Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесі өтті. Қазақстанда бірінші рет өткен форум жұмысына Еуропа мен Азияның 65 елінен парламенттік делегациялар, 14 халықаралық парламенттік ұйымдар өкілдері келді.
Қазақстан – бейбітшілік пен қауіпсіздіктің жаршысы
Ауқымды әрі маңызды жиынның ортасынан табылғандардың ішінде ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеялары, Парламентаралық одақ, Азия Парламенттік ассамблеясы, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы парламенттік одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ сияқты ұйымдар бар.
Еуразиялық кеңістік елдерінің парламентаралық диалогын және жемісті ынтымақтастығын кеңейтуді көздейтін басқосу Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл форумдағы Қазақстанның басты ұстанымы – Еуразия елдері арасында қарама-қайшылықтарға, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп, серіктестіктің түбегейлі жаңа моделін енгізу.
Келелі кеңеске Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол сөз басында Еуразия жүрегіндегі Ұлы дала еліне, қонақжай Қазақ жеріне алыстан ат арытып келген қадірменді меймандарды көргеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Біз заң шығару органының қызметіне зор мән береміз. Қазақстан депутаттары шетелдік әріптестермен кең ауқымды байланыс орнатып, мемлекетаралық достықты нығайта түсті. Елдеріміздің жоғары өкіл органдарының депутаттары Еуразиядағы ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтеді деп сенемін. Осы кеңес жұмысының табысты болуына баршамыз мүдделіміз, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымның алдында тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қол жеткізген негізгі жетістіктеріне тоқталды.
– Біз КСРО ыдырағаннан кейін аумақ көлемі бойынша әлемде тоғызыншы мемлекет екенімізді және өз болашағымызды қалыптастыруымыз керектігін айқын түсіндік. Еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде маған 30 жылға жуық уақыт бойы мемлекет құрып, Қазақстан Республикасы деп аталатын елді басқару құрметі бұйырды. Халықтың артқан зор сенімінің арқасында қанша уақыт ел басқарып, биыл өз өкілеттігімді тапсыру жөнінде шешім қабылдадым. Өткен жылдарға көз тастасам, 1991 жылдан бері мен халқыммен бірге күрделі кезеңдерді бастан өткізгенімізді айтқым келеді. Біз алдымызға биік мақсаттар қойдық және оларды бағындырдық. Экономикалық ілгерілеуді және халықтың әл-ауқатын көтеруді басты басымдық ретінде белгіледік. Нарықтық экономиканы нөлден бастап құрып, бүгінде Қазақстан әлемнің ең дамыған 50 мемлекетінің қатарына қосылды. Қазақстанның ІЖӨ-сі 18 есе өсті. Ел экономикасының көлемі Орталық Азия елдерінің ІЖӨ деңгейінен 2 есеге жуық асады. Халықтың табысы доллармен қарағанда 9 есе көтерілді, кедейлік деңгейі 10 есе, 40%-дан 4,6%-ға дейін қысқарды, – деді Тұңғыш Президент.
Елбасы Қазақстанның ядролық қарусыздануға және жаппай қырып-жою қаруларының таралуына қарсы іс-әрекетке бар күш-жігерін салғанын атап өтті.
– Қазақстан – БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияның бастамашысы және бірлескен авторы болды. Аймақ бойынша көршілермен бірге біз Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрдық. Мен «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» арнайы сыйлық тағайындадым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бүгінде елімізде 130 этнос пен 46 конфессияның өкілі ынтымағы жарасып, тату-тәтті өмір сүріп отырғанын, бұл адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз еткенін айтты. Сондай-ақ Тұңғыш Президент қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен ауыстыру маңызы, ондаған мың жастың шетелдердің жетекші білім ордаларында оқуына мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасы және Қазақстанда құрылған әлемдік деңгейдегі бірқатар университет туралы сөз қозғады.
Нұрсұлтан Назарбаев белсенді, көпвекторлы және бейбітшіл саясаттың арқасында Қазақстан өзінің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін едәуір нығайтқанын атап өтті.
– Халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен мәдениетін сақтау маңызды басымдық ретінде айқындалды. Ұлы дала әлемге жылқы шаруашылығы мен атқа міну мәдениетін, ежелгі металлургияны, «аң стилін» және «Алтын адам» деп аталатын сақ жауынгерінің киімдерін берді. Біз қазір қалпына келтіріп жатқан Ұлы Жібек жолының керуендері Қазақстанның байтақ даласынан өтті. Түркі әлемі осы жерде дүниеге келді, – деді Елбасы.
Ынтымақтастықты ілгерілететін ұтымды ұсыныстар
Тұңғыш Президент кеңес қатысушыларының алдында континент елдері арасындағы еуразиялық диалогты, сенім мен әріптестікті нығайту жөнінде бірқатар ұсынысын айтты. Ол алдымен парламентшілерді әлем елдерінің жетекші державалары арасындағы жаһандық сенім дағдарысын шешу процесіне белсенді қатысуға шақырды.
