Жақында Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында жас жазушы Аягүл Мантайдың оқырмандармен кездесу кеші өтті.
Әдеби кеш барысында жас қаламгердің «Жүрекке оралу» кітабы таныстырылды. Бұл кітапта жазушының психологиялық тартысқа толы интеллектуалды әңгімелері, балалар тақырыбындағы шығармалары топтастырылған.
Аягүл Мантайдың әңгімелері адам жанының қатпарларын шынайы ашуымен, ұлттық болмыс пен еуропалық таным-түсінікті әдемі үндестіруімен, жаңалығымен құнды. «Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» дейді Ғ.Мүсірепов. Адам тек экономикалық өсуді ойласа, тез құлдырайды, роботқа айналады. Сана серпілмей, рухани байымай ешқандай өсу болмайды. Жүректің емі – сөз, саз.
Біздің кітапханалардың мақсаты – жылт еткен жақсы дүниені оқырманға таныстыру, автор мен оқырман арасында дәнекер болу. Талғампаз оқырман қалыптасуына жұмыс істеу. Қазақ авторларының сұранысқа ие болуы жолында қызмет көрсету.
Аягүл Мантайдың бұл кеші – оқырмандармен бірінші кездесуі екен. Тірі диалогқа құрылған кездесу екі жаққа да әсерлі болған сыңайлы. Кешке атақты жазушы Дулат Исабековтің қатысуы да іс-шараны салмақтай түскендей. Кездесуде оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жазушы барынша шынайы жауап беріп отырды.
Оқырманымен ашық әңгіме қазақ авторларына әбден керек екен деген ойда қалдық.
Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының басшысы