Бурабай баурайында бұрын-соңды болмаған, ел назарын өзіне аударатын қызықты фестиваль ұйымдастырылуда. Ол – ақ айдыннан балық аулау.
Қармағын қамдап, көл жағалай қонақтаған балықшылардың жас ерекшеліктері әртүрлі екен. Ең жасы он сегіздегі бозбала болса, егдесі – жетпісті алқымдаған ақсақал. Құмарлық шіркін жасқа қарамайды-ау, тегі. Фестивальдың шарты бойынша әр балықшыға тұп-тура екі сағат уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде екі рет орын айырбастап, қармағын, жемін жаңартуға құқылы.
– Балық аулау фестивалін биылғы жылы екінші рет өткізіп отырмыз, – дейді шараны ұйымдастырушы Дархан Әлімов. Ең басты мақсат – сексен көлді омырауына сексен маржан етіп таққан көрікті Көкше өңірін, сұлу табиғатын, Бурабайдың бауырындағы берекені насихаттау. Алдағы жылы бастама өрісін кеңейтіп, республикалық деңгейде өткіземіз бе деген ойымыз бар.
Балықшылар сақадай сайланып келген-ақ екен. Тіпті отбасымен қатысып жатқандар да бар.
–Мәселе балықты көп ұстауда емес, – дейді Алексей Пировский, – ең бастысы, тылсым табиғаттың құшағында өзгеше бір сезімге бөленіп, бір жасап қалу. Асылында, бұл да спорттың бір түрі. Біріншіден, жарыс болған соң арқаң қозады, оның үстіне шалт қимыл көбейеді.
Жарыс қорытындысы бойынша тұңғыш балық, ең ірі балық аталымдары бойынша қармағы қара судан бос қайтпағандар марапатталды. Ауланған ең ірі балықтың салмағы үш келіге таяу болды.
Ақмола облысы