– Континентте парламентшілердің дауысы айқын әрі қаттырақ шыққаны жөн. Мемлекет және үкімет басшылары санатындағы саясаткерлерге парламент белсенді ықпал етуі тиіс деп санаймын. 1889 жылы құрылған Парламентаралық одаққа биыл 130 жыл толып отыр, яғни Ұлттар лигасынан бұрын құрылды. Одақтың негізгі мақсаты елдер арасындағы саяси диалогқа ықпал етуге қатысты болды. Депутаттар саяси қайраткерлерге қарапайым азаматтарды алаңдатып отырған мәселелерді, ғаламшардағы сын-қатерлерді тыңғылықты әрі мақсатты түрде жеткізе алады. Біз халықаралық құқық жүйесінің тығырыққа тірелгенін, оның еленбей, ескерілмей бұзылып отырғанын көріп отырмыз. Мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығы және бұрын қол жеткізілген келісімдер бұзылған жағдайлар баршаға белгілі. Санкцияларды өз еркімен қолдану оны қарсы бағыттаған елдерге ғана емес, сонымен бірге барлық басқа мемлекеттерге де, әлемдегі миллиондаған қарапайым адамдардың әл-ауқатына кері әсерін тигізеді, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою қаруларын пайдалануға жол беру бүгінгі өркениетке орасан зардабын тигізетінін қаперге алып, Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропа одағы арасында уағдаластыққа қол жеткізудің маңызды екенін айтты және жаһандық шиеленісті бәсеңдетуге бастайтын диалогты ілгерілету үшін Қазақстан астанасында аталған төрттік парламенттерінің бейресми кездесуін өткізуді ұсынды.
– Парламентаралық қауымдастықты ортақ мүддеге жұмыл-
дырып, заң шығару бағытындағы бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру керек. Құқықтық актілерді үйлестіру жолында да көп жұмыс атқарылуы тиіс. Мысалы, терроризмнің жалпыға ортақ анықтамасын айқындау, террористік және экстремистік ұйымдардың, ұйымдасқан халықаралық қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін құру маңызды. Сондай-ақ әлемдік экономиканы жаңа цифрлы дәуірге, жасанды интеллект дәуіріне көшіру барысындағы құқықтық базаны әзірлеу жұмыстары да өзекті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы Еуразия құрлығы әрдайым әлемдік дамудың алдыңғы сапында болғанын еске салып, континенттің болашағын бірлесіп айқындауда бүгінгі басқосу үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
Жаһандық қауіп-қатерге қарсы біріктіретін ортақ алаң
Алқалы жиынның модераторы, Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасы Нұрлан Нығматулин алдымен делегаттарға Еуразия елдерінің Парламенттері үшін маңызы зор, рөлі ерекше жиынға қатысқандарына алғысын білдірді. Бұл форумның заң шығарушы органдар арасында жан-жақты диалог орнатуға, өзара сенімді нығайтуға, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Бүгінгі кездесу Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасы ауқымды бастаманы 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында жария еткен болатын. Бұл идея бірқатар даму сатыларынан өтіп, Еуразиялық экономикалық одақ аясында іске асып келеді. Үлкен Еуразия идеясының табысты болуы интеграциялық жобаларды заңнамалық қолдауға байланысты болмақ. Сондықтан жиын барысында парламенттік делегацияларды кеңес жұмысы аясында Еуразиялық Кеңістікті дамыту мақсатында стратегиялық ашық және орнықты, көпжақты әріптестік орнату үшін ұсыныстар айтуға шақырамын, – деді модератор.
Сондай-ақ Н.Нығматулин Қазақстанның басты ұстанымы – Еуразия құрлығындағы мемлекеттер арасында туындаған қандай да бір қарама-қайшылықтарға және де жаһандық қауіп-қатерге қарсы бірігетін ортақ алаң ретінде серіктестіктің түбегейлі жаңа моделін ұсыну екенін назарға алды.
Жиынның бірінші парламенттік отырысында алғаш болып сөз алған Ресей Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Владимир Володин форум аясындағы талқыланатын идеологиялық мәселелер, мемлекеттер арасындағы келіссөздер және де өзара серіктестік орнату бастамаларына кеңінен тоқталды. Негізгі мәселелерді тарқатпас бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идеясына 25 жыл толуымен құттықтап, әлемде орынды, әділ де қажетті ұсыныстар мен ойлардың барлығы бірдей жүзеге аса бермейтінін, десе де Н.Назарбаевтың бір кездері айтқан пайымы уақыт талабына сай өз тиімділігін дәлелдеп қана қоймай, қаншама елдің басын біріктірген ортақ арнаға айналып отырғанын жеткізді. В.Володин әлем елдеріндегі парламент мүшелерін жаһандық қауіп-қатерлерге белсенді түрде ден қоюға шақырды.
− Егер де әлемдік қоғамдастық үшін қауіп төндіретіндей мәселе туындаса, біз әлемді сақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тиіспіз. Көп жағдайда кейбір басы ашық әлі де оң шешім табылмаған мәселелерге келгенде айналып кетеміз, – деді ол.
Сонымен қатар халықаралық келісімдер мен уағдаластықтарды сақтауда проблемалар бар екенін атап өтті.
Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы БҰҰ сияқты әлемдік институт кейбір мәселелерді назарға алмай отырғанын жеткізді.
– Әскерлерді енгізу, егеменді мемлекеттердің ішкі істеріне араласу сынды жайттарға келгенде жеке-дара шешім қабылдайды. Бұл мүмкін емес, – деді Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы. Ол сондай-ақ ДСҰ тиісті ережелерді дұрыс сақтамай отырғанын айтты.
– Әлемдік экономикаға тікелей әсер етіп отырған сауда соғысы, оның ішінде Қытай, Ресей, Түркия, Иран сынды мемлекеттердегі шиеленіскен жайттарға назар аудару керек. Бұл ретте Еуропалық одаққа кіретін мемлекеттер санкциялардан зардап шегуде, – деді В.Володин. Мемдуманың спикері бірде-бір парламентаралық ұйым бұрын қабылданған халықаралық келісімдерді бұзуға негізі жоқ екенін де ашық білдірді. Оның айтуынша, парламенттердің үстемдігін халықаралық институттардан жоғары қоя білу керек. Себебі қаншама жылдан бері қалыптасқан өзара мемлекетаралық келісім диалогы деген түсінік бар.
– Біз өз мемлекеттеріміз алдында мемлекеттік тұтастықты сақтауға, сыртқы факторлардан келетін қауіп-қатердің алдын алуға, гуманитарлық апаттарға жол бермеуге, тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға тиістіміз. Бұл біздің алдымызда тұрған басты міндет, – деді Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы. Бұл мақсатта жұмыс істеу үшін Еуразия кеңістігіндегі елдердің мүмкіндігі жоғары екенін, форумға жиналғандардың легі Атлантикадан Тынық мұхиты аралығын қамтитынын, бұл мемлекеттер біріксе, берік күшке айналатынын жеткізді.
Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесі мемлекеттер арасындағы сенім мен серіктестікті жандандырудың жаңа сатысына айналады. Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Мун Хи Сан жиында бүгінгі басқосудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Еуразиялық интеграция туралы идеяның негізгі тұжырымдамасын дайындап, осы идеяның іс жүзінде жүзеге асуына бастамашы болғанына алғысын білдірді.
− Осыдан үш жыл бұрын Еуразия құрлығындағы елдердің бірлесе жұмыс жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасап, ортақ келісім орнату мақсатында Еуропа мен Азияның 65 елінің парламенттік делегациялары, 14 халықаралық парламенттік ұйым өкілдері бас қосқан болатын. Бүгінде Қазақстанда жалғасын тауып отырған IV кеңестен де ұтымды ұсыныстар мен тың бастамалар, бірлескен әріптестік күтеміз. Осы ретте айта кетерлігі, Ресейдің «Восток», Қазақстанның «Нұрлы жол», Кореяның «Солтүстік және Оңтүстік» жобалары жан-жақты, ілкімді бастамалар деп бағалауға толық негіз бар. Бұл жобалардың жүзеге асуы тек өз елінде ғана нәтиже бермей, Еуразия кеңістігінде де айтарлықтай маңызға ие болады. Ескеретіні, осындай ірі әрі ауқымды жобалар тек мемлекеттердің өзара достығы мен ынтымақтастығы негізінде ғана іске асады. Сондықтан өзара келісімнің ұтымды түрде жалғасын табуы болашақ үшін ауадай қажет, – деді Мун Хи Сан. Спикердің сөзінде айтылғандай, Оңтүстік Корея елінде қалыптасқан түсінік бойынша мемлекеттің халық сенімінсіз дамуы мүмкін емес. Мемлекеттердің өзара келісімі мен ынтымақтастығының басында бір-біріне деген сенім тұруы тиіс. Сондықтан қандай да бір туындаған мәселелерді ашық талқылау ортақ шешім шығаруға ұмтылу арқылы әлемді құтқарып қалуға болатынын айтты Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы.
Еуразия елдері парламенттерінің басын қосқан жиын былтыр Түркияның Анталия қаласында өткен болатын. Онда «Еуразиядағы экономикалық ынтымақтастық, қоршаған орта және тұрақты даму» тақырыбында кеңінен әңгіме өрбіп, шараға қатысушылар өздерінің тың ұсыныстарын ортаға салған-ды. Биыл Қазақстанның астанасына ат басын бұрған Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының спикері Мұстафа Шентоп аталған форумның жыл сайын аясы кеңіп, қатысушылардың да үлесі артып келе жатқанын айтты.
− Бүгінгі әлемдік экономикалық, саяси шиеленістердің күн санап артуы, тиісті оң шешімдер қабылдануының орнына, қақтығыстардың үдеп, үрей туғызарлық текетірестердің жаппай орын алуы қалыпты құбылысқа айналып отыр. Салдарынан елі мен жерін тастап, жамыраған босқындардың шекараларда шеру құрып, көшелерде күнелтіп жүргенін көзіміз көруде. Бүгінгі IV кеңестің тақырыбы дәл осындай аумалы-төкпелі кезеңдегі ауыр мәселелердің ашық айтылуына мүмкіндік беріп отыр, – деді Спикер.
Бүгінгі әлем елдеріндегі ішкі және сыртқы парламенттік дипломатияның мән-маңыздылығы артып жатқанын айтқан М.Шентоп соңғы жылдары әлемде парламенттік дипломатия барлық өзекті мәселелерді шешудің жаңа элементі екенін жеткізді.
− Парламенттік дипломатия жаңа шешімдерді дамытуға серпін береді деп есептеймін. Парламент ішкі және сыртқы саясатта маңызды рөл атқарады. Еуразиялық континентте біз өкіл бола отырып, парламенттік дипломатияны белсенді қолдануға тиіспіз. Бірлескен жобаларға қол жеткізу, ортақ мәселелерді шешу үшін біз жаңа бағытта жұмыс істеуіміз керек. Босқындардың легі Еуропадан Азияға ауысатынын байқаған кезде, жаңа жобаларды жүзеге асыруға тиіспіз. Түркия еуропалық және азиялық континенттің ажырамас бөлігі болып қалыптасты. Бұл тұрғыда Түркия көптеген өзекті мәселелерді шешуге үлес қосатын «Жаңа Азия» бастамасын негізге алмақ, − деді Спикер. Кеңесте Түркия тарапынан көтеріліп отырған мәселенің өз себебі бар. Бүгінгі таңда аталған мемлекет босқындар көптеп шоғырланатын елдердің көшбасында тұр. Халықаралық ұйымдардың дерегіне сәйкес, босқындарға гуманитарлық көмек көрсету бойынша түрік ағайындар алғашқы үштіктің қатарында. Сондықтан бұл мәселені күн тәртібіне қосып, барлық мемлекеттермен бірлесе шешім қабылдауға ниетті екендіктерін жеткізді.
Қазақ еліне алғаш рет ресми сапармен келген Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің спикері Ли Чжаньшу Еуразиялық құрлықтың әлемде орналасқан халық санының көптігі тұрғысынан және де жер көлемі жағынан да алдыңғы қатарда екенін тілге тиек етті.
− Мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандырып, халықтардың жақындасуына ықпал етуге мән беру керек. Кеңестің негізгі басымдық берген тұсы да осыған саяды. Мәдениеттердің алуан түрлілігі – Еуразиялық континенттің жарқын бейнесі ғана емес, оның сарқылмас игілігі. Бір-бірін құрметтеу, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру, мәдениет, білім, туризм, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары және жастар салаларындағы ынтымақтастықты ілгерілету маңызды», деп атап өтті Ли Чжаньшу. Ол өз сөзінде мемлекетаралық қатынастарды дамыту үшін заңнамалық органдар желісі бойынша байланысты нығайту орынды екенін айтты.
– Әрбір елдің саяси өмірінде заңнамалық органдардың салмақты екенін ескере отырып, парламенттер деңгейінде, атап айтқанда, көшбасшылар арасындағы маңызды келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру бойынша байланыстың бірегей рөлін іске асыруға мән беру керек. 70 жыл ішінде көпұлтты қытай халқы Қытай Компартиясының басшылығымен табанды күреспен, қажымас күш-жігермен адамзат тарихында қытайлық ғажайып тудырды. Қытайдың жан-жақты дамуы әлемге жол ашады. Біз әлемді бағалаймыз және қорғаймыз, барлық елдермен тең және достық қарым-қатынас орнатамыз. Біз қысым мен текетіреске қарсы тұрамыз. Мемлекеттердің үлкен немесе кішкентай, бай немесе кедей болуына қарамастан, әр елдің тәуелсіздігіне аса құрметпен қараймыз, – деді қытайлық спикер.
Оның айтуынша, Еуразия елдеріне бірлескен өркендеу ісіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту қажет. Көпжақты сауда жүйесін қолдауға, сауда-инвестициялық саланың дамуына жәрдемдесуге, ашықтыққа, ортақ игіліктерге, экономикалық тұрақтылықты сақтауға мүдделі екендіктерін жеткізді.
