• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Қыркүйек, 2019

Қалыптасқан жағдайды шынайы бағалау қажет

464 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің жетекші сарапшылары Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) қабырғасында аталған аймақ пен Қытай арасындағы ынтымақтастық мәселелері мен оның болашағы тақырыбын талқылады.

Қазіргі таңда ҚХР-дың экономикалық әлеуеті Орталық Азия дамуының маңызды факторына айналып отыр. Қытай Орталық Азия елдерінің ірі сауда серіктесі ретінде орнықты және аймақ экономикасының маңызды салаларына құйылған Қытай инвестициясының көлемі жыл сайын артып келеді.

Алайда сауда-экономикалық қарым-қатынастың қарқынды дамуымен қатар бірқатар екіұдай тенденция­лар байқалады. Атап айтсақ, экономикалық қатынас құрылымында теңгерімсіздік айқын сезіледі. Әсіресе, ҚХР-дың қаржы институттары алдындағы қарыз көлемінің өсуі үлкен алаңдаушылық туғызуда. Соңғы оқиғалар көрсеткендей, Орталық Азия елдерінің қоғамы бұл үдерістерді екіұдай қабылдауда. Сондықтан Қытай елімен ынтымақтастықты кеңейтуге қатысты тууы мүмкін сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерге «аймақтық» көзқарастың қажеттігі арта түседі.

Осыған орай шараның модераторы, ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев: «Бүгінгі таңда Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы ынтымақтастық үдерістерінің жалпыаймақтық сипаты болуы тиіс. Бұл ретте біздің институтымыз үшінші жыл қатарынан ұйымдастырып отырған осы форматтағы сарапшылар пікірталасы үлкен маңызға ие», деді.

Басқосу барысында Қырғыз Республикасы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қыз­меткері Кубанычбек Токторбаев өз ойын былай сабақтады: «Қытай басшылығы Орталық Азия аймағы ҚХР үшін өзін­дік «стратегиялық тыл» екендігін көрсетті. Ресми Бейжің Қытай экономикасы үшін көмірсутегі мен басқа пайдалы қазбаларға бай ресурс көзі ретінде Орталық Азияның маңызды екенін түсінді», деді.

Бұдан бөлек, ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаевтың па­йымдауынша, Орталық Азиядағы Қытайдың эконо­микалық үлесі күннен-күнге жүйелі әрі кешенді сипат алып келеді. Осы орайда ол: «Отын-энергетика саласы мен басқа да салаларға кеңінен тартылған Қытай инвестициясын әртараптандыру көрінісі байқалуда. Осы үдерістің ықпалымен аймақта геоэкономикалық оқиғалар қарқынды өзгеріске ұшырауда. Бізге бұл үдерістердің қарқыны мен бағытын, сонымен қатар  орта және ұзақмерзімді салдарларын анық түсіну қажет», деді.

Жалпы алғанда, жиынға қатысушылардың Орталық Азия елдерінің экономикалық тәуелсіздігін сақтау мәсе­лелерінде пікірлері бір жерден шықты. Сондай-ақ стра­тегиялық әрекетке қажетті алаң қазіргі таңда өте өзекті екендігі айтылды.

Пікірталасты қорытындылаған Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Парвиз Мухаммадзода былай деді: «Осы тектес пікірталас алаңдары мәселенің жай-жапсарын толық түсінуге әрі зерттеуге үлкен үлес қосарына сенімдімін. Бүгінгі диалог Орталық Азия мен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа қатысты қоғамда қалыптасқан таптаурын пікірлерді белгілі бір деңгейде сейілтіп қана қоймай, аймақтағы барлық елдер үшін нақты әрі салиқалы ұсыныстарды қалыптастыруға ықпал етіп, орын алған жағдайды шынайы бағалауға мүмкіндік берді».

 

Дайындаған

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»