• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қазан, 2019

Ауылды өркендетудің жауапты кезеңі туды

1136 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығын уақыт талабына сай өркендету және Қазақстан экономикасының табысты саласына айналдыру мәселесіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруа­шылығы өніміне жаһандық сұраныс ұдайы өсіп отырғанын, осы орайда елі­міздің ауыл шаруашылығы саласына ауқымды жаңғырту қажеттігі атап көрсетіліп, агроөнеркәсіп саласын дамытудың маңызды бағыты айқындалған болатын.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы Петропавл қаласында ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі бойынша өткізген кеңесте де аграрлық сектор Қазақстан экономикасының негіз­гі буыны екенін атап көрсетіп, еңбек өнімділігін арттыру міндетін алға қойды.

Үкімет қабылдаған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сында нарықта сұранысқа ие болып отырған, сондай-ақ сапасы жағынан бәсекелестікке қабілетті ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіруді қамтамасыз ету көзделіп отыр. Осы орайда мемле­кеттің қаржылай қолдауының аясында Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген «Агроөнеркәсіп кешенінің субъектісіне инвестиция тарту кезінде жұмсалған шығынның бір бөлі­гінің орнын толтыру бойынша субси­дия­лау» бағдарламасының бар екенін агро­өнеркәсіп саласының қызметкерлері мен осы саламен айналысушылар білу­лері керек. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – қа­жетті капитал сомасын үнем­деу, са­лын­­ған инвестициялардың ақ­талуына қол жет­кізу, сондай-ақ басым бағыттарда ин­вес­­ти­циялық жобаларды іске асыру аясын­да тауар­лардың, жұ­мыстардың және көр­се­ті­­ле­­тін қызмет­тердің қолжетімділігін арттыру.

Біз мал шаруашылығы негізгі кәсібі мен күнкөрісіне айналып отырған ауыл адамдары арасында Үкімет тарапынан беріліп отырған жеңілдіктерді кеңінен тү­сіндіруге, айтуға міндеттіміз. Мал ша­­руа­ш­ылығын дамыту мәселесін ой­ла­­ғанда Қазақстанның әр өңірінің кли­маттық ерекшеліктері де ескерілуі керек. Малдың қай түрін қай өңірде өсірудің тиімділігі бар? Өйткені Қазақстанның солтүстігі мен шығысында алты ай қыс түсетін болса, бұл өңірлерде мал шаруа­шылығының қай саласы тиімді? Қысы жылылау, қары аздау орталық және оң­түс­тік өңірлерде малдың қай түрі пайдалы бола алады? Міне, бұл мәселелер ал­дағы уақытта тереңірек зерттеуді және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру­дің жаңа технологиялық өндірісін ұйымдас­тыру үшін аса қажетті жағдай деп біл­геніміз абзал.

Қазір әлем бойынша органикалық таза өнімдердің тапшылығы айқын сезіліп отыр. Қазақстанда экологиялық таза мал өнімдерін өндірудің мүмкіндіктері жет­кілікті. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органи­калық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндік бар», деп орынды атап көрсетті. Біз мұны аграрлық саланың алдына қойылған міндет деп түсінуге тиіспіз.

Осыған орай жайылым жерлерді тиім­ді пайдалануды ойластырып, ұйым­дас­­тыру қажет. Оны заңды тұрғыдан шешу мақсатында 2016 жылдың 20 ақ­па­нын­да Парламент «Жайылымдар туралы» заң қабылдаған болатын. Бұл заң ар­қылы ендігі арада жайылымдарды оңтай­лы пайдалану, соның ішінде жайы­лым алқаптарына деген тұрғындардың сұра­нысын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруа­шылығы жануарларын ұстауға жағ­дай жасау, жайылым инфрақұрылымы нысандарының жай-күйін жақсарту, жайылымдардың тозуын болдырмауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеп отыруға болады. Тек енді осы заңды пайдалана білу қажет.

Дана бабаларымыз жылдың төрт мез­гілінде алдындағы малы үшін көшіп-қона жүріп жайылымды жерлерді өте тиімді пайдалана білген. Тек жайылымда жүрген мал ғана кең далада өзінің организміне қажетті шөптерді таңдап, оттай алады. Адам баласы мен жануарлар әлеміне экологияның әсері халыққа белгілі. Ал жайылымда жүрген мал адам баласы пайдаланатын мал өнімдерінің бірден-бір сүзгіші десек болады. Өйткені организмге зиян экологиялық элементтер мен заттар ең алдымен топыраққа сіңеді, одан мал азығы – шөпке әсерін тигізеді, ал жайылым шөбіндегі зиянды химиялық элементтер мал организмінде сүзіледі де жайылым малынан экологиялық таза өнім алынады.

