• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қыркүйек, 2019

Арқаның аязы аяуды білмейді

232 рет
көрсетілді

Облыста жылу беру маусымына дайындықтың соңғы шаралары жүзеге асырылуда. Биыл қысқа қамдануға жергілікті бюджеттен 3,5 млрд теңге қаражат бөлінді. 

Қалған қаржы аудандық бюджет есебінен бөлінді және инвес­ти­циялық бағдарламаларға сәйкес кәсіп­орындардың өз қаражаты жұм­сал­ды. Білім беру саласында – 701, денсаулық сақтау саласында – 558, әлеуметтік нысандарда – 569 нысан жөндеуден өткізіліп, дайындалды. Өзге салаларда да бұрнағы жылдары қордаланып қалған біраз мәселе шешілді. Ұзындығы 75,1 шақырымнан астам жылу желісі күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір облыс аудандарында алғашқы тоқсанға жеткілікті отын қоры бар.

Көкшетау – еліміздегі жылу электр орталығы жоқ, күні қазан­дық­қа қараған жалғыз қала. Облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Көкшетау жылу» кәсіп­орнының жылу беру маусымына дайын­дығы бұрынғы жылдармен салыстырғанда биыл біршама жақсы деуге болады. Бүгінгі таңда «РК-1» кәсіпорнының қазандықтары жылу беруге толық дайын. Ал №9, №10 қазандықтар әлі жөнделіп жатыр. Мамандардың айтуына қарағанда, қазан айының алғашқы күндері жөндеу жұмысы толық аяқталуға тиіс. Маусымның басында №4 қазандықта газ бен мазут жағылады. Күн суыта №8, 10 қазандықтар іске қосылмақ. Алғашқы күндерге қажетті мазут бар. Кейінгісі арнайы кесте бойынша Павлодардағы мұнай өңдеу зауытынан тасымалданбақ. Бұған дейін «Көкшетау жылу» кәсіпорны отынды Атырау мұнай өңдеу зауы­тынан тасыған. Тым алыс­та болған соң бұл тиімсіз, оның үстіне аяз күшіне мінген кезде мазут жол­шыбай қатып қалуы да әбден мүмкін.

Жаңа маусымға 330 мың тонна көмір қажет. Облыс орталығының іргесіндегі Станционный кенті мен Краснояр ауылындағы бу қазан­дық­та­рына да көмір жеткізілуде. Осыған дейін Екібастұздан бар болғаны бір аптаға жететін 7,5 мың тонна көмір тасымалданды. Қыркүйектің 25-іне дейін 36 мың тонна көмір қоры жиналуға тиіс.

– Дебиторлық қарыз көбейіп кетті. Бүгінде оның жалпы көлемі 141 млн теңгені құрап отыр. Бұл қарыз­дың 90 миллионы бұрнағы жыл­дары қордаланып қалған берешек, – дейді қала әкімінің орынбасары Сағындық Шабаров.

Кәсіпорынның электр қуаты үшін қарызы 900 млн теңгеге жеткен. Оның 200 млн-ынан құтылыпты.

Әлі де жылу құбырларын толық тар­­тып үлгермеген аулалар бар. Ма­­мандардың айтуына қарағанда, бұл жұмыс өзге көпқабатты тұр­ғын үйлерді жылумен қамтуға кедергі болмайды. Жылу беру мау­сымына дейін толық аяқтап үл­гермек. Қапысыз қамданатын тұс аз емес. Қазандықтың электр сүз­гіштері енді ауыстырылуда. Краснояр ауылындағы модульдік бу қа­зандығына қосымша үшінші қазан­дық орнату қажеттігі белгілі болып отыр. Елді мекендегі жеке­мен­шік үйлер мен әлеуметтік-тұр­мыс­тық нысандарды жылумен толық қамтамасыз ету үшін 1,2 млрд теңге қаржы қажет. Осы бір өткір мәселе екі жылдан бері үзбей көтеріліп келеді. Ауыл тұр­ғын­да­ры­ның да өкпе-назын тудыруда. Қазір ауылдағы бу қазан­ды­ғы толық қуатымен жұмыс істесе де, барлық тұрғын үйді қамти алмай отыр.

Облыс орталығындағы тұрғын үйлердің шамамен үштен бірі –  жекеменшік үйлер. Бұл үйлерде тұратындар өткен жылдары көмір тапшылығын қатты сезінген. Биыл көпшілік сұранысына ие Шұбаркөл көмірі облыс орталығының сегіз жерінде сатылып жатыр.

 Ақмола облысы