– Еуразиялық құрлықтың мүшесі ретінде Қытай бірлескен жобаларды іске асыруда серіктестерімен арадағы байланысын жандандыруға, нығайтуға ниетті. Бұл біз үшін аса маңызды. Еуразиялық экономикалық одақ аясында нақты ұсыныстар қабылдап, бастамаларға қатысуға өз қызығушылығымызды білдіріп отырмыз. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы халықтардың тұрмыс деңгейін арттыру, экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған ілкімді жобаларды қолдауға дайынбыз, − деді сөз соңында Ли Чжаньшу.
Еуразия мемлекеттерінің бірлігі мен татулығы кеңеске қатысқан әр спикердің баяндамасында сөз болды. Словак Республикасы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Андрей Данко өз кезегінде Еуразиялық кеңістік мемлекеттерінің алдында бірлескен күш-жігермен ғана шешуге болатын міндеттердің баршылық екенін айтты.
− Парламентаралық жиналыс Еуропа мен Азия арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылауға үлкен мүмкіндік береді. Бұл геосаяси кеңістіктегі даму әлемдік қоғамдастыққа әсер етеді. Біздің тұрақты кездесулеріміз сондықтан да аса маңызды болмақ, – деді А.Данко. Оның айтуынша, Мәскеуде өткен бірінші саммитке 19 елдің парламент өкілдері қатысса, биыл Нұр-Сұлтанда 65 елдің өкілдері бас қосып отыр.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Еуразиялық интеграция бастамасын осыдан 25 жыл бұрын көтерген болатын. Еуразиялық кеңістік мемлекеттерінің алдында біз бірлескен күш-жігермен ғана шеше алатын міндеттер көп. Бұл экономикалық ынтымақтастық, қауіпсіздік пен өңірдің тұрақтылығы сияқты мәселелер. Халықаралық ынтымақтастық, оның ішінде ұлттық парламенттердің ынтымақтастығы жоғарыда аталған салалардағы түйткілді мәселелерді шешудің басты шарты болмақ, − деді спикер. А.Данконың пікірінше, тиісті шешімдер шығару үшін өзара қарым-қатынастың дұрыс қалыптасуы, түсіністік орнап, мемлекеттер бір-бірін жан-жақты тануға ұмтылуы керек. Екіжақты диалог қорытындысы негізінде жеңуші я болмаса жеңілуші тарап болмауы тиіс. Бұл ретте көзқарастардың тыңдалып, пікірлердің қарама-қайшылығына қарамастан соңына дейін сыйластықпен қабылдана білуі маңызды.
– Әрине, ортақ серіктестердің шешімі де ортақ болуы үшін сенім орнауы шарт. Словакия елі әлемдегі ірі әрі ықпалды ұйымдардың мүшесі ретінде ашық саясат ұстайды. Осы ретте бірлескен жоба – «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын қолдайды. Негізгі тақырыптардың ішінде цифрландыру мәселесіне көңіл аударғым келеді. Әсіресе, салық режімінде, қауіпсіздік мәселесінде цифрлы жүйеге көшу заман талабына айналып отыр. Бұл бүгінгі тақырып болғанымен ертеңгі әр мемлекет үшін ауадай қажет болатын негізгі сала болмақ, – деді спикер. Жаһандық саяси реформалардың салқын салдары экономиканы екі өкпеден қысып, өңіраралық мемлекеттердің біріне түскен ауыртпалық енді біріне әсер етпей қоймасы анық. Словак Республикасы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы бүгінгі әлемдегі шатқаяқтаған саяси-экономикалық жағдайда бір мемлекет барлық мәселені өзі шешіп, тығырықтан шығатын жол табатындай деңгейде емес. Ондай мүмкіндік жоқ. Себебі әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелердің байланысы сияқты мемлекеттер де өзара ортақ жүйеге еніп кеткен дей келіп террорлық әрекеттерге қарсы бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі ұсынысын білдірді.
Парламенттік дипломатия әріптестікті дамытуға серпін береді
Парламенттік форумның тең ұйымдастырушысы ретінде Қазақстан Парламенті Мәжілісімен қатар Ресей Федерациясының Федералды жиналысы Мемлекеттік Думасы және Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясы қызмет атқарды. Сондықтан пленарлық отырыстарда осы елдердің өкілдері сөз тізгінін ұстап, модератор болды. Осы кеңесте Еуропа мен Азия парламентшілері еуразиялық кеңістіктің қауіпсіз және тұрақты дамуын қамтамасыз ету, ХХІ ғасырдың ірі интеграциялық жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Әзербайжаннан келген Милли Меджилис Төрағасы Октай Асадов парламентаралық дипломатия үкіметтердің саясатын қалыптастыруда, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуда өте маңызды рөл атқаратынын айтты. Ол осы өңір елдерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың шынайылығына көз жеткенін, еуразиялық кеңістікте қалыптасқан жан-жақты келісімдер экономикалық интеграцияға, орнықты дамуға үлес қосатынын сөз қылды.
