Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан жастарының қатысуымен «Дарынды жастар – ел тірегі» тақырыбында халықаралық форум өтті. Оған көршілес Өзбекстаннан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысынан барлығы 800-ден астам жас жиналды.
Еліміздегі Жастар жылы аясында өткен форумды Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығы мен Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сайдикрам Ниязходжаев қатысты.
Форумда екі ел жастары арасындағы достықты нығайту мәселелері қаралып, жастардың 10-нан астам инновациялық жобасы мен жетістіктері таныстырылды.
«Қазақстанның Өзбекстандағы жылы және Қазақстандағы Жастар жылын сабақтастыра ұйымдастырылған форум екі елдің жастары арасындағы өзара түсіністікке ықпал етері сөзсіз. Үздік жобаларды таныстыруға бағытталған іс-шаралар бір-бірлерімен тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді. Биыл Қазақстандағы Жастар жылы аясында жаңа бағдарламалық құжаттар мен жобалар сәтті іске асырылуда. Игі бастамаларға елдегі бірлік пен берекенің ұйытқысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы да елеулі үлес қосып келеді, – деді жиында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ш.Пулатов.
Ал екі ел арасындағы сан ғасырлық достығымыз бен ынтымақтастығымыздың одан әрі беки түскенін айтқан Өзбекстан елшісі Сайдикрам Ниязходжаев жастар арасында осындай басқосулардың жиі ұйымдастырыла бастағанына қуанатынын жеткізді.
Форум соңында Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов пен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастының төрағасы Икрам Хашимжанов белсенді жастарға ерекше құрмет көрсетіп, сертификаттар мен сыйлықтар табыстады.
ШЫМКЕНТ