Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 2016 жылы – 209, 2017 жылы – 385, 2018 жылы – 109, 2019 жылдың 7 айында 56 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Яғни, жылдан-жылға өңірде қылмыстық фактілер азайып келеді. Бұл көрсеткіштің төмендей түсуіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті жүзеге асырған игі шаралар мен бастамалардың септігі тиері анық.
Жуырда департаменттің ұйымдастыруымен өткен, өскелең жас ұрпақтың өн бойына адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім құндылықтарын сіңіруге және жас буынның рухани болмысын бекітіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мақсатындағы «Адалдық сағаты» өңірдегі 903 мектеп, 68 колледж, 2 жоғары оқу орнын қамтыды.
Өңірдегі жалпы саны 50 мыңға жуық білім алушыны қамтыған шарада қазақтың бойында бағзыдан қалыптасқан адалдық құндылықтары, тағылымға толы тарих беттеріндегі әділдікті ту еткен кемеңгерлердің туралығы кеңінен әңгімеленді. Арнайы әзірленген бейнеролик арқылы адалдық – парасаттылықтың ең биік шыңы, әрі адам бойындағы ең асыл қасиет екендігі жіті түсіндірілді. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттеріне дәріс оқыған агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Х.Көшқалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарқынды күресу ел саясатының негізгі басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті. «Жалпы, еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында жасалып жатқан пәрменді шараларды халықаралық ұйымдар жоғары бағалап отыр. Мәселен, «Транспаренси Интернэшнл» рейтингінде Қазақстан 31 ұпай жинап, жемқорлықтың төменгі деңгейі аймағына кірді. Бұл Қазақстанның рейтингте болған барлық уақытындағы ең жоғары көрсеткіш. Біз осы арқылы көршілес Ресей, Украина, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан жоғары болып отырмыз. Өз кезегінде, агенттік бастамасымен бүгінгі күні білім ошақтарында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстар жасалуда. Еліміздегі барлық мектептерде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылған», деді Х.Көшқалиев.
Жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар аясында өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы тұруға дайын тұлғаларды тәрбиелеу негізгі мақсаты саналатын «Адал ұрпақ» клубы 903 мектепте бар. Бұған қоса, барлық жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық жағдайларын анықтау мақсатында студенттер арасында сауалнама жүргізу бағытындағы «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселері ашылған. Нақтырақ айтсақ, облыста 28 білім ошағында «Саналы ұрпақ» кеңселері жұмыс істеуде.
Күні кеше департаменттің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында алғаш рет өткізілген «Күзгі марафон» қайырымдылық шарасы да жас ұрпақты ізгілікке, адалдыққа, мейірімділікке үндейді. «Мейірімділік үлгісі» акциясы шеңберінде өткен марафонға қатысушылар ерікті түрде 1000 теңге және одан жоғары қатысу жарнасын төлей отырып, қайырымдылық шараға өз үлестерін қосты. Облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал Қ.Дәлбеков, облыстық соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Т.Бекімбетов және басқа да басшылар қатысқан марафон «Президенттік миль» дәстүрлі жеңілатлетикалық жүгірісі ретінде 2400 метр қашықтықта өткізіліп, жарыс жеңімпаздары кубокпен және арнайы жүлделермен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, марафоннан түскен 500 мың теңгеге жуық қаражат «Түркістан жоғары медицина» колледжінде білім алып жатқан, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жастардың бірінші жартыжылдық оқу ақысын төлеуге жұмсалады. Осындай игі істер арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті жастарды адалдыққа, қарапайымдылыққа, жаман әдеттерден аулақ болуға, білім мен еңбекке ұмтылуға үндей отырып, құқықтары мен бостандықтарын ұғындыруды, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алуды мақсат етіп отыр.
Түркістан облысы