• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қыркүйек, 2019

БАҚ-қа салық жеңілдігі жасалады

242 рет
көрсетілді

Қазмедиа орталығында Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы Қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, Парламенттің қарауына ұсынылатын бірқатар мәселе қаралды.

Алқалы жиынға Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қоғамдық кеңес төрағасы Төлеутай Сү­лейменов және кеңеске мүше үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Кеңес жұмысының күн тәртібінде алдымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жо­­басы қаралды. Бұл құжаттың жай-жапсарымен БАҚ саласындағы мем­лекеттік саясат департаментінің директоры Бахнияз Қарашина таныс­тырды. Оның айтуынша, аталған заң жобасы аясында 5 негізгі норманы енгізу көзделіп отыр. Олар – отандық ақпараттық басылымдар үшін салықтық жеңілдіктер, мемлекеттік ақпараттық саясаттың бірыңғай жүйесін құру, отандық БАҚ-та сыра мен шараптың сау­да белгісіне немесе атауына жарнама жасауға тыйымды алу тастау, мем­лекеттік қатысы бар телерадиоарналар үшін хабар тарату тілін анықтауда өкілетті органның құзыретін бекіту және ақпаратқа қолжетімділік туралы заңнаманы жетілдіру.

Газет пен журналдар үшін 2021 жылдан бастап 10 жыл мерзімге нөлдік мөлшерлемемен қосылған құн салығын енгізу көзделеді. Салықтық жеңілдік 2911 БАҚ субъектісін қамтиды. Оның 1837-сі – газет, 1074-і – журнал. Мұндай жеңілдік басылымның міндетті түрде онлайн-нұсқасы болған кезде ғана ұсынылады.

Сонымен қатар заң жобасында Қазақстан аумағында шығарылған сыра мен шараптың тауарлық белгісі мен атауына жарнама жасауға тыйымды алып тастау ұсынылады. Бахнияз Қарашина мұндай жарнамалар интернет желісі мен шетелдік кабельдік телеарналарда көрініс таба беретінін, ал қазақстандық БАҚ бұл кіріс көзінен айрылып отыр­ғанын айтып, өзгерістің себебін тү­сін­дірді. Бұл сусындардың жарнамасы газеттердің бірінші және соңғы бет­теріне, журналдардың мұқабасына жарияланбауы тиіс. Телеарналар үшін мұндай жарнама сағат 22-00-ден 06-00-ге дейін ғана рұқсат етілмек. Алкоголь өнімдері жарнамаланғанда шамадан тыс ішудің зияны туралы міндетті түрде ескертіледі. Бұған қоса сыра мен шарап жарнамасынан кейін іле-шала саламатты өмір салтын насихаттайтан роликтер көрсетіледі.

Осы тұста Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев заң жоба­сының ішімдік жарнамасына қатысты бөлігін Ішкі істер министрлігімен бірге зерттегендерін, қылмыстың өсуіне мұн­дай жарнамалардың көрсетілуі әсер етпейтінін, сондай-ақ бұдан түс­кен қаржының есебінен әлеуметтік жарна­малардың саны артатынын айтты.

Келелі кеңесте көпшіліктің назарына Волонтер жылын өткізу туралы жоспар ұсынылды. Бұл туралы Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Ғалымова жан-жақты баяндап берді. Оның айтуынша, жос­парда Қазақстанда волонтерлікті дамытуды 7 бағыт бойынша жүзеге асыру көзделген. Біріншісі – волонтерлік қызмет үшін қолайлы ортаны дамыту. Осы бағыт шеңберінде волонтерлік қызмет мәселелері бойынша заң жобасы әзірленбек. Колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу кезінде волонтерлік қызметті есепке алу бойынша нормалар ұсынылады, сондай-ақ еріктілердің жұмыс тәжірибесін еңбек өтіліне енгізу бойынша нормалар қарастырылады. Бұған қоса статистикалық есепке енгізу үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына волонтерлік қызметтің қосқан үлесін бағалау жөніндегі әдістеме да­йындалады.

Аталған жоспарда волонтерлік қыз­меттің инфрақұрылымын дамыту және оған қатысушылардың әлеуетін арттыру, волонтерлік қызметке азаматтарды көптеп тарту, корпоративтік волонтерлік жобаларды іске асыру, волонтерлік салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту сияқты бағыттар қарастырылған.

Отырыста репатрианттарға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бизнес-про­цес­терді оңтайландыру туралы Этнос­тық қатынастарды дамыту департа­менті директорының орынбасары Еркін Үйсімбаев айтып берді. Бұл сала­дағы жұмыстар шетелден оралған қандас­тардың құжаттарын рәсімдеуді жеделдетуге септігін тигізбек.

Қандастар мәселесі қозғалғанда Қо­ғамдық кеңес мүшесі Кеңшілік Тыш­хан қоғамда тілдік, рулық, нәсілдік кемсітушіліктерге қоса тарихи ота­нына қоныс аударғандарды оралман деп шеттететін жағдайлардың жиі кез­десетінін айтты. Сондай-ақ ол жұ­мысқа орналасқан сайын талап етілетін сот­талмағаны туралы қағазды қандас­тар өз­дері туған шет мемлекеттен алды­руға тура келетінін, бұл құжат жинау проце­сін айтарлықтай қиындататын жет­кізді.

Сонымен қатар жиында отбасылық соттардың жанындағы отбасын қол­дау «Бақытты отбасы» ресурстық ор­та­­лы­ғының қызметі де кеңінен тал­қы­­ланды.