Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Заң жобасының мақсаты агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру және Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелерін іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады. Заң жобасымен 13 кодекске және 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының заңнамасын Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес келтіруге бағытталған өзгерістер енгізіледі.
Заң жобасының негізгі тұжырымдамалық түзетулері:
өсімдіктерді қорғау мен олардың карантині, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету және өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтау мен қорғау бойынша; агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру: бюджет қаражаты есебінен өсімдіктерді қорғау мен олардың карантині жөніндегі іс-шараларды толығымен қаржыландырудан жер пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында фитосанитариялық іс-шараларды өткізу үшін пестицидтерді сатып алуға ауыл шаруашылығы тауарлары өндірушілеріне арналған шығындарды арзандатуға көшу бойынша; астық қабылдау кәсіпорындарының қызметіндегі әкімшілік кедергілерді, олардың негізгі қызметімен байланысты қосымша қызметтерді көрсетуі бөлігіндегі кедергілерді жою бойынша; тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде ғана емес, сонымен бірге заңнамамен белгіленген өзге де жерлерде өтуі кезіндегі ветеринариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау бойынша; бірыңғай талаптарды қарастыратын су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарына көпфакторлық зерттеп-қарауды жүргізу бойынша; балықтардың және басқа да су жануарларының айналымына уақтылы бақылау жасап отыру тетіктерін ендіру арқылы балық және балық өнімдерінің көлеңкелі айналымының жолын кесу бойынша нормаларды қарастырады.Сонымен бірге заң жобасымен АӨК, жер қатынастары, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар түзетулер көзделген.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.