Биылғы жылғы сәуір айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент орынтағына отырғаннан кейін «Egemen Qazaqstan» және «Айқын» газеттері арқылы бірінші рет бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. Мемлекет басшысы онда ең алдымен елді соңғы жылдары жайлап бара жатқан даңғазалыққа тежеу салу, ысырапшылдықтың барлық түрінен арылу қажеттігі туралы мәселе көтерді.
Бұл біздің де көптен бері көкейімізде жүрген түйінді түйткіл еді. Президент сол ой тоғысын дөп басыпты. «Даңғазалық, ысырапшылдық. Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет, дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Осы туралы бұрынырақта, әлеуметтік желіде пікірімді де жаздым». Бұдан әрі ол ұлы Абайдың күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсенің бірі надандық екенін білдіргенін айта келіп, оның даңғазалыққа да негіз болатынын меңзейді. Сол себепті де Мемлекет басшысы бұдан әрі: «Бізге надандықтан құтылу қажет. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік, ұлттық ұстанымға адал, білімді, өткір, отаншыл жастарымыздың тұтас бір буыны қалыптасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Олар Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса – онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!» деген түйін түйеді.
Осы ретте ұлы ақынымыздың бес қашық нәрсе – «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан» қашық болуды үндейтіні еске түседі. Біздіңше, жоғарыда айтылатын даңғазалық пен ысырапшылдықтың қайнар көзі осы мақтаншақтықта жатыр. Кейде көкейге осы бір шектен шыққан дарақылық біздің қанымызға сіңіп кеткен жоқ па, деген қауіп те келеді. Себебі, бүгінде біздің мақтанбайтын, асып-тасымайтын нәрсеміз кем. Не болса соны мақтан көріп, соны орынсыз жалаулата бергенді мәртебе санайтын сияқтымыз.
Қазір елімізде өте жақсы сән-салтанатта тұратын бай адамдар мен күндерін әзер көріп жүрген кедей кісілердің ара-жігі барған сайын ажырап, кеңейіп барады. Бірақ біреуден қалғысы келмейтін «намысшыл» қазақ кей реттерде өз шамасымен санаспай, өзгелерден қалмауға ұмтылып бағады. Сөйтіп қарызданып-қауғаланып жүріп, той өткізеді. Мұндай фактілер көп. Жұрт осы үшін банктен жоғары үстемемен несие алудан да әлі арыла алмай жүр. Тойларымыздың алды мыңға дейін адамды қамтыса, ең аз дегенінің өзі екі жүз адамның басын қосады. Біздің ағайын осылайша күллі әлемде мұндай көл-көсір той өткізу дәуренінің әлдеқашан өтіп кеткенін, мұның орнына шағын шеңберге жиналуды үрдіске айналдырғанын ұғына алмай келеді. Расында мұндай аста-төк тойлар жаһанның өркениетті елдерінің басым көпшілігінде жоқ. Өзіміз жолымыз түсіп тұратын Түркияда, мысалы, ең бір бақуатты, елге сыйлы деген кісінің өзінің той салтанатында 60-70 адамнан артық қауым жиылмайды. Ендеше, біздің де осылайша етек-жеңімізді жинақтайтын, жан-жағымызға жіті қарайтын, әрбірден соң «көрпемізге қарай көсілетін», осы босқа шашылатын ақшаны өзіміздің, үй болып жатқан балаларымыздың болашағы үшін жұмсауды міндетке айналдыратын уақытымыз жетті.
Қазіргі қазақ тойларындағы ысырап пен даңғазалықтың, дарақылық пен бейбастақтың қандай да бір жақсы ниетпен ақтап алуға келмейтін небір жойдасыз, келеңсіз көріністерін ғаламторда ара-тұра жарияланып тұратын бейнежазбалардан да көріп жүрміз. Бұлардағы парықсыз асабалардың тойды қызықты өткізбекші болып неше түрлі бассыздықтарға барып жүргендері қатты күйзелтеді. Мұндай той басқарушылары өзін де, өзге жұртты да нағыз сайқымазаққа айналдырып бітті. Олардың айтқандарына еріп, айдағандарына көніп, алдында құлша жөңкіліп жүрген тойшыл қауымға да таңқалмасқа әддің жоқ. Тойдың төріне шығып, тілек айту тәртібі де жұртты әбден жалықтырды. Кейде асабалардың пәрменімен сондай сөз кезегіне 40-50 адамға дейін бір-ақ шығатын кездер де кездеседі. Олардың және түгелге жуығы, әйтпесе кем дегенде оншақтысы бірінен бірі айнымайтын жаттанды тілектерінің тиегін ағытып тұрып алады. Бұлардан жас жұбайлардың алатын өнеге, ғибраты қандай болмақ? Бұдан бөлек, бірінен бірі асып түскісі келетін қазақ байларының миллиондаған теңгені бостан босқа шашып, мәз-майрам болып жататыны былайғы қарапайым халықтың назасын туғызып, бұл күндердің күнінде наразылық толқынына ұласып кетуі ықтимал. Осы секілді тойлардың көпшілігі біздің ұлттық құндылықтарымызды тәрк етіп, халқымызға тән барлық асыл қасиеттерді аяққа таптаудың көрбақ үлгісіне айналып кетті. Сондықтан да бүгінгі тойлардан мән-мағына қашып, ол қалталылардың өзара жарысының ашық алаңына ұқсап барады.
Енді мұның бәріне мемлекет тұрғысынан шектеу қоймаса болмайды. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде талай рет қозғалып, жұрттың ашу-ызасын туғыза бастаған бұл тақырыпқа қатысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат Төрағасы кезінде әлеуметтік желі арқылы айтқан орынды ойы да біздің жадымызда. «Үйлену және басқа да тойларға деген көзқарасымызды өзгертіп, оларды жаңа үлгіде өткізу туралы БАҚ-та жүріп жатқан пікірталастарды қолдаймын, – деген еді ол сонда. – Көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдыққа белшеден батпай, бауырлас өзбек, түрік, түрікмен xалықтары сияқты ұлттық дәстүрге қарай ойысу қажет». Ал айтылып отырған туыстас халықтарда шынында да той мәселесі баяғыдан белгілі бір тәртіп пен жүйеге келтіріліп қойылған.
Мұны аз десеңіз, өткен жылғы сәуір айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев атқарушы билік өкілдерінің аста-төк тойларда сайран салуларына тыйым салып, оларға мұның орнына мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді ұсынған болатын. Бұдан әрі ол елдегі той салтын қатаң сынға алып, оны тек түс мезгілінде бір сағаттық етіп қана өткізу және қонақтар санын 150 адамнан асырмау жөнінде заң қабылдауға тапсырма берген еді. Күні кеше, қыркүйектің 20-сы күні Өзбекстан парламенті осы мәселені арнайы қарады. Сол күні Олий мәжіліс Сенатында республикалық үйлену тойларын, отбасылық салтанаттарды, жаназалар мен астарды өткізуді тәртіпке келтіру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда той мен жаназа өткізудің ережесі бекітілді. Ол бойынша бұдан былай мұндай шараларға қатысатын адамдар саны 200-ден аспайтын болды. Осы шаралар дастарқанына қойылатын палаудан тек 250 адам ғана ауыз тиеді. Ал екі той қатар өткен жағдайда тойға 250 қонақ қатыстырылып, 300 адам палауға тартылмақ. Үйлену тойларында жастардың серуені мен жүріп-тұрулары үшін бөлінетін кортежде үшеуден артық жеңіл көлік болуына рұқсат етілмейді. Сол сияқты отбасылық шараларға екі орындаушы немесе музыкалық топ қана қатыса алады. Олардың өзімен заңды түрде келісімшарт жасалуға тиіс. Мұндай ереже қазір Қытайда да бар көрінеді. Оны Үкімет арнайы қаулы алу арқылы бекіткенге ұқсайды.
Қазір мамандар әрәдік мұндай талаптардың бізге керек екенін көтеріп жүр. Біз де мұны қолдаймыз. Себебі, «Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыптының» нақты дерегін әрдайым көріп жүрген бізге елдегі теңсіздік жағдайын түзетудің осыдан басқа тиімді тәсілі жоқ екені аян болып отыр. Біз тойларға байланысты осындай жалпыға ортақ бір ереже орнату арқылы ғана ұл-қыздарын ешкімнен кем қылғылары келмейтін қарапайым ата-аналарды банктен миллиондап несие алып, қарызға кіруден сақтап қала аламыз. Жалпы мұны барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, өзімізден бастап елге үлгі көрсете білуіміз керек.
Осы ретте өткен жылы көктемде Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясы ұсынған қазақтың тойының жаңа форматында жалпы жұртшылық қолдайтын рационалды дәнек бар деп есептеймін. Бұл сценарий жобасында ең алдымен бұған дейін кемінде 5-6 сағатқа созылып келген тойлардың уақытын 1,5-2 сағаттың көлеміне шақтау, оны креативті фуршет пішінінде өткізу, жасы үлкен кісілер мен құдалар жағының өкілдерін ғана үстелдерге отырғызу, тойды шақыру билетінде көрсетілген уақыттан бір минут та кешіктірмей бастау, беташардың қысқартылған үлгісін орындау, ең жақын деген 5-6 адамды ғана таныстыру, тілектің орнына жас жұбайлар мен мерейтой иесі сағат тілі бойынша әр үстелге айналып келіп аялдап, өзінің алғыс сезімін білдіру секілді мезеттер бар екен. Тойда сондай-ақ ешкімге микрофон берілмейді, тойдағы қонақтар өздерінің ізгі тілектерін тікелей білдіріп, сый-сияпаттарын ұсынатын болады. Ал асабаның қызметі келген қонақтарды таныстырудан аспайды. Әрине бұл жоба да қатып қалған қағида емес. Дегенмен, әркімге оны негізге ала отырып, өз сценариін жасауына болатын сияқты.
