Қызылағаштағы су тасқыны елдің басқа өңірлеріне де сабақ болса керек. Өйткені қараусыз жатқан су қоймалары мен бөгендері бүгінде әр облыста ондап саналады. Көңілге қауіп ұялататын мұндай дерек пен дәйектен Жамбыл облысы да құр емес.
Бүгінде облыста 127 су қоймасы мен тоған бар. Оның 5-еуі республикалық, 24-і коммуналдық, 43-і жеке меншік иелігінде. Ал... 55 су бөгені қараусыз.
Сөзімізді Қордай ауданындағы Қақпатас су қоймасынан бастайық. 1988 жылы салынған бұл су қоймасына кезінде 10 млн. текше метр су жинауға болады деп жоспарланған. Бүгінде “Таразсушаруашылығы” РМК-нің иелігінде тұрған осы су қоймасы күрделі жөндеусіз ұзақ жыл пайдаланудың және күшті жел тудыратын толқынның салдарынан қабырғалары 2 метрге дейін құлай бастаған. Егер бөген жақтауы құласа, онда топан су төменде жатқан Алматы-Ташкент бағытындағы республикалық мәндегі автожол мен көпірді бір пәсте шайып кетуі мүмкін.
Жуалы ауданындағы жеке меншікке өткен Дарбаза су қоймасында да күрделі жағдай қалыптасып отыр дейді мамандар. Өйткені сыйымдылығы 3,0 млн. текше метр болатын су қоймасының 300 метрге жуық қабырғасын су шайып кетуі қаупі бар екен. Егер сол осал тұсты су жырып кететін болса, онда етектегі 2 ауыл мен облыстық мәндегі автожол су астында қалады.
Мойынқұм ауданындағы Ақбақай ауылдық округінің аумағында да жағдай мәз емес. Ақбақай орта мектебінің жертөлесі мен жер асты каналдарын еріген қар мен жаңбыр суы алып, ол үш қабатты ғимараттың іргетасының шөгуіне және қабырғаларда жарықтар пайда болуына әкеліп соқтырған. Бүгінде осы қауіпті жағдайға байланысты облыс әкімінің өкімімен мектептегі оқу тоқтатылды.
Сонымен бірге “Ақбақай” АҚ шахтасын да су алып кеткен. Қазір кәсіпорын өз күшімен суды сыртқа шығарып, жұмысты қайта жалғастыру үшін тер төгіп жатыр. Сондай-ақ, Ақбақай-Мирный жолының 21- шақырымында су өткізетін құбырдың көлемді болмауы салдарынан жолдың бір бөлігін су шайып, жеңіл автокөліктердің қозғалысына қиындық тудыруда. Мыңарал бекетіндегі темір жолға да су тасқынының қаупі бар сияқты. Қазір мұнда апаттың алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техникалармен жабдықталған жұмысшылар жұмысқа кірісті.
Облыстағы көптеген жеке меншік иелері су қоймаларын уақтылы жөндеп, жақтауларын қауіпсіз жағдайға келтірмейді. Мысалы, Меркі ауданындағы Тәтті су қоймасы қараусыз жатыр. Кеңес-4 тоғанының осалдығынан Кеңес ауылы да су алу қаупінен ада емес.
Мамандарды Шу ауданындағы Ақсу су қоймасының су босату даңғылының ұзақ жылдардан бері апатты жағдайда жатуы да мазалайды. Талас өзенінің бойындағы Тараз қаласы мен Байзақ аудандарының, Шу өзенінің бойындағы Қордай мен Шу аудандарының кейбір елді мекендері мен жекелеген көшелері су аңғарларына ішкері, ентелей орналасқандықтан оларды да қауіп-қатерден тысқары деп ешкім айта алмас.
Жамбыл облысындағы ең ірі Киров, Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларының халыққа қауіпсіздігі де күндіз-түні қатаң бақылауды қажет етеді. Мысалы, осыдан 40 жылдай бұрын салынған қырғыз елінің Киров су қоймасы тау үстіне, яғни Тараз қаласынан өте биікте орналасқан. Су қоймасының көлемі де үлкен, тау арасындағы орасан зор аумақты алып жатыр. Айтқан жерден аулақ, егер осы Киров су қоймасының екі таудың арасына салынған бөгеті мен қақпасы тосын табиғат әсерлерінен зақымданып, су етекке қарай лап беретін болса, жойқын тасқынның Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандарына қарасты кейбір елді мекендерінің үстімен өтетіні анық. Ал оның қанша метр биіктікпен өтетіні бір Аллаға ғана аян. Елдің айтуына қарағанда 5 қабатты үйіңіздің биіктігі түк емес.
Нақты дерекке жүгінсек, 520,0 млн. текше метр су жинауға болатын Киров су қоймасында бүгінде 483, 65 млн. текше метр көлемінде су бар. 520 мен 483-тің арасындағы айырмашылық онша алшақ емес. Демек, алаңдауға негіз бар. Киров су қоймасын жағалай тау асып өтетін жолмен Тараз базарларына келетін қырғыз байкелер де қойманың кемерін ұрып жатқан биылғы ерекше мол суға кәдімгідей үрейлене қарай бастапты. Бұрын өйтпеуші еді. Демек, қазақ-қырғыз елдерінің үкімет басшылары арасында Киров су қоймасының халыққа қауіпсіздігі жөнінде келелі кеңес жасайтын уақыт жеткен сияқты.
Қазақта “сақтықта қорлық жоқ” деген сөз бар. Дәтке қуаты сол, облыс әкімі Қ. Бозымбаев облыс аумағындағы су қоймалары мен тоғандардағы осы уақытқа дейін орын алып келген өрескел кемшіліктерді жіпке тізіп, сын тезіне алумен бірге, олардағы қауіптің алдын алу үшін барлық мүмкіндіктерді жұмылдыру үстінде.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.