Осы ойды қостаған Бангладеш Халық Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Ширин Шармин Чоудхири еуразиялық парламенттер өңірдегі экономикалық олқылықтарды азайтудың тиімді құралы бола алатынын жеткізді.
– Біз тиімді экономикалық интеграцияға қол жеткізу және жаһандану сын-қатерлеріне жауап беру үшін Еуразия елдерін біріктіруге бағытталған көзқарастарды осында бөлісеміз. Мұндай интеграция бізге жаһандық экономика мен халықаралық сауда жүйесін үйлестіру мен ықпалдастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз әр елдің өздерінің экономикалық әлеуетін белсенді серіктестік жолымен тиімді пайдалана алуы үшін мықты негіз жасаймыз, бұл өз кезегінде біздің халықтардың өміріне оң әсерін тигізеді. Мен Еуропалық одақ, өсіп келе жатқан Оңтүстік-Шығыс Азия, АСЕАН елдері арасында өміршең экономикалық компонент құра алатынымызға сенімдімін. Еуразиялық парламенттер дамушы және дамыған елдер арасында жақсы саяси түсіністік қалыптастыруға септігін тигізеді, – деді Ш.Чоудхири.
Чехия депутаттар палатасының Вице-спикері Войтех Филип Чехия тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктес ретінде көретінін айтып, былтыр наурызда Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Чехияға сапармен барғанын еске салды. Ал биыл қазан айында Чехия Республикасы Парламенті депутаттар палатасының Төрағасы Радек Вондрачектің Қазақстанға ресми сапары жоспарланып отыр екен.
– Парламентаралық байланыстардың жолдарын қарастыру өте маңызды деп санаймын. Себебі бұл бағыттағы ынтымақтастық лаңкестік, экстремизм сияқты жаһандық сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы тұру үшін керек. Көпжақты парламентаралық ынтымақтастық мемлекет пен халық арасында өзара түсіністікті қамтып, диалог үшін қолайлы жағдай жасайды. Осыған орай мұндай диалогтың халықаралық әрі өңірлік тұрақтылықтың орнықты дамуы үшін маңыздылығын мойындай аламыз, – деді В.Филип.
Ал Венгрия Парламентінің Спикері Ласло Кевер Қазақстан дамудың үлкен жолынан өткенін атап өтті.
– Қазақстан соңғы 30 жыл бойы үлкен даму жолы мен процесін бастан өткерді. 1990 жылдан кейін Венгрия да демократиялық даму жолына түскен еді. Біз де өте ұзақ жолдан өттік. Қазақстанның тұрақтылық әрі табыс деңгейіне зор құрметпен қараймын. Әр елдің өз мәдениеті мен дәстүрі, демократия мен парламентаризмге қол жеткізуде әртүрлі жолы бар. Яғни, әр елдің өзіндік моделі бар екенін айтқым келеді. Бірде-бір модельді, бірде-бір үлгіні біз басшылыққа алып, ілгерілей алмаймыз. Әр елдің өз жолы, өз даму процесі бар. Парламент рөлі барлық уақытта да тарихи сәтке байланысты. Мәселен, Венгрияда демократияның алғашқы жылдарында Парламент рөлі заң шығарушылық салада жүргізілді. Ол кезде бізге жаңа заңдар қабылдау міндет болды. Сәл кейінірек бақылау процесіне көшіп, атқарушы органдардың қызметін қадағаладық. Депутаттар барлық уақытта да өз сайлаушыларының мүддесін қорғауы тиіс, – деді ол.
Кеңес қорытындысы бойынша Еуразия елдері парламенттерінің төрағалары бірлескен мәлімдеме жасады. Осыған орай Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, елімізде алғаш рет өткен халықаралық шараны қорытындылады.
– Бүгін біз көптеген түрлі пікірді тыңдадық, тіпті осы сессия барысында өткір сөйлегендерді де естідік. Біздің бәріміз де ұйымдастырушылармен бірге қатысушылар арасында диалог орнату үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ұмтылдық. Соның арқасында сенім мен серіктестікті жолға қоюға болады. Бір кеңеспен мемлекеттер, өңірлер арасындағы барлық текетіресті алып тастау мүмкін еместігі түсінікті. Алайда біз бірлескен күш-жігерімізбен барлық серіктестерімізге көмектесуге тырыстық. Бүгінгі кеңеске қатысқан барлық өкілдер парламенттік дипломатия диалогының маңыздылығын жете түсінді. Біз қабылдаған қорытынды мәлімдемеде «Еуразияда диалог, сенім және серіктестік болуы тиіс» деген ортақ пайымымызды білдіреміз. Мұны біздің халықтарымыз күтіп отыр. Біз толыққанды сессия өткіздік, – деді Нұрлан Нығматулин.
