Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында бірқатар заң жобасы қаралып, қабылданды. Алқалы жиынның күн тәртібіне қойылған төрт мәселе бойынша министрліктер өкілдері баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді.
CERN-мен ынтымақтастық – ғылымға кең өріс
Парламент Сенатының мінберіне алдымен Энергетика министрі Қанат Бозымбаев көтерілді. Ол депутаттардың алдына Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, «Қазақстан-2050» стратегиясындағы ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілету саясатының арқасында еліміз осы саланың көшбасшысы болып танылды. Бүгінгі таңда Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды белсенді дамытуда. Қазақстанның атом саласы – технологиялық әлеуетті дамыту тұрғысынан перспективті салалардың бірі. Бұл – Қазақстанның ғылыми және индустриялық дамуының қозғаушы күші.
– Қазіргі таңда біздің ғылыми-техникалық, адами әлеуетіміз ядролық физика және қолданбалы зерттеулер саласындағы ең маңызды мәселелерді шеше алады. Ядролық құзыреттілікті арттыруға күш-жігер салудың арқасында Қазақстан – іргелі және қолданбалы ядролық физика, ядролық және радиациялық технологиялар бойынша өз бетінше жұмыс атқара алатын елдер қатарында. Бұл еліміз үшін ең дамыған елдермен тең жағдайда жұмыс істеуге, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және жобаларға қатысу академиялық қоғамдастықтың күш-жігерін, ғылыми және білім әлеуетін біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл мақсатта 2016 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс басталды. Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы – қарапайым бөлшектер физикасын зерттеу саласында әлемдегі жетекші ұйым. Жоғары энергиялар физикасы мен бөлшектер физикасы саласындағы табысты зерттеулерді көптеген ел ғалымдарымен бірлесіп қана жүргізуге болады. Яғни, әлемдік ғылыми интеллектіні шоғырландыру қажет. CERN-мен ынтымақтастық біз үшін аса маңызды. Әрі оның келешегі зор. Біріншіден, ол ресурстарды басым бағыттарға шоғырландыруға, яғни алдымен іргелі білім, кейін технологиялар бойынша болашаққа серпінмен жол бастауға мүмкіндік туғызады. CERN-мен ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру мақсатында 2018 жылдың 29 маусымында Женева қаласында Ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасындағы келісімге қол қойылды, – деді Қ.Бозымбаев
Бүгінде CERN-нің кеңес құрамына 23 ел кіреді. Бұған қоса кейбір елдер мен халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде қатысады. CERN-де 2400-ге жуық ғалым тұрақты еңбектенсе, әлемнің 113 елінің 580 университеті мен институтынан 10 мыңнан астам физикпен мен инженер CERN-нің халықаралық эксперименттеріне қатысып, уақытша жұмыс істейді.
Энергетика министрінің айтуынша, аталған келісімді ратификациялау ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға жағдай жасайды. Қазақстанның ғалымдары, инженерлері, студенттері мен техникалық мамандары үшін ұзақ мерзімді негізде CERN ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға жол ашады.
Министрді мұқият тыңдаған сенаторлар заң жобасының кейбір тұстарына қатысты сұрақтарына жауап алып, бұл құжатты қабылдауды құп көрді.
Шекарадан өтудің машақатын азайтады
Бұдан кейін депутаттар назарына «2006 жылғы 3 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстанның және Ресейдің шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылды. Бұл құжаттың жай-жапсарымен Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Марат Сыздықов таныстырды. Оның айтуынша, екі ел арасындағы шекара – 7 500 шақырымнан асады және әлемдегі ең ұзын шекаралардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстан-Ресей шекарасында 51 өткізу бекеті бар. Олардың 30-ы автокөлік, 20-сы темір жол және тағы біреуі өзен арқылы іске асырылады. Ресей тарапы 2019 жылы 12 сәуірде хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер аяқталғанын хабарлады.
Келісімнің 3-қосымшасында көрсетілген шекара маңындағы аймақтарда тұратын Қазақстан мен Ресей азаматтарының шекараны кесіп өтуі үшін жарамды құжаттар тізбесіне өзгерістер енгізіліп отыр. Қолданыстағы келісімге сәйкес, шекараны кесіп өту кезінде Қазақстан азаматтарының өзімен бірге жеке куәлігі немесе төлқұжаты, сондай-ақ азаматтарды тіркеу кітабынан көшірме болуы қажет. 2011 жылдан бастап Қазақстанда азаматтарды тіркеуді есепке алу кітабы алынып тасталды. Осыған байланысты хаттаманың 1-бабымен өзгерістер енгізіледі, оған сәйкес жеке куәлікке шекара маңындағы аумақтың елді мекенінде тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын, уәкілетті мемлекеттік орган берген құжат (мекенжай анықтамасы) қоса ұсынылуы тиіс.
Ауыл шаруашылығының әлеуеті артады
Халықтың әл-ауқатын көтерудің бір көрсеткіші ретінде ауыл шаруашылығын дамыту екені – жиі қозғалып жүрген мәселе. Осы саладағы түйткілді жағдайларды жөнге келтірудің жолы – арнайы заңды күшейту. Бұл тақырып Сенаттың жалпы отырысында кеңінен талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.
– Ауыл шаруашылығын қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін заң жобасы аясында қолданыстағы қаржы тетіктерін жетілдіру және жаңаларын енгізу көзделген. Қолданыстағы міндетті сақтандыру жүйесі 15 жыл бұрын арнайы заңмен енгізілген, сондай-ақ өсімдік шаруашылығындағы сақтандыруды насихаттауға септігін тигізуі тиіс болатын. Алайда бұл міндет орындалмады, сақтандырылған егістер үлесі жыл сайын төмендеуде. Сақтандыру формалары формальды түрде қалып отыр. Шаруалардың алатын сақтандыру төлемдері ең аз өндірістік шығынды да жаппайды. Осыған байланысты заң жобасы аясында ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйелерінің тәсілдері өзгерді. Бұл ретте міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға, сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшіру жүзеге асырылады. Сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін сақтандыруға қолжетімділікті арттырады. Өйткені сақтандыру полисі екінші деңгейдегі банктерден қарыз алғанда қосымша кепілдік бола алады, – деді С.Омаров.
Сонымен қатар министр несиелік серіктестіктердің қызметін жақсарту мақсатында оның құрамына кіру және шығу тәртібі жеңілдетілетінін атап өтті. Егер бұрын несиелік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі талап етілсе, ал қазір серіктестікке қатысушыларды қабылдау мен шығару, сондай-ақ оның жарғысын өзгерту жөніндегі құзырет серіктестік басқармасына берілді.
Бұған қоса ветеринария қызметінің жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін заң жобасында тиісті қадамдар көзделген. Біріншіден, жергілікті атқарушы органдардан және кеден органдарынан (автокөлікте бақылау) бақылау-қадағалау функциясын ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосына қайтару жолымен барлық бақылау-қадағалау функциясын бір органға шоғырландыру ескерілген. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдардың ветеринарлық қызметінің вертикалды бағыныстылығын құру жолымен олардың құрылымын өзгерту, яғни ветеринарлық бөлімшелерді аудандар, облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде өкілдері болу мүмкіндігімен облыс деңгейінде шоғырландыру, сондай-ақ мемлекеттік ветеринарлық ұйымдарды облыстық деңгейге бағынысты ету қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдарда ветеринария саласындағы іске асыру функциясы қалады, уәкілетті орган ведомствосына барлық кезеңдегі бақылау-қадағалау функциясы беріледі.
Ауыл шаруашылығы министрі аграрлық ғылымды дамытуға да тоқталды. Оның айтуынша, заң жобасында кәсіпкерлерді инновацияны енгізуге тарту үшін бизнестің ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру бойынша шығындарының бір бөлігін субсидиялау көзделеді. Бұл бизнес пен ғылымның өзара іс-қимыл жасау тетігін іске қосуға, агроөнеркәсіптік кешенге инновацияны енгізу ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім беру гранттарының көлемін қалыптастыру функцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру жағы қарастырылмақ.
Аталған саладағы қордаланған мәселелердің біразы қамтылған бұл заң жобасын депутаттар кеңінен талқыға салған соң қабылдады.
Сонымен қатар бұл отырыста Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.
Жиын соңында Сенат депутаттары Ә.Құртаев, Н.Бекназаров, Н.Төреғалиев, Д.Нөкетаева Премьер-Министр А.Маминнің атына депутаттық сауал жолдады.
Депутаттық сауал демекші, сенатор Бақытжан Жұмағұлов өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, құрылтайшыларына, ғаламтор желісінде отыратын блогерлерге арнап үндеу жасады. Сондай-ақ аталған үндеудің әртүрлі партиялардың, қоғамдық ұйымдардың жетекшілеріне, саясаткерлерге, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелеріне де қатысы бар екенін жеткізді.
Ашық саясатта жүргендіктен мемлекеттік қызметкерлер, әртүрлі деңгейдегі депутаттар орынды, орынсыз айтылып жүрген сындарға төзімділікпен қарайды. Бірақ кейде не адами, не имани, не рухани тұрғыдан шектен шығып, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуға бола ма? Бұл посткеңестік жүйеге тән жаман әдетке айналып бара жатқандығы алаңдатады» дейді сенатор.
Сенатордың айтуынша, интернетті ашып қалсаңыз, әлеуметтік желіге көз салсаңыз, жаңсақ ақпараттан, «көріпкелдік» пен «сәуегейліктен» аяқ алып жүре алмайсыз. Сөз бостандығы дегенді желеулетіп, шындыққа күйе жағады. Сондықтан ол аталған мәселені әр адамның ұят-ожданына салып отырғанын айтты.
«Әлеуметтік желілер арқылы шындыққа ешбір жанаспайтын ақпаратпен жұртты алдамайық» деп түйіндеді өз сөзін Сенат депутаты.