Өңірдегі ірі өндіріс орны – KAZ Minerals Aktogay компаниясы тау-кен саласына қажет жас мамандарды дайындау мақсатында облыста бұрын-соңды жүзеге асырылмаған осындай тың жобаны қолға алды. Жобаның мақсаты – түлектердің біліктілігін көтерумен қатар, мамандарды компанияның қажеттілігіне сай алдын ала оқыту. Жақында жоба аясында облыс орталығы Өскемендегі үш бірдей білім ордасында жаңартылған оқу сыныптары ашылды.
Өскемен көпсалалы техникалық колледжінде 252,6 млн теңгеге тау-кен жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу слесарьларының оқу сыныбы, практикалық сабақтар сыныбы, дәнекерлеушілерге, электрмонтерлерге, БӨҚ және А слесарьларына арналған оқу сыныптары қайта жарақтандырылып, демонстрациялық және басқа да қажетті жабдықтар орнатылды. Сонымен қатар компания оқу орнына JCB 8035 экскаватор-тиегішін, New Holland C227 шынжыр табанды мини-тиегішін, Mitsubishi L-200 автокөлігін берді. Ал С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің жоғары колледжінде 22,2 млн теңгеге химиялық талдау лаборанттарына арналған оқу сыныбы жабдықталып, интерактивті және техникалық оқыту құралдары, табиғи коллекциялар, оқу плакаттары, құралдар, бейнефильмдер, демонстрациялық және зертханалық аспаптар, химиялық реактивтер мен ыдыстар жиынтығы, үстелдер мен орындықтар жеткізілді.
Сондай-ақ компания қаражаты есебінен 6,1 млн теңгеге колледжде оқып, өндірістік және дипломалды тәжірибеден өту үшін студенттерге 15 грант бөлінді. Олар диплом алғаннан кейін Ақтоғай кен байыту комбинатына жұмысқа орналасады. С.Аманжолов университетінде ашылған дәрісханаға осы оқу орнының алғашқы ректоры, ҰҒА академигі, Қазақстан-Америка еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиевтің есімі берілді. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дің жоғары техникалық колледжінде 14,7 млн теңгеге «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығына арналған оқу сыныбы жабдықталды. Үгіту, ұсақтау, флотация, қоюландыру үдерістері бойынша оқыту бағдарламасында қарастырылған зертханалық-тәжірибелік жұмыстарға арналған жабдықтар орнатылды.
Бұл оқу орнына да 15 грант бөлініп, диплом беруді көздейтін 10 айлық оқыту бағдарламасы іске қосылды. Аягөз қаласындағы политехникалық колледжінде дәнекерлеушілер мен электрмонтерлерге арналған оқу сыныптары бұған дейін 49,9 млн теңгеге жөнделіп, жабдықталған болатын. «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС Аягөз ауданы аумағында орналасқандықтан екі жыл қатарынан аудандағы мектеп түлектеріне білім гранттарын бөліп келеді. Бұдан бөлек өндіріс орны Аягөз ауданында 178 млн теңгеден астам қаражатқа бірнеше мектептер мен балабақшалардың ғимараттарын жөндеуден өткізіп, балалар мен спорт алаңдарын салып берген-ді. Орайы келгенде айта кетейік, өндіріс орны жобаға жалпы көлемі 535 млн теңге қаражат қарастырып отыр.
«Ақтоғай кен байыту комбинатында жаңа жабдықтар орнатылған және өндірістің заманауи технологиялары қолданылады. Біз компанияның талаптарына жауап беретін жас мамандарды оқытуға мүдделіміз. Осы мақсатта «Суперколледж» атты жобаны іске қостық. Оқу орындарының басшылары бізді қолдағанына қуаныштымыз» дейді «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС қызметкерлермен жұмыс басқармасының бастығы Бауыржан Әбілқасымұлы.
ӨСКЕМЕН