Кеңес барысында жиынға қатысушылар түрлі салалардағы көпжақты жобаларды жүзеге асыру барысын талқылап, оларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасты. Парламент спикерлері жария еткен бастамалар мен ұсыныстар Еуразия мемлекеттерін серіктестіктің жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді және бүкіл еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік пен бірлікті қалыптастыруға септігін тигізеді деген сенім мол.
Леонид СЛУЦКИЙ,
РФ Мемлекеттік Думасы халықаралық істер комитетінің төрағасы:
– Парламентаралық, еларалық байланыстың есебі дәл осы Нұр-Сұлтан қаласынан басталады деп айтуға болады. Қазақстан қашан болсын барлық мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуға ниетті. Бүгінгі жиын Еуразия континентінде экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуға жаңа серпін береді деген сенімдемін. Қазақстан тарапы Еуразия елдерінің ынтымақтастығын берік ұстау үшін ортақ алаңға айналған мемлекет ретінде өзін мойындатып отыр. ІV Кеңесті тең ұйымдастырушы Ресей мен Оңтүстік Корея мемлекеті болғанымен, бұл шараның өтуіне Қазақстанның қосқан үлесі өлшеусіз. Бұған дейін еуропалықтардың қатысу-қатыспауы беймәлім болса, олардың осы ортадан табылуына бірден-бір ұйытқы болған – Қазақстан тарапы. Осыдан-ақ мемлекеттің әлем елдері алдындағы орасан зор ықпалын көруге болады. Бұл формат еуропалық негізге икемделіп жасалғанын да айта кеткен жөн.
Әлбетте, бүгінгі жиында әлем елдерінің қауіпсіздік мәселесі де кеңінен сөз болды. Әңгіме ядролық держава саналатын Ресей мен АҚШ сияқты елдерге тікелей қатысты болып отыр. Осы орайда парламентаралық келісім бойынша ядролық қаруды бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі назарға алынуы керек. Бұл тақырыпты алдағы уақытта да жиі көтеру қажет. Өйткені ядролық қарумен бейбіт өмірдің өлшемі өлшенетінін ескеруіміз керек.
Войтех ФИЛИП,
Чехия Депутаттар палатасының вице-спикері:
– Парламентаралық байланыстардың тетіктері өте маңызды деп санаймын. Себебі бұл бағыттағы ынтымақтастық лаңкестік, экстремизм секілді жаһандық сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы тұруға мүмкіндік туғызбақ. Көпжақты парламентаралық ынтымақтастық мемлекет пен халық арасында өзара байланыс орнатып, диалог үшін қолайлы жағдай жасайды. Осыған байланысты халықаралық әрі өңірлік тұрақтылықтың жаһандық орнықты дамуы үшін қолайлы жағдайларды құру мақсатында ынтымақтастық құрудың маңыздылығы артып келеді. Қазақстан мен Чехия арасындағы достық қарым-қатынас жаңа бастамалардың қолға алынып, бірлескен жобалардың жүзеге асуына ықпал етпек.
Чехия тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктес ретінде таниды. Алдағы уақытта екі ел арасындағы байланыстың тұрақты дамуы үшін сауда-экономикалық бағытта жаңа межелерге қол жеткізу көзделіп отыр. Айта кетерлігі, былтыр наурыз айында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Чехияға сапармен келген болатын. Ал биыл қазан айында Чехия Парламенті депутаттар палатасының Төрағасы Радек Вондрачектің Қазақстанға ресми сапары жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған бастамалар, өзара ынтымақтастық кездесулер барысында әлі талай талқыланатын болады.
Мухамад Ариф Бин Мд ЮСУФ
Малайзия Парламентінің Спикері:
− Қазақстан тұрақтылығы мен бейбітшілігі мызғымас, шекаралас мемлекеттермен де, әлемнің өзге құрлығындағы елдермен де байланысы берік, сенімді серіктес атанып отырған ел. Парламенттік форумның Қазақстанда өтуі Қазақ елінің беделі мен абыройын көрсетеді. Малайзия Қазақстанның бастамаларына үнемі қолдау білдіріп, өз тарапымыздан ыстық ықыласымызды көрсетіп отырамыз. Бүгінгі жиында әлем елдерінің назарын аударатындай ұтымды бастамалар айтылды. Қазақстан бейбіт түрде ядролық қарудан бас тарту арқылы көптеген алпауыт державаларға үлгі болып отыр. Бұл ғасырдың басты қасіреті – ядролық қару екенін барлығымыз саналы түрде жақсы түсінеміз. Тек оның басқа мақсатта қолданылмауын қадағалау керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған ядролық қарудан азат әлем құру туралы декларацияның бастамашысы екенін атап өтті. Бүгінгі күнгі өзектілігі жоғалмаған мәселенің алдағы уақытта да назарда болуы қажет деп есептеймін.
Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің ІV Кеңесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әлемнің әр бұрышынан жиналған елдердің спикерлері өзара пікір алмасып, танысуға, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туып отыр. ХХІ ғасырдағы ірі интеграциялық экономикалық жобалар таныстырылып, ұтымды ойлар, пайымды пікірлер айтылған алаң болды.
Гүлмира ИСИМБАЕВА,
Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары:
– «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің Қазақстанда өтуі біз үшін үлкен саяси оқиға деп есептейміз. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде алғаш рет осылай 60-тан аса елдің парламенттер төрағалары халықаралық қарым-қатынасты дамытуды талқылау мақсатында бас қосып отыр. Бұған біздің Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы аталған форумның маңызы мен деңгейін көтергені сөзсіз. Елбасының бүгінгі жариялаған ұсыныстары қатысқан 1,5 мың парламентшінің көңілінен шықты деп ойлаймын. Тұңғыш Президент әу бастан көтеріп жүрген бастамалары кез келген келеңсіздіктерді қарумен емес, келіссөзбен шешуге шақырып келеді.
Қазіргі таңдағы шым-шытырық жаһандық шиеленістер, жаппай қарулану, сауда санкциялары сияқты мәселелерден парламенттер қалыс қалмау керек. Олардың мемлекеттердің басшыларына әжептәуір ықпал ететіндей әлеуеті бар. Өйткені парламентшілер – халықтың өкілі. Ал дүние жүзіндегі халықтың бәріне ең бірінші керегі – тұрақтылық, бейбітшілік, әл-ауқаттың жақсаруы. Сондықтан осы кеңесте айтылған әрбір ұсыныс құнды.
Владимир АНДРЕЙЧЕНКО,
Беларусь Ұлттық Жиналыс Өкілдері Палатасының Спикері:
– Қонақжай Қазақстан жерінде осындай форумды өткізу – осы ел басшылығының тең құқылық, диалог және сенім негізінде әлемдік саясаттың күрделі мәселелерін шешуге пейілділігінің тағы бір дәлелі. Беларусь әлемдік қоғамдастық назарын нақты мәселелерге шоғырландыратын келелі кеңеске үнемі қатысып отырады.
Қазіргі таңда ынтымақтастық бағыттағы кез келген қадам өте маңызды. Сондықтан біз мұнда ортақ мүддеге жұмылған, ойы бір жерден шығатын пікірлес тараптардың қатары артқанына шын жүректен қуаныштымыз. Мұндай диалог форматының ерекшелігі парламенттік дипломатия біздің мемлекеттердің азаматтарына өмірлік мүдделерге негізделген өзекті мәселелерден тыс қалмауға мүмкіндік береді. «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің тақырыбында бейбітшілік, қауіпсіздік, еркін даму, ескірген догмалар мен жалған стереотиптерден бас тарту сияқты мәселелерге басымдық берілді.
Бақытбек СМАҒҰЛОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Бұған дейін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының кеңесі Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея және Түркия Республикасында өткен еді. Енді міне, күллі Еуразия үшін маңызды жиын қазақ елінде, келісім мен бітімгерліктің киелі бесігіне айналған Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатыр. Бұл форумның маңызы Қазақ елі үшін ғана емес, әлем үшін маңызды. Жиында Еуразия құрлығындағы 60-тан астам мемлекет пен 14 халықаралық ұйым өкілдері түрлі өзекті мәселелер көтерді. Олардың барлығы заң шығарушы орган есебінде бейтарап қалмай, әлемде болып жатқан оқиғаларды ашық айта білді. Осындай кең ауқымды форумдар өзге әріптестермен қарым-қатынасты нығайта түсуде таптырмас орта дегім келеді.
Форум барысында әр мемлекет өкілі өз елінде болып жатқан мәселелерді ортаға салды. Бұл арқылы бір мемлекеттің ғана емес, жалпы алғанда адамзат баласының дамуына кедергі келтіретін мәселелерді көруге болады. Расында да көз жұмып қарауға болмайтын мәселелер талқыланды. Бұл парламенттер спикерлерінің бүкіл қоғамға алаңдаушылық білдіретіндігін аңғартады.
Жұмыссыздық, аштық, терроризм сынды мәселелермен әлем болып күресуіміз керек. Осындай үлкен диалог алаңдарында өзекті мәселелердің жиі айтылуы, олардың шешу жолдарының қарастырылуы аса маңызды. Жиындағы барлық баяндамалар қоғамның өзекті мәселелерді ашық айтуымен ерекшеленді. Парламент заң шығарушы орган ретінде осындай диалог алаңдарында айтылған мәселелерді елеусіз қалдырмайды.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Еркежан АЙТҚАЗЫ