Бұл мәліметті валюта нарығындағы еуроның сатылымына талдау жасаған Ranking.kz сараптамалық агенттігі жариялады.
«Өткен жылмен салыстырғанда еуроның сатылымы 59 пайызға артты. Былтыр бұл сипаттағы валюта айырбастау операциялары теңгенің қатысынсыз өткен. Еуро сатылымының артуы барлық өңірде байқалып отыр», – делінген сайттың ақпаратында.
Еуроодақ валютасы сұранысқа ие қалалардың тізімін Алматы бастаса (109 млрд теңге), Нұр-Сұлтан қаласы 29,9 млрд теңгемен екінші орында тұр. Үшінші орынға 14,7 млрд теңгемен Қарағанды облыс жайғасқан. Бұған дейін аталмыш валютаға аса көп сұраныс байқалмаған Ақмола облысында елеулі өсім бар. Бұл өңірде еуроның сатылымы өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 12,4 есе артып, 3 млрд теңгеге жеткен. Ел көлемінде еуроға деген ең төменгі сұраныс түркістандықтардың үлесінде екен. Түркістандықтар әзірге АҚШ долларына басымдық беріп отыр.
«Мұнда «таза сатылым» арқылы 280,3 млн теңгенің айырбасы жүрген. «Соңғы 2 айда еуро сатылымы 40 млрд теңгелік межеден артып отыр. Шілде айындағы еуроның орташа бағамы 430,1 теңге болды. Бұл маусым айына қарағанда 0,1 пайызға арзан. Ал 2018 жылдың шілдесімен салыстырғанда 7,2 пайызға қымбат», – деп жазады Rаnking.kz.
АЛМАТЫ