар.
Жаңадан ашылған орталыққа «Атажұрттан рухани тарту» акциясы бойынша жинастырылған саясат, экономика, тарих, салт-дәстүр және еліміздің табиғи көркем ландшафты аймағы қамтылған әртүрлі тақырыптағы 200 дана кітаппен қоса, «Отандастар қоры» КЕАҚ мен «Фолиант» баспасы атынан 500 дана кітап жеткізілді.
Мұндағы мақсат – қазақстандық авторларды жаһандық әдеби үрдіске интеграциялау, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін, саясатын, заманауи проза мен поэзиясын шет елдерде насихаттау.
Бүгінгі таңда мұндай орталық – Корея, Қырғыз Республикасы, Финляндия, Венгрия, Ресей Федерациясы, Армения, Малайзия, Түркия, Қытай, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия, АҚШ (Нью - Йорк көпшілік кітапханасы және Конгресс кітапханасы), Якутия, Чувашия, Румыния, Иран, Аргентина, Бразилия, Удмуртия, Германия, Испания, Өзбекстан қатарлы 31 шет елде ашылу үстінде көрінеді.