Жастар жылы аясында елордаға 120-дан аса жасты жинаған «Jastar Alany 2019» республикалық пікірсайысы мәресіне жетті.
Jas Otan жастар қанаты өткізген жас шешендер турнирін ұйымдастыруға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мұрындық болды. Екі күнге жалғасқан сайыстың жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрады. Бұған еліміздің барлық өңірінен 133 команда қатысуға ниет танытып, оның 60-сы іріктелді.
Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек осымен екінші рет салтанат құрған республикалық пікірсайыста тұшымды ой, орынды сөзімен көш бастап жүрген жастар қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, тиімді шешімдерін де ұсынғандарын айтты.
– «Ақын – ұлттың жүрегі, батыр – көптің білегі, шешен – көптің тірегі» деген атам қазақ. Өз ойын ашық әрі нақты жеткізе алатын, әрбір мәселені жан-жақты қарап, сыни ойлай алатын жастарды қалыптастыруға пікірталас ойындары көп әсерін тигізеді деп ойлаймын. Жобаны ұйымдастырғандағы негізгі мақсатымыз елдегі пікірталас қозғалысын қайта жандандыру, нағыз орта қалыптастыру. Осы үшін әрбір пікірсайысшының рейтингі, төрешелердің деңгейі көрсетілетін, ойындардың форматтары айқындалатын, елдегі болатын облыстық, республикалық пікірталас ойындарының жоспарланған кестелері жарияланып тұратын сайтты іске қосамыз. Сондай-ақ пікірсайысшылар федерациясын құруға күш саламыз, – деді Д.Кәрібек.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Төлегенова аталған жобаның Қазақстандағы пікірталасты дамытуға қолдау көрсетуге бағытталғанын, бұл жастардың өз ойларын ашық әрі егжей-тегжейлі жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Нұр-Сұлтан қаласында үздік жастардың басын қосқан турнирдің топтың кезеңі, 1/8, ¼ және жартылай финалдары өтіп, финал телевизиялық декорациялармен шоу форматында ұйымдастырылды. Сонымен жүзден жүйрік шығып, 1 млн теңгелік бас бәйгені қазақ лигасынан Назарбаев Университетінің студенттері Ердәулет Тастанбек пен Әсел Ибадулла жеңіп алды. Ал орыс лигасында Әлихан Қазенов пен Қанат Ноғайбаев топ жарды.
Алдағы уақытта бұл дебат ойындарының телевизиялық нұсқасы көрерменге жол тартады. Бұған қоса Үoutube желісінде толық жарияланады.