Облыстың Тарбағатай, Зайсан, Абай аудандары мен Семей қаласында күн күрт жылып, ауыл-ауылдарды су ала бастаса, Күршімде, керісінше, осыдан бірер күн бұрын 30, тіпті кей жерлерде 60 сантиметрге дейін қар жауып, қауіпті одан әрі күшейтіп отыр. Күршім мен Үлкен Нарын, Күршім-Қалжыр-Теректі ауылдарына жол 7 наурыздан бері жабық. Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылына су қаптады. Қызылкесек, Қарғыба, Танамырза, Қарой, басқа ауылдарды да су басу қаупі бар. Зайсанға қарай күрежолдың жабылғанына біраз уақыт өтті. Бір аптадан соң кеше жол әрең тазаланды. Кейбір ауылдарда электр жарығы жоқ, оның үстіне “Шығысэнерготрейд” компаниясы жарықты жиі өшіруде.
Облыс әкімі Б.Сапарбаев алдағы уақытта жарықты себепсіз өшірген жағдайда олармен әңгіменің қысқа болатынын қатаң ескертті. Облыстық әкімдікте өткізілген шұғыл кеңесте тасқынның алдын-алу жөнінде сөз болды.
Тарбағатай ауданында екі мыңнан астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. 19 мың тұрғын су басу қаупі аймағында тұр. Зайсан ауданының Тасбастау ауылындағы біраз тұрғындар да қауіпсіз жерлерге көшірілген. Ауданның басқа ауылдарын да су басу қаупі кете қойған жоқ. Кенді Алтайдың Үржар, Аягөз, басқа да бірнеше аудандарындағы көптеген елді мекендер су тасқынының алдын алу үшін күндіз-түні тынбай қауіпсіздік шараларын атқарып жатыр. Облыс әкімі Б.Сапарбаев соңғы жиында аудан, қала әкімдеріне қадау-қадау тапсырма беріп, егер өздері басқаратын елді мекендерде апатқа жол беріп алса, қатаң жаза қолданатынын шегелеп ескертті.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.