• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қыркүйек, 2019

Атаулы әлеуметтік көмек: ел пікірі неге әр алуан?

636 рет
көрсетілді

Өткен жартыжылдықтың деректерін сараласақ, Алматы облысында 40 мың көп балалы отбасының 11 мыңы ғана атаулы әлеуметтік көмек алған екен.

Жалпы, көп балалы аналар көтер­ген атаулы әлеуметтік көмек пен бас­пана мәселесі қазір атқарушы билік­тің ғана емес, тұтас қоғамның бас ауруына айналған сияқты. Бұл жайындағы пікір екіге жарылып тұр. Бірқауым жұрттың көзқарасы әлеуметтік әлжуаз топтардың жағ­дайын мемлекет жасауы керек дегенге сайса, екінші тарап «әркім өз кү­нін өзі көріп, жағдайына қарай бала тууы керек» деген ұстанымда. Әрине мемлекет әлеуметтік мәселені шешуге мүдделі, оған барлық мүмкіндікті қолдануда. Бірақ қоғам үшін адам­дардың жаппай патерналистік көңіл күйде болуы тиімді емес.

Айтпақшы, әлеуметтік қызмет пен әкімдік тарапы көмекке мұқтаж немесе жәрдем алуға ниетті көп балалы отбасының табысын есептеу кезінде сауын сиыр мен тауық санын түгендеп, тіпті жеміс ағашын да өнім беретін кіріс көзіне жатқызуы көп балалы ана­­лардың ашу-ызасын туғызғаны рас. Ең қызығы, отбасы мүшелерінің аты­на ресімделген несие мен мүгедек ба­лаға берілетін арнайы жәрдемақы да әулет­тің табысы болып есепке алынуын ешкім түсіндіріп бере алған жоқ. Жалпы, бұл жердегі жауапсыз сұрақтар әлеуметтік қамту туралы заңнаманың әлсіздігін көрсетті. Демек, атаулы әлеу­меттік көмекті жүзеге асыру жүйесі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Есе­сіне, көп балалы отбасылардың та­быс мөлшеріне қатысты шектеулер на­ғыз көмекке мұқтаж әулеттердің жәр­демақы алуына кедергі болып отыр.

Мәселен, Алматы облысы Көксу ауданының Балпық би ауылында тұратын көп балалы ана Алтын Абирова 5 баласы үшін ешқандай жәрдемақы алмайтынын айтады. Өйткені Алтын жұбайымен бірлесіп шағын кәсіппен айналысады. Аудан орталығынан дүңгіршекті жалға алып, нан өнімдерін пісіріп сатумен айналысатын олардың табысы Үкімет белгілеген мөлшерден асып кетеді екен. Себебі сауда-саттықпен айналысу үшін Алтын аудандық салық басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүр. Бұл – заң талабы және орынды ереже. Бірақ патенттік жүйемен жұмыс істейтін шағын кәсіпкердің айлық табысы 300 мың теңгеден кем болмауы деген талап бар. Яғни, жеке кәсіпкердің фискальды табысы ай сайын осы сомадан кем болмауы тиіс. Бірақ жеке кәсіпкер үнемі мұндай көлемдегі таза табыс болмайтынын айтады.

– Қазір сауда жоқ. Бәсекелестік те күшті. Ұн қымбат, май қымбат. Ауыл­­дық жер болғасын дайын өнім ба­ғасын төмендетіп ұстаймыз. Үнемі пайда тауып отырғанымыз жоқ. Кейінгі кезде шыққан шығын өзін ақтағанға қуанатын болдық. Ай сайынғы салық, жерді жалға алу ақысы тағы бар. Ал 5 балама атаулы әлеуметтік көмек алудың жайын біліп ем, біздің табысымыз асып кетеді екен, – дейді Алтын Абирова.

Алтынның басындағы жағдай Алматы облысындағы 40 мың отбасына ортақ деуге болады. Қазір аймақтағы көп балалы әулеттердің саны осынша шамада екен. Мұның ішінде 11 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Осы жерде көп балалы әулеттер арқылы елдегі демографиялық ахуал оң бағытта көрініс беріп отырғанын да айтуымыз керек. Мысалы, қазір Жетісу өңірін 2 миллионға жуық адам мекендейтін болса, оның ішіндегі 165 мың бала көп балалы отбасыларда туып-өсіп келеді.

Алматы облысы