Ел ішінде ер-азаматқа екі нәрсеге ерекше мән беру керектігі ескертіледі. Әзіл ретінде айтылғанымен, түбінде зіл жатқанына көп адам көңіл бөле бермейді. Оның бірі – мамандық, бірі – өмірлік жар. Иә, екеуінің де адам өмірінде айрықша рөл атқаратыны бесенеден белгілі. Ғұмыр-дарияға бірге түсіп, сезім қайығының ескегін қатар есетін өмірлік жарыңды көргенде көзің қуанып, көңілің жайланса онда жар таңдаудан жаңылыспадым дей бер. Ал күніңнің көп уақытын өткізетін қызметіңе қызығып, мақсат-мұрат жолында маңдайтеріңді төгетін мекемеңе мейлінше ерте барып, еркін жүріп, құлшына еңбек етсең, бұл да жолыңның болғаны. Сүйген жар мен сүйікті қызметтің алар орнын айттық. Бірін ойлап үйге асықсаң, бірін ойлап түзге асығасың. Біздің айтпағымыз махаббат емес, мамандық болмақ.
Тікұшақ тізгіндеген ару
Қалам мен қалақтың арасында қаншама қызметтер бар. Әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері мен жауапкершіліктері де жоқ емес. Қамтитын аумағына қарай қызығы мен қиындығы да қатар жүретіні айтпаса да түсінікті. Сондай маңызды мамандықты игеріп, елдің ықыласына бөленіп жүрген жандардың бірі Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының МИ-8 тікұшағының қосалқы ұшқышы – Ақерке Шопатаева. Иә, азаматтар атқаратын мұндай қиын жұмысты бүгінгі таңда нәзік жандылардың істеп жүргенін көптеп кездестіреміз. Дей тұрғанмен жауапты да, сауапты мамандық иесінің бір ауыз пікірін білген едік.
«Ұшқыш боламын деп армандаған жоқпын. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген уақытта авиация академиясынан мұғалімдер келіп, сол оқу орнының жарнамасын жасады. Ата-анаммен ақылдаса келіп, осы мамандықты меңгеруге бел будым. Осылайша, Алматы қаласындағы Азаматтық авиация колледжіне оқуға түстім. 2006 жылы оқуымды бітіріп, мамандық бойынша жұмысқа орналасу қиын болғандықтан басқа салада жұмыс істедім. 2008 жылы «Қазавиақұтқару» АҚ мекемесінің сол кездегі бас директоры Серік Капаров мамандығым бойынша жұмыспен қамтамасыз етті. Сол кезде ұшақ ұшқышы болуға мүмкіндік болмады. Бірақ Серік Әбдібайұлы: «Бізде ұшаққа орын жоқ, тікұшаққа адам жетіспейді. Тікұшақта ұшқың келе ме»? деген сұрағына «Иә!» деп жауап бердім. Сол кезден бері тікұшақта ұшып жүргеніме еш өкінбеймін. Қазіргі жеткен жетістіктеріме шүкір ете отырып, сол кісіге алғыс айтқым келеді», дейді Ақерке.
Тікұшақ тізгіндеген арудың өзіне деген сенімділігі сезіліп тұрды. Әрине, бірталай биікті бағындырып, әуе жолындағы үміт пен күдікке толы сан түрлі сапарларды бастан кешірген адам үшін жер үстіндегі жұмыстар жеңіл болуы керек. Дегенмен, қай қызмет болмасын қайрат пен табандылықты талап ететіні анық. Жаны нәзік жаратылыс болса да табысқа емес намысқа тырысқан Ақеркенің мамандығына деген адалдығы аңғарылып тұрды. Себебі ол, қызметтегі шен-шекпеннен гөрі өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруды алдыңғы орынға қояды.
