• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қыркүйек, 2019

Ақбөкен атқаны үшін айыбын төледі

394 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы прокуратурасы қадағалау актісі арқылы мемлекет пайдасына 10,8 млн. теңге өндіріп алды. Бұл ақбөкен аулап, мүйізін сату секілді қылмыс жасаған тұлғалардың тигізген материалдық залалы болатын.

 

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала аудандық сотының 2019 жылғы 20 наурызда шығарған сот үкімімен осы ауданның Жуалыой ауылында тұратын үш жігіт Қылмыстық Кодекстің 339-бабы (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотталған болатын. Олар 1,5 жылға бас бостандығы шектеліп, 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған. Және мемлекет пайдасына 10 822 500 теңге материалдық залал және 324 675 теңге мемлекеттік баж өндірілуі тиіс болатын.

Оқиға былай болған: 2018 жылы 18 желтоқсан күні Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округіне қарасты Жуалыой ауылының тұрғындары С.Рыспаев пен М.Құспанов қос атпен мал іздеп шығады. Оларға жолдағы «Ешкі» қыстағында тұратын Е.Кадин қосылады. Түнде жайылып жүрген ақбөкен үйіріне кездесіп, атпен қамап, үш серкесін атып алған. Оның мүйізін кесу үшін жолда бір малшының үйінен қолара сұрап алған. Сөйтіп жүргенде 19 желтоқсанның түнгі 02.00. сағат шамасында «Охотзоопром» инспекторларының қолына түскен. Бұлтартпайтын айғақтармен қолға түскен браконьерлер сот кезінде қылмысын толық мойындап, істеген істеріне өкініш білдірген.

Алайда кінәлілер сот үкіміне сәйкес төлеуі тиіс 10,8 млн. теңге қаржыны төлеуге асықпапты. Биылғы 15 мамырдан бері сотталғандар бар болғаны 180 мың теңге өтеген.

«Прокурорлар ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, борышкерлердің меншігінде 105 ірі қара мал және 382 қой барын анықтады. Прокуратураның ұсынуы бойынша «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 32, 66-баптарының тәртібінде сот орындаушы мүліктің тiзiмдемесін жасап, мүлікке тыйым салынды» дейді Батыс Қазақстан облысы прокурорының БАҚ-пен байланысы бойынша аға көмекшісі Бауыржан Ахметжан.

«Үкім уақытында орындалмаса, сотталушылардың телігіндегі мал базарға шығарылып, аукционға салынады» деген ескертуден кейін борышкерлер қалған соманы толығымен өтеп тастапты.

2019 жылдың басынан бері аудан прокуратурасы атқарушылық іс жүргізу саласында 2 ұсыну енгізіп, 13 млн. теңге өндірген. 3 сот орындаушысы тәртіптік, 2 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Батыс Қазақстан