Қазақстанда экологиялық таза мал өні­мін өндіру үшін жайылым жеткілікті. Қазір жан-жануарлар мен өсімдіктердің ген­дік қорын сақтап қалу жаһандық өзек­ті мә­се­леге айналып келеді. Бұл жағ­дай бо­ла­шақ­та адам баласының ден­саулы­ғы­на, тіпті тұтас адамзат тағдырына әсер ететін ға­лам­дық өзекті мәселеге айналып бара жат­қаны жайлы дабыл да қағылуда. Біз де осы қатерге қазірден әзірленіп, жаһандық құ­бы­лысқа қарсы тұрарлықтай жағдайда бо­­луға тиіспіз. Бұл үшін Қазақстандағы мал­­­дың асыл тұқымдарын сақтау мен қор­­­ғау және тұқымын үнемі асылдандырып оты­руға мемлекеттік тұрғыдан қарау қажет.

Қазір Қазақстанда қой өсіру мал шаруа­­шылығының негізгі саласы болып отыр. Бұл саланың болашағы зор. Өйт­кені Иран, тағы басқа Таяу Шығыс ел­дері­мен сауда-экономикалық қарым-қаты­на­сымыз нығайған сайын, олардың біз­ден қой етін сатып алуға деген сұраныс­тары бар екендіктері байқалып отыр. Ал елі­міз­­де қой шаруашылығы мен оның етін өн­ді­руді жаңа сапалық деңгейге көтере алсақ, біздің өнімге баға жетпейтін болады. Қазақстанның кең байтақ жеріндегі шөл мен шөлейтті аймақтары қой шаруа­шылығын өркендетуге аса тиім­ді. Әсіресе аз шығын жұмсап, арзан әрі сапалы, шетелдік рыноктағы баға­сы жоғары ет өн­ді­руге қол жеткізуге ұмтыл­ғанымыз жөн.

Қой шаруашылығымен дүние жүзінде 150-ден астам мемлекет айналысады. Оларда 570-тен аса қой тұқымы өсірілуде. Статистикалық мәліметтер бойынша қазір Қазақстандағы қой саны 19 мил­лионға жетіп отыр.

Бізде ежелден еті мол келетін құйрық­ты қой өсіруге айрықша көңіл бө­лін­гені анық. Қойдың бұл түрі негізінен жер­гілікті қой тұқымы саналады. Суыққа да, ыстыққа да, жауын-шашынға да төзім­ділігімен ерекшеленеді. Былайша айт­қ­ан­да, Қазақстанның тез өзгеріп тұ­ра­­тын ауа райының кез келген жағ­дайы­на және қуаңшылық жылдары жайы­лым­ның құнарсыздығына, су мен жем-шөптің тапшылығына, әр жердің түрлі ерекшеліктеріне де тез бейімделеді.

Қазақстанда жергілікті кетпен құй­рық­ты қылшық жүнді қой тұқымының өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары 20-дан аса географиялық түрі болған.

Мал шаруашылығын өркендету ке­зе­ңін­де аса мән беретін маңызды жағдай – та­биғаттың тепе-теңдігін сақтау. Кеңес дәуі­рінде Қазақстандағы қой санын 50 мил­лионға жеткізу жұмыстары кең көлем­де жүргізілді. Тіпті орталықтың қау­лы­сы да болды. Сол қаулыны орындау мақ­сатында республика бойынша ора­сан зор күш, қаржы жұмсалды. Орта мек­тепті біті­ретін жастарға әуелі қой ша­руашы­лы­ғы­на бару міндеттелді. Осы­лай­ша бар күшті жұмылдырғанның өзін­де қой саны 36 миллионнан аспады. Бі­рақ кейін сол қойдың өзін сақтап қала алма­дық. Бұған сол кездегі экономикалық ахуал да кері әсе­рін тигізді. Екінші бір ескеретін жағдай қой саны көбейген сайын жайылым құ­нар­­сыз­данып кетті. Ата-бабаларымыз «қой­дың өзі емес, тұяғы оттайды» дегенді бекер айтпаған. Өйткені қой тұяғы тиген кез келген жер, кез келген жайылым тез тақырланып қалады.

Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктерін сөз еткен жағдайда қаракөл қой өсіру ісін қайта қолға алып, жандандыру қажет деп білеміз. Қаракөл қойының елтірі­сіне сұраныс әлемдік рынокта өсе түс­кенін байқауға болады. Қаракөл қойы­ның елтірісі ғана емес, еті мен жүні, сүті де табыс көзі бола алады. Кезін­де қаракөл қой шаруашылығы рес­пуб­­ли­­камыздың негізінен шөлді және шө­лейтті аймақтарында жақсы дамы­ған болатын. Осыны ескере отырып, шөлді және шөлейтті жерлерімізді тиімді пай­даланып, бұл аймақтардағы халық­ты жұмыспен қамту мақсатында қара­көл елтірісін өндіруді қайта жандандыр­ғанымыз абзал. Қаракөл елтірісін өн­дірушілермен өзіміздің Ішкі істер, Қор­ғаныс министрліктері келісімшарт жасасып, екіжақты бірлескен кәсіпорындар аша отырып, әскери және ішкі істер қыз­меткерлеріне көгілдір елтіріден тігіл­ген қажетті әскери киімдер шығару жағын ойластырған да жөн болар еді.

