• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қазан, 2019

Күршім тұрғындары Мемлекет басшысына алғыс айтты

555 рет
көрсетілді

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?» атты мақалада көтерілген мәселеге назар аударып, өзінің Twitter-дегі парақшасына Үкіметке Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Президенттің бұл тапсырмасын шығыс жұртшылығы, әсіресе паромның зардабын ұзақ жылдан бері тартып келе жатқан Күршім-Марқакөл тұрғындары ыстық ықыласпен қабылдады. Осы ретте аудан ақсақалдарының редакциямызға Мемлекет басшысының атына жолдаған ақжарма алғысын, жылы лебізін оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біз, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының ақсақалдары Бұқтырма су қойма­сына көпір салуға қаржы бөлу туралы Үкіметке, облыс әкімдігіне берген тапсырмаңызды зор қуанышпен қарсы алдық.

Кеңес дәуірінен бері аудан тұрғындарына арман болып келген көпір мәселесі шешілсе, аудан тұрғындарына ғана емес, стратегиялық маңызы бар шекаралық аймақтың дамуына да оң әсер етер еді. Өткелден пароммен өтіп келген барлық тауарлардың бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда 10-20 пайызға қымбат болуы, инфрақұрылымның жоқтығынан кен орындарының өз деңгейінде игерілмеуі ауданымыздың дамуын тежеп келгені сөзсіз. Адам тағдыры ең басты құндылық десек, навигациялық маусым біткен кезде жанын шүберекке түйіп, қауіп-қатерге қарамастан мұз үстімен өтетін, мұзбен өтеміз деп талай автокөліктер су астына кеткені де көп қиын­дықтар туғызды.

Сіздің «Баршаға ортақ игілік! Сабақ­тас­тық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағ­дарламаңызда, «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауыңызда билік пен қоғам арасындағы диалогты негізгі басымдық ретінде алып, азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыруды тапсырған болатынсыз.

Сайлауалды «Бірге» жалпыұлттық акция кезінде акцияға қатысқан аудан тұрғындарының 80 пайызы осы көпір мәселесін көтерген болатын. Елдің зарын тыңдайтын, халықтың өтініштеріне құлақ асып, мәселені шешу үшін барлық шараларды қабылдайтын өзіңіздей Президентіміз бар болғанына қуаныштымыз.

Көпір мәселесі шекаралық Күршім ау­данының дамуына, халықтың үдере көшпей тұрақтануына оң әсер етері сөзсіз. Шығыстың шұрайлы табиғаты өңірімізге туристерді тартуға да кең жол ашар еді. Көпірдің салынуы шекаралас аудандардың экономикалық өркендеуіне, Менделеевтің таблицасындағы барлық элементтері бар ауданымызда кен орындарының игерілуіне, шағын және орта бизнестің қарқынды өсуіне мүмкіндік тудырары анық. Шекараны шекарашылар ғана емес, шекара маңындағы халық та қорғайтынын ескерсек, шекара маңында халықтың көптеп қоныстануы да стратегиялық маңызы бар мәселе деп ойлаймыз.

 

Қадірлі Президент мырза!

Күршім ауданының 20 мыңнан астам тұрғындары еңкейген қариядан бастап, ең­бек­теген балаға дейін Сізге зор ризашылығымызды білдіреміз. Мықты денсаулық, халық игілігіне бағытталған еңбегіңізге толағай табыс тілейміз.

Ізгі тілекпен, Күршім ауданының ақсақалдары: С.Искаков, Е.Ақтекенов, Н.Қайыров, Ә.Қосамбеков, Қ.Мұса­қанов, С.Ақтанов, Н.Чумбасов, А.Мә­диев, Н.Қисамбин, Е.Жангудеев, Т.Еру­баев, М.Болғаев.