Мақаламызға тұздық болсын. Әлемде «Пингвиндерді аударушы» деген қызықты мамандық бар екен. Пингвиндер жақын қашықтықта ұшып бара жатқан тікұшақтарға басын көтеріп қараған кезде шалқасынан құлап қалатын көрінеді. Құлаған пингвиндер өздігінен тұра алмайды, тіпті аударыла да алмайды. Сондықтан тікұшақтар ұшып өткеннен кейін оларға арнайы маман көмекке келеді. Әйтпесе, жан тапсыруы мүмкін.
Қыран жетсе де кран жетпейтін биікте
Ai-Sanam компаниясының негізін қалаушы Сүлеймен Сейітұлы да биікте жұмыс істейді. Жоқ, ол ұшқыш емес. Ол Қазақстанның барлық өңірінде, құрылыс саласында ғимараттың ішкі, сыртқы жөндеу жəне безендіру жұмыстарына альпинистік қызмет көрсетеді.
«Өмірде алдымыздан не шыға келетіні бір Аллаға ғана аян. 2017 жылы қарапайым көлік жүргізушісі болып қызмет атқарып жүріп, бір кәсіпті бастап қолға алсам деп курсқа бардым, кітаптар сатып алып оқыдым, интернетті ақтарып, төңкеріп, қысқасы көп іздендім. Көлігіме отырған бастықтарды да, қарапайым жандарды да әңгімеге тартып, не істесем, немен айналыссам деп сұрап, пікірін, кеңесін тыңдап жүрдім. Бір күні ойламаған жерден ескі таныс Ахмет деген ағамен кездестім. Әңгімесін айтып отырған сәтте ұялы телефонына қоңырау келді. Сөйлесу барысында бір жұмыстың бағасын келісе алмай жатыр. «Ахмет мырза, нені келісе алмай жатырсыз» десем альпинизм саласында жұмыстар бар еді» дейді. Еш ойланбастан, «Мен жұмыс іздеп жүрмін ғой маған беріңіз» дедім. Бұрын-соңды альпинизмнен хабарым жоқ. Бірақ жұмысты алып кете алатыныма сенімім, аз да болса білімім бар. «Сүлеймен бауырым, онда сен баста» деп, күтпеген жерден құрылыс альпинизмі саласындағы алғашқы компаниямыздың негізі қаланды», дейді біздің кейіпкер.
Иә кез келген мәселенің түйіні бір шешілсе, қалғаны жіптен төгілген моншақтай арты-артынан домалай кететін сәттер болады. Айналысып көрмеген шаруаны қолға алғанда Сүлейменнің алғашқы қадамы мынадай болған екен:
«Ең бірінші ақылы жарнама беріп, бір аптаның ішінде осы саланың 8-10 жылдық тәжірибесі бар тоғыз білікті маманын таптым. Нарықтағы бағадан жоғары еңбекақысына келістім. Сертификатталған арнайы құрал жабдықтарды сатып алдық. Құрылыс альпинизмін оқып, осы білікті мамандардың жанында көп тәжірибе жинап, алдымыздан шыққан әртүрлі қиын істерді әрдайым оңай жолдармен шешіп отырдық. Әрине, алдымен өз өміріміздің қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, күн сайын арқан жіпті пайдаланатын құрал-жабдықты тексеріп, қадағалауды өз міндетіме алдым. Бұл жұмыс жүз емес, мың пайыз жауапкершілікті талап етеді. Жауапкершіліктің артында адамға берілетін керемет сезім бар. Әр шыққан биігің саған айрықша көңіл күй мен рух сыйлайды. Кейде биіктерден көрінбей қалсаң сағынасың. Жанымдағы серіктестеріме әрдайым айтып отырамын, жұмысты келешектегі өз үйіміздің бір кірпішін қалап жатырмын деп сезініп, адалдықпен, шынайылықпен істесек, еңбектің және Алланың берері мол! Әрдайым көктегіге жақын болайық!», дейді ол.
Бұл жігіттер қыран жетсе де, кран жетпейтін биіктегі барлық жұмыстардың хас шебері деуге болады. Себебі балконға шықса да басы айналып, тізесі дірілдейтін қаншама адамдар бар емес пе?! Ал Сейітұлының серіктестері бүгінгі таңда биік ғимараттарда да жұмыс істейді. Олардың негізгі міндетіне – бояу-сырлау, электр желілеріне қатысты жұмыстар, тазалық, жарнама және безендіру қызметі, төбедегі жөндеу жұмыстары және тағы да басқа қызмет түрлері кіреді.
