Иранда түркі халықтарына ортақ ұлы тұлға Қорқыт Ата кітабының қолжазбасы табылды деген жаңалық ғылыми қауымды елең еткізіп, қазақ елінде де сүйіншілей таралып жатыр. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енген Қорқыт Ата кітаптарының екі нұсқасы барын, оның көне қолжазбалары Дрезден және Ватикан қалаларында сақтаулы екенін ғылыми әдебиеттерден оқып келдік. Ал көлемі жағынан ол екеуінен барынша толығырақ нұсқасын Иран Ислам Республикасының астанасы Тегераннан кездейсоқ тапқан қазақ қандасымыз Уәли Мұхаммед Қожа оның көшірмесін атажұрты Маңғыстауға әкеліп, Yessenov University оқытушылары мен студенттеріне арнайы таныстырды.
Маңғыстауда XIX ғасырда өмір сүрген ақын, батыр, діни ағартушы Хатам ишан (Хатам шайыр) әулиенің тікелей ұрпағы Уәли Мұхаммед Қожа бұған дейін де Қожа Ахмет Ясауи хикметтері жазылған қолжазбаларды тауып, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшілігіне өткізгенін, негізінен ескі қолжазбалар жинаумен айналысатынын әңгімеледі.
Оның мұндай жаңалықтарына дер уақытында назар аударып, қазақ ғалымдарымен байланыс орнатуына мүмкіндік туғызған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Қызылорда, Маңғыстау облыстарына алдырып, конференцияларға қатыстырып келеді.
Маңғыстаудағы жалғыз мемлекеттік жоғары оқу орны - Ш.Есенов атындағы КМТИУ студенттері атамекеніне олжалы келген мәртебелі мейманның әсерлі әңгімелерін ықыласпен қызыға тыңдады.
Кездесу соңында Иран мен Қазақстан арасындағы ғылыми, мәдени қарым-қатынасты арттыруға атсалысып, әлемдік деңгейдегі адамзаттың ортақ рухани құндылығына айналған Қорқыт Ата кітабының өзі тапқан нұсқасын кең қолданысқа енгізуге қызмет етіп жүрген Уәли Мұхаммед Қожаға университет ректоры Берік Ахметовтің алғыс хаты табысталып, құрмет көрсетілді.
Маңғыстау облысы