Жуырда бір үлкен ағамызбен кездесіп, пікір алысып қалдық. Бұрын облыс деңгейіндегі кәделі қызметтерде істеген, елге сыйлы, артында біршама із қалдырған құрметті ағамыз еді. Айтуына қарағанда, қазіргі жас басшылар өздерін керек қылмайды екен.
«Бұрын біз басшылық қызметте жүргенде үлкен қызметте болған ағаларымызбен ақылдасып отыратын едік, не істесек те олардың пікірін ескеретінбіз, қазіргі буын ондайды білмейді. Тіпті осы жердің ой-шұқырын білмейтін, халқын танымаған, кадрлық, экономикалық, әлеуметтік әлеуетімен таныс емес сырттан келген жастар да ешкіммен ақылдасуды ойламайды. Бәрін өздері білетіндей ұрып-соғып бірдеңе істеген болады, оның бір бұрышы құлап жатады», деп налыды ағамыз.
Шынында соңғы жылдары жас басшылар көбінесе өзімбілемдікке көбірек салынып кеткен сияқты. Ұрпақ сабақтастығы деген де ескерілмей қалған. Бір ұрпақтың бастаған игі істерін олардың орнына келгендер жалғастырмайды. Керісінше, өзінікін жаңадан бастайды. Мәселен, білім беру саласында бір министрдің бастаған реформаларын екіншілері жалғастырмай, керісінше, өзінікін жаңадан бастап, халықты, соның ішінде мұғалімдерді шаршатып жібергенін білеміз. Басқа салалардан да осындай мысалдарды табуға болады.
Біз ежелден алдыңғы толқын ағалардың ізін жалғастыруды, солардың салып кеткен дәстүрлерін сақтап, жаңа заманға сәйкес әрлендіру мен толықтыруды қолдап келе жатқан халық едік. Үлкендерден ақыл сұрау, олардың пікірін білуді де ешқашан ұмытпаған едік. «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген мақалды да ту еткен жұрт едік. Сол арқылы бағымыз баянды, бақытымыз орнықты болған-ды.
Ал қазір өзінің тікелей басшыларынан басқаны көзге ілмейтін жетекшілер буыны қалыптасты. Олар басшысынан басқа ешкімнің ақыл-кеңесін, өмірлік тәжірибесін ескермейді. Осындай кеудемсоқтық қайдан шықты деген сауалға жауап іздегіміз келіп отыр.
Оған алдымен жас басшылар үлкендердің алдына өздері көтерген мәселесін түсінікті етіп қоя білетін қарымы қауқарсыз ба деп ойлаймыз. Егер саланың жас бастығы қазір зейнетте жүрген бірнеше ақсақалды шақырып, ақылдасқысы келсе, мәселені алдымен өзі терең ұғып тұруы керек қой. Оның үстіне тәжірибелі адамдар қосымша сұрақтар қойып, қай кезде де түбін анықтағысы келеді. Ал ондайға жас басшының қарымы жетпейді де, ақылман ақсақалдарды шақырудың орнына олардан қашқалақтайды.
Екіншіден, ақсақалдарды жинап алып, ақыл-кеңес сұрағанын білсе, өзінің үстінен қарайтын бастығы ұнатпай қалуы мүмкін. Ол ұрыспаса да сенімсіздік көрсетіп қалар деген қауіптен жас басшы жасқанып, өз тарапынан мұндай бастамашылыққа бара бермейді.
Үшіншіден, қазіргі жас басшылардың көбі өздерін үлкендерден ақылды санайды. Өйткені олар компьютердің қыр-сырын жақсы біледі. Ал ақсақалдардың көбі оны қалай ашуды да білмейді. Өзіне қажеттінің бәрін компьютерден алып үйренген жас басшы осындай адамнан не ақыл сұрауға болады, ол не біледі дейсің деп ойлайды.
Бір үлкен тойда микрофон ұстап тұрған орта жастағы қырмасақал «қазіргі жастар бәрін де бізден артық біледі. Біз оларға ақыл айта алмаймыз, олар ютубтан өзіне керектінің бәрін табады», деп соқты. Мұндайға жастар елең ете қалады. Өйткені өзі соған бейіл, бәрін интернеттен алуға құштар. Рас, онда өмірдің барлық саласына қажетті ақыл-кеңестер бар, алайда онда өмірлік тәжірибе жоқ қой. Ал тәжірибеде іске аспайтын ақыл арзан демагогия ғана. Ондайды санасына сіңірген жан алысқа бармайды. Жастар олардың қайсысы дұрыс ақыл, қайсысы демагогия екенін тәжірибесі болмаған соң айыра да алмайды.
Қазақта «ақыл – жастан, асыл – тастан» деген де мақал бар. Бұған қарап ақыл тек жастан шығады деп ойламау керек. Мұндағы ақыл сөзі қазіргі қолданып жүрген инициатива, яғни бастамашылдыққа көбірек келеді. Жастардың бойындағы тапқырлық, бастамашылық, тіпті батылдық сияқты қасиеттерді қосқанда қазақ оны ақыл деп бір сөзбен беріп тұр.
Абай данышпан «Ақылмен ойлап білген сөз, бойға жұқпас сырғанар. Ынталы жүрек сезген сөз, бар тамырды қуалар» деген. Яғни интернеттен «ет-жүрексіз» еріннің ұшымен айтыла салған ақылдан гөрі көргені мен түйгені көп, жаныңда жүрген абыз ақсақалдың өмірлік тәжірибемен бойына сіңірген ақылын алған дұрыс-ау.