Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық ынтымақтастығы, әрі осы шеңберде дәстүрге енгізілген шекаралық аймақтар форумдары Ақтөбе облысының әкімдігі мен Татарстан республикасы арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстардың тереңдей түсуіне жол ашып отыр.
Бұл бағытта 2017 жылдың 9 қарашасы күні көршілес өңір басшылары қол қойған келісімге сәйкес екі жақты қарым-қатынастардың аясы кеңей түсті. Айталық Ақтөбе облысынан Татарстанға аймақ индустриясының сан түрлі өнімдері жөнелтілсе, туыстас елден өндірісі өркен жайған өңірге этилен полимерлері, бұрандалар мен гайкалар және глухарлар мен тіркемелер жеткізіледі. Өз кезегінде ақтөбелік мал өсірушілер Татарстаннан сүтті асыл тұқымды сиырларды сатып алып жүр.
Қос тарап өзара байланыстар шеңберінде бір бірінен үйренуге, әрі бірінде жоғын бірі толықтыруға ыңғай танытып келеді. Осы орайда ақтөбеліктер үшін әлемнің ірі компаниялырмен бірігіп жұмыс жасайтын Қазан қаласындағы инвестициялық даму агенттігінен алатын іс-тәжірибе аз емес деуге болады. Бұл құрылым 2011 жылы іске қосылған, таяуда Татарстанға өңіраралық келісімді одан әрі тереңдете түсу мақсатымен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ тағы да барған-ды. Сол кезде олар аталған экономикалық аймақта тәжірибе алмасуға және бірігіп жұмыс жасауға тұратындай іргелі де ілкімді істер мол екеніне көз жеткізді.
Рас, Ақтөбе қаласындағы индустриялдық аймақтың әлеуеті де жылдан жылға артып келеді. Әсіресе мұнда өндіріс орындарын ашуға шетелдік инвесторлардың қызығушылық таныта бастағаны елеулі іс. Осындай жағдайда Ақтөбе облыстық индустриялдық-инновациялық даму басқармасы мен Татарстан республикасының инвестициялық даму агенттігі ортақ табысқа қол жеткізе алары анық. Дәл осындай тұжырымды екі жақтағы өңірлік және сауда өнеркәсіп палаталарына қатысты жасауға да әбден болады. Бұл ретте қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар тиісті нәтижеге қол жеткізудің тетігі бола алғанын қалар едік. Екі өңірге ортақ тағы бір өнеркәсіптік буын химия өндірісі десек қателесе қоймаспыз. Осы орайда туыстас елдегі «ХимГрад» кешені резиденттерге алаңдар мен жер телімдерін жалға беріп сатумен айналысатынын айтқан жөн. Мұндай тәсіл өндірісті тезірек өрге бастыруға септігін тигізе алады екен. Аталған кешеннің жалпы аумағы 131 гектарды құраса, ғимараттар мен құрылыстардың жобалау ауданы 500 мың метр шаршы метрден асып түседі.
Тұтастай алғанда Татарстандағы химия өнеркәсібінің басты тінін полиэтиленді қайта өңдеу және нанотехнологиялар құрайтынын көреміз. Сонымен бірге мұнда ресурстарды үнемдеу мен энергия тиімділігін көтеру ісінде де назар аударуға тұратындай жетістіктер аз емес екені байқалады. Медициналық технологиялар саласында Татарстанда шағын және орта бизнес шеңберінде 282 компания жұмыс жасайтыны да үйренуге лайықты үрдіс деуге болады. Бұл әсіресе республика өңірлері арасында баламасы жоқ медициналық кластер құра білген ақтөбелік медицина мамандары үшін тіптен қажеттірек екені талассыз мәселе.
Сондай-ақ Татарстанда ауыл шаруашылығына және бұдан да өзге салаларға қолдануға қажетті қондырғылар ақтөбелік делегация мүшелерінің қызығушылығын танытты. Соның бірі ұшқыссыз басқарылатын «Flyp» жүк дроны. Сөз жоқ мұндай тиімді де жаңа технология Ақтөбе облысында да жүзеге асырылып жатса, мұның ешқандай артықшылығы жоқ. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін сақтап қайта өңдеуде әрі оны буып түйіп халыққа тікелей жеткізіп сату жұмыстарын атқаруда белгілі бір кедергілерге кездесіп қалып жатады. Бұл ретте оның бәрін бір алаңда жүргізуге мүмкіндік беретін «Қазан» агроөнеркәсіптік кешені де ақтөбеліктерге үлкен ой салғандай әсерде қалдық.
Ақтөбе еліміздегі халықаралық мәртебесі бар ірі әуе орталықтарының бірі. Бұл фактор Ақтөбе мен Қазан қалалары арасындағы әуе қатынастарын реттеуге мүмкіндік туғызады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен «Ювт Аэро» АҚ әуе компаниясының бас директоры Петр Трубаев екі шахардың арасында әуе бағыттарын ретке келтіру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл жәйт алдағы уақытта нақты түрде жүзеге асатын болса нұр үстіне нұр.
Биылғы 2019 жылдың жеті айында біздің облыс пен Татарстан республикасы арасындағы
сыртқы сауда айналымның көлемі жиырма миллион АҚШ долларына жуықтады. Оның мөлшері жыл аяғына дейін тағы да өсе түседі деген ойдамыз. Бұған бүгінгі кездесулер кезінде жасалған жаңа келісімдер де өз әсерін тигізуге тиіс. Сонымен бірге біз Қазанға келген сапарымыз кезінде Татарстан республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесіп, туризм, кәсіпкерлік, денсаулық, білім және химия өнеркәсібі салаларындағы екі жақты қарым-қатынастардың келешегін талқылап алдағы уақытта тізе қосып жұмыс жасауға уағдаластық, - деді газет тілшісіне Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.
Міне, еліміздегі өндірісі өркен жайған өңірлердің бірі Ақтөбе мен туыстас Татарстан арасындағы әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастардың кейбір қырлары осындай.
Ақтөбе – Қазан – Ақтөбе