Апта басында Алматыда өткен III Несие серіктестіктерінің форумына Қазақстанда жұмыс істейтін 215 серіктестіктің өкілдері, Польшадан келген халықаралық консультанттар, Ұлттық банктің, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, «ҚазАгро» холдингінің, Аграрлық несие корпорациясының өкілдері, сондай-ақ FinTech саласындағы компаниялар қатысты.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Сәбит Жақсылықов жиналғандарға несие серіктестігі жүйесі туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі шаруа қожалықтары бірігіп, өзін өзі қаржыландыруы керек. Сонда игерілетін жер көлемі ұлғайып, ортақ табыс молаяды. Ондай жағдайда оларды кез келген қаржы ұйымы несиелендіреді. Аграрлық несиелік корпорация берген мәлімет бойынша өткен жылы олардың 92 пайызы несиелендірілген. Бұл бастаманың тағы бір тиімді тұсы да осы екен. Егер шағын шаруа қожалықтары біріксе, мемлекетке алақан жаймайды. «Біздің алдымызға қойылған міндет – ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қаржы ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету», деді С.Жақсылықов.
Биыл Аграрлық несие корпорациясы мен несие серіктестіктері тұтынушыларға 90 миллиард теңгеден астам қаржы берілмек.
Ел ішінде квазисектордың несиелендіру пайызы жоғары деген пікір жиі айтылады. Мысалы, корпорация ұсынған несие мен несиелік серіктестіктер ұсынған несиенің пайыздық мөлшерлемесінде әжептәуір алшақтық бар. Басқарушы директор С.Жақсылықовпен әңгіме барысында түсінгеніміз, олардың несие шарты кәсіпкерлердің бәріне бірдей қолжетімді емес. Шарт бойынша әрбір ірі қара малдың кем дегенде 2-3 гектардан жайылымдық жері болуы тиіс. Мысалы, 10 бас мал үшін кем дегенде 20-30 гектар жайылымдық жер керек. Бұл талапқа сай келмесең, корпорацияның төмен пайызбен беретін несиесінен аспандағы ай жуық болады. Ал несиелік серіктестіктер ондай талап қоймайды.
«Несиелік серіктестіктер қаржыны Аграрлық несие корпорациясынан 9,5%-бен алады да, шамамен 14%-ға береді. Сонымен қатар несие және лизинг бойынша мемлекеттік субсидияға да қол жеткізе алады», деді Сәбит Жақсылықов.
Агроөнеркәсіптік кешендегі несиелік серіктестік қауымдастығының төрағасы Альмира Сағатованың айтуынша, несиелік серіктестік тек «Несиелік серіктестік туралы» заңмен ғана реттелуде, ал мемлекет тарапынан бұл жүйе реттелмейді екен. «Қаржы осыған дейін мемлекеттен бөлініп келді. Қазіргі дағдарыс жағдайында қаржы табудың қосымша көздерін қарастырып жатырмыз. Инвестор тарту үшін «несиелік серіктестік туралы» заңға өзгерту енгізу керек», дейді А.Сағатова.
Қазір серіктестіктер жүйесін басқару әдісі бойынша Ұлттық банкпен келіссөз жүріп жатыр екен. «Реттеу қызметін мемлекеттік органдарға беру немесе өздігінен реттелетін ұйымға несиелік серіктестіктерді біріктіру туралы ұсыныс бар. Ағымдағы жағдайда осы дұрысырақ, себебі көршілес Ресейде несиелік серіктестіктер өздігінен реттелетін ұйымдар арқылы табысты дамуда», дейді А.Сағатова.
Оның айтуынша, өздігінен реттелетін ұйым құру нарықты «біркүндік несиелік серіктестіктерден» тазартуға, олардың жұмысын оңтайландыруға көмектеседі. Бұл процессіз несиелік серіктестікті капиталдандыру мүмкін емес. «Несиелік серіктестіктер депозит қабылдайтын болса, стандарттар мен нормативтер дайындалуы қажет. Оны реттейтін бір орган болуы керек. FinTech қаржы ұйымдарына да жетті. Несиелік серіктестіктер де алдағы уақытта FinTech арқылы алға жылжиды», – дейді А.Сағатова.
Айтпақшы, Ресейден келген Несиелік кооперативтер лигасы, Кеңес мүшесі Алексей Степанов та осы пікірді қолдайды. Оның айтуынша, дәл қазіргідей шашыраңқы тірлікті ресейлік несие серіктестіктері де бастан кешкен. «Несиелік серіктестіктердің іріленуі нарықты бір күндік серіктестіктерден тазартады. Ресейдегі 3 мың серіктестіктің 90 пайызы ірі кооперацияларға бірікті. Нарықтың бұл сегменті де қаржылық ақпараттық технологиямен интеграцияланып жатыр. Тек ірі кооперацияға біріккен серіктестіктер өз қатысушыларынан депозиттер қабылдай алады. Бұл процесті FinTech саласынан хабары бар мамандардың қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сіздер кооперацияға бірігу туралы ұсыныстан бұрын қажетті мамандарды тарту жайын да ойластыра жүріңіздер», деп атап өтті А.Степанов. Ол мұндай технологияның артықшылығы ретінде ақшамен есеп айырысу кезінде болатын қылмыстардың алдын алатынын айтып өтті. « Біз ақшасыз есеп айырысу технологиясының тың серпіліс екенін, бизнес орталықтар өте салмақты құрал екенін білеміз. FinTech қаржыландыру сегментіндегі жаңа мүмкіндік болса, оның әлеуетін неге қолданбаймыз? Бұл несиелік серіктестіктерде несиелендіру барысын барынша оңтайландырып, ішкі тәуекелдерден туындайтын қауіпті сейілтеді. Демек, ендігі трендті – FinTech-ке бағыттасақ, ұтылмаймыз» деп сөзін түйіндеді Алексей Степанов.
Айта кету керек, несиелік серіктестіктер қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Форумға қатысқан, пікір білдірген кәсіпкерлер оның өздері үшін тиімді тұстарына назар аударып отыр. Олардың шарты бойынша несие алу үшін аудан орталығына барудың немесе құжаттар топтамасын дайындаудың қажеті жоқ. Өкінішке қарай, оның тартымдылығы әзірге осы фактормен ғана шектеледі.
АЛМАТЫ