«Бізде сақтандыру, техникалық қауіпсіздікті бақылайтын маман бар. Сонымен бірге жууға қажетті барлық құрал-жабдық жəне арқан, жіп, киім-кешек барлығы сертификатпен сатып алынған. Мамандардың құжаттары дұрыс, уақыты жарамды. Арнайы киім барлығында бар. Альпинистердің тәжірибесі 2-10 жыл аралығында әрі осы саладағы сан түрлі мәселелердің шешімін табуға тегін кеңес береміз», дейді Сүлеймен Сейітұлы.
Екі кейіпкеріміз де ерекше мамандық иелері деуге болады. Екеуі де шыңда жүріп шыңдалған, асқақ арман мен маңызды мақсат жолында іркілмей іс қылуда. Терлеп тапқан теңгенің қадірін біледі. Бірі адамдардың амандығы жолында еңбек етсе, енді бірі адамдар өмір сүретін ортадағы тазалық пен жайлылыққа күш салуда. Тәуекелді талап ететін екі мамандық иесіне де табыс тілейміз.
Жан қалауы жүргізушілік
Ал Ерлан есімді кейіпкеріміз алысқа қатынайтын жүргізуші болып 22 жыл еңбек етуде. Ауыр техниканы арқандап, жүк көлігін жүрегіне жақын тартқан ол басқа салаға бас сұқса да бүйрегі бұрмағанын, көңілі қаламағанын ақтарып салды.
«Әкем 1990 жылдары ұзын «КамАз» жүргізуші еді. Соны күнде көргесін бе, менің де техникаға қызығушылығым басталып кетті. Ол кісінің қасында жүріп көп нәрсені үйрендім, игердім. «КамАз» жүргізуді, жөндеп, құрастыруды енді меңгере бастағанымда әскерге аттандым. Үйде жүргенде спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын берік ұстандым. Соның әсері тиді ме, әскерге барғанда мені әскери училищеге шақырды. Әкем барлық құжаттарымды дайындап әкелсе де, іштей қалауым техника саласы болғандықтан одан бас тарттым. Одан кейін де әкем көптеген оқу орындарына түсірді. Көбісін осы «КамАз» үшін тастап кеттім. Тіптен бірнеше ірі құрылыс компанияларында басшылық қызметтерге де орналастым. Бәрібір жаның қалап, жақсы көрген мамандық бойынша еңбек етпесең, еш нәтиже шықпайтынына көзім жетті. Техникаға деген махаббатым терең екенін сезіп, әкемнің жанында жүріп алыс-жақын сапарларға шыға бастадым. Одан кейін қасыма адам алып жүрмедім, тек қана бір өзім сапар шектім. Жаныма кісі отырғызып, оған рөлді берсем де ұйықтай алмайтын әдетім бар», дейді ол.
Әскери училищеден де, құрылыс компанияларынан да бас тартып, әке жолына әуес болған Ерланның еңбек жолы, өмір жолы осылай өріліпті. Мамандыққа махаббатпен қарайтын кейіпкеріміз Алматы қаласындағы «Республикалық физика-математика мектебінде білім алған екен. Ұзақ жолға ұқыптылықпен дайындалып, екі тәулік ұйықтамай еркін жүруге үйренген Ерланның еңбегі де ерлік пе дерсің. Сөз арасында Қазақстанда бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын аңғардық. Елімізді былай қойғанда көрші мемлекеттердің талайына табаны тигенін естідік.
Қалай десек те әрбір мамандықтың өзіне тән өзгешеліктері мен ерекшеліктері бар. Оны қызықты һәм сүйікті іске айналдыру адамның көңіл қалауына байланысты болмақ.
Суретті түсірген Досжан Балабекұлы.