Осы әңгіменің бәрі біздің тойлардағы орынсыз шығындар мен ешбір ақтап алуға келмейтін ысырапшылдықтан туып жатыр. Ысырапқорлықты мұсылманшылық та қатты айыптайды. Ислам қандай да бір шараға жұмсалатын артық шығынды «исраф», яғни ысырап санап, оны үлкен күнә қатарына жатқызады. Ысыраптың ақша мен мал-мүлік шашатын материалдық түрі де, уақытты бос әрекеттерге жоғалтатын рухани түрі де болады. Мұндай ысырапкершілікке жол берген адам «мусриф» деп аталады. Қасиеті Құран аяттарының бірінде тіпті ысырап жасайтын жандарға «жын-шайтанның жарандары» деген де баға беріледі. Әдетте Құран бізге ішіп-жеуге рұқсат береді де, оның шамадан тыс дәрежеге жетуіне тыйым салады. Сондықтан әр нәрсенің шегі мен есебі болуы керек екенін ескертеді. Құран Кәрімде: «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметтерімді одан сайын арттыра түсемін» делінген. Тегінде, ысырапшылдық осы нығметтердің қадірін білмеуден туындайды. Құран бұған қоса: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан, Раббысына тым күпірлік етуші», деп, бұл күпірлік нәтижесінің неге апарып соқтыратынынан сақтандырады. Тағы бір аятта: «Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деп тікесінен айтылады. Мұсылман баласы үшін бұдан артық ескерту болмаса керек.
Ысырапқорлық кейде жақсы ниеттегі істерді жүзеге асыру барысында жасалуы мүмкін. Бір жолы Мұхаммед пайғамбардың сахабаларының бірі суды көп төгіп-шашып жуыныпты. Мұны сезіп қалған пайғамбар ескерту жасайды. Бұған ана кісі суды көп жұмсауда тұрған не бар екенін ұқпағанын білдіріп, түсінбеген сыңай танытады. Сол кезде Мұхаммед пайғамбар оған: «Дарияның жағасында дәрет алсаң да, суды үнемдеуің керек» деп жауап береді. Міне, осындай ұқыптылық пен үнемшілдік бізге өлшем болуға тиіс.
Қазақ «Той – қазына» деп жатады. Сондықтан біздің ағайын тілек айтқанда да, «Тойың қазыналы болсын» деуді ұмытпайды. Бұл сол тойға түсетін сыбағаны меңзеу емес. Оның қазыналы болуы той иелері мен келген қонақтарға беретін тәрбиесімен, ой салуымен, өнегесімен, рухани жағынан байытуымен өлшенеді.
Бізде қазір не көп, тойдың түрі көп. Бұрын бір үйдің ішінде сол әулетке қатысы бар азын-аулақ әйелдердің қатысуымен өтетін кішкентай нәрестені бесікке салу, жаңа қаз басып жүре бастаған сәбидің тұсауын кесу сияқты шағын шеңбердегі шаралардың өзі ұлан-асыр той түрінде мейрамханаларда өтетін болып жүр. Осылайша біз ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық дәстүрдің өзіне сына қағып жатырмыз. Тағы бір нәрсе, мұндай тойларда бұрын елде болмаған, әлдекімнің әлдене жақтан немесе кезекті фильмнен көрген салт-дәстүрлерін тықпалап қосып, бәрінің шырайын бұзу кең етек алып барады. Біздіңше, бұларды қолға алып, бір ретке келтірмесе, қоғамдық тамақтандыру орындарында өтуге болатын дәстүрлі тойлардың тізімін жасамасқа болмайтын шығар. Ал мұндай тәртіпке көнбейтін тойшылдарға заң тұрғысынан атқарып отырған мемлекеттік қызметінен босатуға дейін баратын қатаң жаза қолданылатын болулары керек.
Қазақ бұрын тойда адамның кісілігі мен кішілігі танылады деп есептеген. Біз ендігі жерде той салтанатын шын мәнінде қазыналы етіп, оның кісілік пен адамгершілікті, кішілік пен абзалдықты ту етіп, насихаттайтын берекелі ортасы ету үшін күресуіміз керек. Ол бұрынғысынша өнегелі сөздердің, тәлімді тәрбиенің өзекті ортасына айналуы тиіс.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор