«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ) жанындағы Қоғамдық комиссия «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын талқылады.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі қазақтарды қолдауды құжаттамалық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Міне, осы ретте «Отандастар қоры» КеАҚ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірігіп шетелдегі қазақтарды қолдау және ерікті қоныс аудару мәселелерін реттеуге бағытталған заң жобасын әзірлеу үстінде.
Жиында аталған заң жобасы және елге оралған ағайындарға көрсетілетін қызметтер жөніндегі мәселелер жан-жақты қозғалды. Нақтылай айтқанда, отырыста елге оралған қандастардың мәселелерін реттейтін қазақстандық заңнама жүйесі және шетелдегі қазақтарды мемлекеттік қолдау туралы заң жобасының дайындау барысы, Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі тарапынан репатрианттарға қызмет көрсетуді оңтайландыру және автоматтандыру шаралары талқыға түсті.
Басқосуды Қоғамдық комиссияның төрағасы – Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы жүргізіп отырды. Ол «Отандастар қоры» КеАҚ жанынан кеңесші орган ретінде құрылған комиссияның негізгі міндетін айта келіп, шетелдегі қазақтарды қолдау және репатриация процестерін реттеу барысында мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін талқылау, заңнамаларды жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізу, қабылданатын шешімдер бойынша жұртшылық мүддесін білдіру, пікірін ескеру аса маңызды екенін сөз етті.
Айта кетейік, комиссия құрамында мемлекет және қоғам қайраткерлері – Қуандық Тұрғанқұлов, Оралбай Әбдікәрімов, Айдос Сарым, Түркітану және Алтай ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы, Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев, Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы Серік Ақылбай, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, сондай-ақ ғалымдар, саясаттанушылар, сарапшылар бар.
Отырыста заң жобасын таныстыру үшін сөз кезегі «Отандастар қоры» КеАҚ-ның вице-президенті Мағауия Сарбасовқа берілді.
Заң жобасын дайындауға Қазақстан Конституциясы, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылдың 23 маусымында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында ел Үкіметіне берген тапсырмасы негіз болғанын айта келіп, ол: «Заң жобасы биылғы 30 шілдеде және 13 қыркүйекте мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен отырыста талқыланған. Осыған орай, тиісті ұсыныстар мен ескертулерді қарастырып, заң жобасының нормаларын өзгертіп, толықтырдық. Заң жобасының тұжырымдамасы мен заң жобасы толығымен мемлекеттік тілде әзірленді», деді.
Баяндамашы одан әрі заң жобасын қабылдаудың мақсаты шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеудің қажетті құқықтық негізін құру екенін жеткізді.
М.Сарбасовтың сөзіне қарағанда, заң жобасы әлемдік тәжірибенің заманауи үрдістеріне, жинақталған тәжірибеге, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның болашағы туралы ғылыми дәлелденген зерттеулерге негізделген. Оның айтуынша, шетелдегі отандастарды қолдауды күшейту – этностық қазақтар мекендеген мемлекеттерде саяси және экономикалық тұрақтылықтың болмауы, қарулы қақтығыстардың орын алуы, ана тілін, дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалу мүмкіндіктерінің шектелуі және өзге де мәселелерге тікелей байланысты. Оның үстіне, заң жобасын әзірлеу шетелдегі отандастардың құқықтық жағдайын заңнамалық реттеудің бірыңғай арнайы құқықтық актінің болмауынан туындап отыр.
Жиында белгілі болғандай, заң жобасының басты жаңашылдығы – онда ұсынылып отырған «Қазақ картасы» этностық қазақтарды, сонымен қатар шет мемлекеттерде тұрып жатқан бұрынғы отандастарымызды қолдауға бағытталған маңызды құжат болып табылатындығы. «Қазақ картасын» ұсынудағы мақсат – мәдени мұра мен тілді, тарихты, салт-дәстүрлерді, сондай-ақ Қазақстан халқының туыстық және тілдік құндылықтарын қолдау.
Сондай-ақ «Қазақ картасы» біздің елге этностық қазақтардың қоныс аударуына септігін тигізеді, бұған қоса шетелдегі қазақ диаспорасының тарихи Отанымен жан-жақты байланыстарын жандандыруға серпін береді және шетелдегі отандастарымыздың тарапынан инновациялар мен инвестицияларды Қазақстанға тарту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
«Қазақ картасын» алу үшін белгіленген шарттар бар. Бұл шарттардың ұзын-ырғасы әлі талқыланып жатса да, олардың бірсыпырасын айта кетейік: қазақ ұлтына жататындығын немесе туу фактісін немесе Қазақ КСР-нің немесе Қазақстан Республикасының бұрынғы азаматтығын растайтын құжаттың болуы, қазақ тілін негізгі (базалық) деңгейде білу, қазақ мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы туралы негізгі білімді меңгеруі.
Отырыста заң жобасын қабылдау шетелдегі отандастарды кешенді түрде мемлекеттік қолдауға, мемлекеттік қолдаудың негізгі кепілдіктерін заң жүзінде бекітуге, шетелдегі отандастардың Қазақстанмен жан-жақты байланыстарын күшейтуге және шетелде тұрып жатқан табысты қандастарымыздан инновациялар мен инвестицияларды белсенді тартуға, атажұртқа қоныс аударуды жоспарлаған қазақ диаспорасының қызығушылығын арттыруға жол ашуы мүмкін екені айтылды.
Басқосуға қатысушылар заң жобасына қатысты өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды. Айтылған пікірлер заң жобасын одан әрі пысықтау ісінде қаперге алынатын болды.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, 1991-2019 жылдар аралығында 304 839 қазақ отбасы немесе 1 042 589 қазақ тарихи отанына оралған. Дегенмен, соңғы екі жылда Қазақстанға көшіп келген сырттағы қазақтардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге қысқарған.