Қарт кісіні қазына деп есептейтін халқымыздың ізгі ұстанымы, құрметі ұрпақтарға жалғасып келеді. Бүгінгі қазақ жастары – мектептегі бала буын баба сабақтастығын үзбей қарттарды құрметтейтіндіктерін жаңа форматта көрсетті.
1 қазан – Қарттар күніне орай Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Үлкенге бізде ізет бар» атты құрмет күнін өткізді. Білім ордасының оқушылары ата-әжелерін мектепке шақырып, олардың өмір туралы терең ойларын тыңдады.
«Дара жол» бағдарламасы форматында ұйымдастырылған жүздесуде немерелеріне еріп мектепке келген қарттар – Оразғали Өтеулиев, Күреңтай Ізбергенов, Сайлау Қалиев пен Жұманұр Балхаев бозбалалық шақтары, армандары, еңбек жолдары, өмір және отбасылық құндылықтары туралы айтып, жиналған оқушыларды әңгімеге ұйытты. Өз кезегінде зияткерлер аталарына арнап, көрініс қойып, қазақтың киелі домбырасынан күй күмбірлетті.
– Мектебімізге келген аталарымыз көпті көрген, өнегелік жолы бар, терең ойлы ақсақалдар екен. Қазақтың құндылықтарын бойларына сіңіріп, енді сол ізгі қасиетті ұрпақ бойынан көрсек деп армандайтын қариялар көптеген тұщымды ойларын айтып, оқушыларды ғана емес, ұстаздарды да рухани байытып, үлкен тәрбиелік сағатын өткізді. Кеш соңында балалар кездесуден кеткісі келмеді, – дейді мектеп директорының орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Сондай-ақ зияткерлер ордасында қарияларға ізет көрсету мақсатында «Ұрпақтар сабақтастығы» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Оқу ғимаратының бас дәлізінде балалардың ата-әжелерімен түскен суреттері қаз-қатар ілініп, ыстық лебіз білдіру тақтайшасы орнатылды.
Қарттарға құрмет бұл шарамен аяқталмайды дейді оқу орнының ұстаздары. Енді «Мейірім өскіні» атты оқушылардың қайырымдылық тобы Маңғыстау облыстық қарттар үйінің ақсақалдарына «Bookcrossing» жобасы аясында кітаптар мен осы күнге дейін бірлесе өткізген кездесулерден естелік альбом сыйламақ, сондай-ақ қариялармен Каспий жағасына және қала ішіне экскурсия жоспарланған.
Қария – көш басындағы адастырмас бағдар. Баба жолынан жаңылмаймын деген жас қарттарға қамқорлық таныта жүріп, олардың тәлімі мен ұлағатын бойына сіңіре қалыптасатыны анық. Ақтаудағы мектепте өткен шағын шара әрі қызықты, әрі тартымды, ең басты құндылығы – қарттар мен жастардың пікірлесу алаңын құра алған жаңашылдығында.
Маңғыстау облысы