Мал шаруашылығының ендігі бір дамып отырған саласы – ірі қара мал шаруа­шы­лығы. Бұл сала республикамызда тың және тыңайған жерлерді игеруден соң және ірі қа­лалардың пайда болуы мен ондағы ха­лық санының жедел өсуіне байланысты же­тек­ші салаға айналды. Дүние жүзінде қазір бір мыңнан астам сиыр тұқымы болса, жал­пы ірі қара саны 1,2 миллиард басты құ­рай­ды. Ірі қара малдың етті және сүтті жаңа тұқымдарын шығарудан әлемнің се­лек­ционер ғалымдары бәсекеге түскен бе деп те қаласыз. Ең жоғары өнімді сүтті және етті ірі қара тұқымдары негізінен Еуро­­па мен Солтүстік Америка елдерінде шо­ғыр­­ланған. Бұл елдердің ғалымдары дү­­ние жүзіндегі малдың гендік ресурстарын сұ­­рып­тап, асыл тұқымдар шығаруда алға кетті.

Республиканың табиғаты мен климат­тық және экологиялық ерекшелік­теріне сай шаруашылықтардың сұраныстарына бай­ланысты отандық селекционер ғалым­дар да ірі қара малдың 10 жаңа тұқы­мын шығарған еді. Алайда, респуб­ли­ка­­мы­здағы ірі қара тұқымын селекция­лық жолмен асылдандыру жұмыстары жүргізіліп отырғанымен, өнімділігі бү­гін­гі сұранысты, талапты толық қанағат­тан­дырмайды. Тіпті ірі тауарлы сүт өндіру фермаларында әр сиырдан сауылатын сүт орта есеппен алғанда жылына 4-5 мың литрден аспай отыр. Ал жергілікті жер­лерд­егі, яғни ауылдағы халықтың қолын­дағы ірі қара тұқымын мүлдем жаңартып, асылдандыру қажет. Өйткені не сүт, не ет беріп жарытпай отырған, саны бар да, сапасы жоқ мал ұстау жеке шаруа­ға да, ірі шаруашылықтарға да тиімсіз және өнімі бәсекелестікке төтеп бере алмайды.

Соңғы жылдары жергілікті мал тұқы­мын асылдандыру бағытында республика бойынша Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мал шаруашылығы департаменті тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізу қолға алына бастады. Бұл орайда мал тұ­қы­мын асылдандыру, мал ұрығын дайын­дау, дистрибьютерлік орталықтар ашу, асыл тұ­қымды малға мемлекет тарапынан көмек көрсету сияқты аса маңызды жұмыс­тар атқарылып жатыр. Әрине бұл жақсы бастама.

Қазіргі таңда республика аудандары мен елді мекендерінде қолдан ұрық­тан­­дыру пункттері ашылуда. Енді осы жұ­мыстар әр елді мекенде ұйымдас­ты­ры­лып, тек қана жоғары өнімді асыл тұ­қым­ды бұқа ұрығы пайдаланылуы қажет.

Ауылды жерлерде тіршілік етіп жат­қан халықтың алаңсыз мал өсірулеріне жағдай жасаудың бір амалы – олардың өз жеке шаруашылықтарында өндірген ет-сүт өнімдерін мемлекет тарапынан сатып алуды ұйымдастыруына тығыз байланысты. Қа­зір­гі жағдайда ауыл адамдары өздері өн­дір­ген малдарының өнімдерін өткізе алмай қи­налады. Бұл делдалдарға ғана тиімді бо­лып отыр. Делдалдар дегеніңіз ауылдарды ара­лай жүріп, малды арзан бағамен сатып ала­ды да, қымбатқа өткізеді. Бұл белгілі жағдай.

Тағы бір жай, малды ветеринарлық емдеу мен түрлі індеттердің алдын алу жұ­мыс­тары уақтылы жүргізілмейді. Бұған білікті мал мамандарының жетіспеу­шілігі де кері әсерін тигізіп отыр. Республика­мызда түрлі мал ауруларына қарсы алдын ала егілетін вакцина, дәрі-дәрмек, сырға өндіретін кәсіпорындардың жоқтығы және уақтылы шет мемлекеттерден сатып алуына жағдай жасалмауы да орын алып келеді. Мал өнімдерінен алынған шикі заттарды, ет пен тері, жүнді заман талабына сай өңдейтін инновациялық кәсіпорындардың жоқтығы да мал шаруа­шылығын өркендетуге тұсау болып тұрған жайдың бірі деп қараған абзал.

Жолдауда «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша, алдағы үш жылда тағы да 90 миллиард теңге бөлу жайы айтылды. Ауыл қаржы тапшылығын көріп келді десек, енді осы бөлінетін қыруар қаржыны ауылды өркендетуге және ауыл шаруасын бүгінгі заман талабына сай ұйымдастыруға барынша адал ниетпен жұмсағанымыз абзал. Өйткені ауылдың мал-жанын бірге өсіріп, бірге өркендетудің кезеңі келді. Мұны әрқайсысымыз болашақ ұрпақ алдындағы парыз екенін ұғына білейік.

Аңсар МҰСАХАНОВ,

Парламент Сенатының депутаты,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы