• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 30 Қыркүйек, 2019

«Гамлет»

258 рет
көрсетілді

Қоңырау үш мәрте соғылып,

Шымылдық сырғанай түрілді.

Қоп-қою бір мұңға көміліп,

Ұмытып тағдырды, ғұмырды,

Көмейден күп-күрең шер төгіп,

Жұмбақтау әлемнен дерт еміп,

Көбелек сықылды өртеніп,

Жан дауысын созады ол

жер теуіп:

«Болсақ па, бордай боп тозсақ па?!

Еңсені езеді ажырғы!

Қасарып, қайтадан жазсақ па

Маңдайға қашалған жазуды?!

Арасы кебін мен құндақтың

Өмір ме – созылған сүзек бұл!

Шешімін мәңгілік жұмбақтың

Шертеді қанжардың жүзі өткір…

Құдіреті суырар көрден де

Қайда әлгі Құдай мен әділет?!»

Найзадай жанарын өңменге

Тік қадап сұрайды Гамлет.

…Дүр етіп, дүрліккен қошемет…

Жоқ енді ол әлем…Гамлет…

Көзінде жарқ етіп, өшеді от…

Лағнет! Лағнет! Лағнет!

Білмейді-ау тұрған ел қол соғып

Осы бір әртістің тағдырын.

Уақыт – айналған көн шарық

Кеміріп жатқанын әр күнін…

Сахнадан тыс онда жоқ-ты өмір…

Жалғыздық…түңілу…сыңарсу…

Оған жат дүние, көк темір

Оған жат ду-думан, ұлар шу.

Сырласып періште, мартумен

Қу жанын азаптап тән түрме,

Ол өзін іздейтін әркімнен,

Ол өзін телитін әркімге…

Қойылым тарқаған кезінде

Жуылмай бетінің гримі,

Шылымы шоқтанып езуде

Бетке алып кететін бір үйді.

Тұңғиық бір әлем бір өзі,

Тұйықтау, турашыл һәм қызба.

Қоғамға осындай мінезі

Жақпайтын болған соң

жалғыз да…

Меңгермей қалатын өз басын

Қылықтың көп тартты кесірін-

Авторға жанынан сөз қосып,

Тыңдамай режиссер шешімін.

Қажытып тұрлаусыз тірлігі,

Өзекке өкініш шоқ түсіп,

Өртеніп жүрді де бір күні

Шыдамай шерленіп кетті ішіп…

Кетті ішіп ең нәзік сезімін

Желіне жазмыштың ұшырып.

Кетті ішіп ақыры өзінің

Ешкім де емесін түсініп…

Білмеді…білмеді сол кісі

Бір басқа тапқанын екі өлім…

Білмеді Құдайдың болмысы

Әрі – жоқ, әрі – бар екенін…

 

Бауыржан ИГІЛІК