Құрметті қызылағаштық бауырлар!
Сіздерге тосыннан болған табиғат апатынан қаза тапқан туыстарыңыз бен бауырларыңыз, жерлестеріңіз үшін барша қазақстандық мұсылмандар атынан көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жәннатта, иманы серік болсын.
Жағдайды өз көзіммен көріп, орталарыңызда болып, сіздерге бүкіл ел жұмылып, жан-жақты көмек-қолдау көрсетіп жатқанына куә болдым. Шатырлар тігіліп, азық-түлік жеткізілуде. Ескі және қираған үйлердің орны тегістеліп, жаңа ғимараттар салуға дайындық ісі қызу қолға алынған. Жас балалар мектептерге орналастырылып, сабағын жалғастыруда. Тиісінше жағдай жасауға тырысып бағуда. Біз де діни басқарма атынан ауыр жүкті көлікке тиелген азық-түлік пен киім-кешек жеткіздік. Діни басқарма қызметкерлері 1 күндік жалақысын арнайы ашылған қордың есеп-шотына аударды.
Қиындықтарыңыз бен қайғыларыңызға Алла тағала жеңілдік берсін. Сіздерді сабырлылыққа шақырамын!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ.