• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2019

Жүз миллионнан бір кездесетін егіздер

1340 рет
көрсетілді

Жақында Орал қаласында әлемде сирек кездесетін ғажап оқиға болды. Батысқазақстандық дәрігерлер анасының қос жатырында екі бөлек бітіп, екі бөлек дамып жетілген шараналарды аман алып қалды.

Табиғаттың тылсымы көп: дүниеде екі жатыры бар аналар сирек те болса кездеседі. Медицинада бұл құбылыс паталогия, яғни ауытқу саналады. Ғылыми әдебиеттерде «қос жатырлық – емделмейтін дерт» деген баға берілген. Әдеттегі әйелге қарағанда қос жатыры бар әйелдің бала көтеріп, жүкті болуы қиын. Жүкті болған күннің өзінде түсік тастау қаупі өте жоғары болады екен.

Орал қаласында тұратын Лилия Коновалова өзінің осындай ерек­ше­­лігін 19 жасында емханада қарал­ған кезінде біліпті. Әрине дәрігер­лер болашақта кездесуі мүмкін қиын­дықтар туралы бойжеткенге ескерт­кені анық. Бірақ Лилияның өмірі әдеттегідей өрбіді. Уақытында тұр­мыс­қа шықты, 22 жасында Алина есімді тұңғыш қызын аман-есен дүние­ге әкелді.

– Біз енді ұл қалаған едік. Арада жеті жыл салып көтерген соң дәрігердің бақылауында болдық. Бойымда егіз нәресте бар екенін, олардың екі жатырда өсіп келе жатқанын естігенде қатты уайымдадым, – дейді Лилия.

 

Егіздердің арасы екі жарым ай

Анасының айтуынша, 25 апта­ға дейін жүктілік бірқалыпты, әдет­тегідей өткен екен. Тек аяғы ауыр болғанына алты айға таянғанда аяқ астынан толғақ қысқан. Бірақ осындай жағдайды алдын ала болжап, дайын отырған оралдық дәрігерлер абыр­жы­ған жоқ.

– Бұл – медицина тарихында өте сирек кездесетін оқиға. Қос шарана екі жатырда дамығанымен, ұрық бір мезгілде түсіп, қатар дамыған. Ананың ерте толғағы басталып, алты айлық қыз бала дүниеге келді. Біз тәуекелге бел байлап, екінші нәрестені жатырда сақ­тауға, жүктілікті жалғастыруға ұй­­ғардық. Бұған мамандардың білік­тілі­гі де, Батыс Қазақстан облыс­тық перинаталдық орталықтың техни­ка­лық мүмкіндігі де жетті, – дейді орта­лық­тың бас дәрігерінің орынбасары, акушер-дәрігер Есет Ералин.

24 мамырда 25 апталық болып дүниеге келген Лияның туған кездегі бойы – 42 см, салмағы бар болғаны 850 грамм болатын! Ол бірден шала туған шақалақтарды бағатын арнайы аппаратқа – респираторлық қолдау көрсететін инкубаторға жалғанды. Ал оның сыңарының жарық дүниеге келуіне әлі екі жарым ай бар болатын.

Осы екі айдан аса уақыт ішінде жас ана Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталығында, дәрігер-мамандардың толық бақылауында болды. Міне, көптен күткен 9 тамыз да жетті. Дәрігерлер айы-күні жеткен ұл баланы кесарь тілігі арқылы аман-есен дүниеге әкелді. Максим есімін иеленген батырдың салмағы – 2900 грамм, бойы 50 см, яғни толық жетілген.

– Мұндай жағдай біздің облыс­та бірінші рет кездесіп отыр. Әр бала өз жатырында туды. Арнайы күтім арқылы шала туған қыз бала да тез жетіліп, қазір егіздің дамуын­да, салмағы мен жетілуінде еш айырмашылық қалмады, – дейді неонатолог-дәрігер Нұргүл Жүнісова.

 

Сирек сандар

Мамандар бір ауыздан мұндай оқиға әлемде сирек кездесетінін айтып жатыр. Мысалы, соңғы 60 жылда жер бетінде осындай оқиғаның саны 70-тен аспапты. Және бұл оқиға­лардың әрқайсысы өз алдына сенса­ция, қайталанбайтын ерекше құбы­лыс­қа айналған.

Ұлыбритания тұрғыны Ханна Кёр­си тұрмысқа шыққанымен сәби сүйе алмай, денеден тыс – жасанды ұрықтандыру көмегіне жүгінген. Сөйтіп оның қос жатырының біріне бір қыз, екіншісіне егіз қыз бітіпті. Дамыған медицинаның көмегімен дүниеге келген кезінде өте әлсіз болған нәрестелер бүгінде аман-есен өсіп кеткен.

Ал америкалық Энджи Кромар­дың оқиғасы оралдық Лилия Коно­ва­лованың тарихына ұқсайды. 2010 жылы екі жатырынан екі сәбиді дүние­ге әкелген Энджидің бұған дейін әр жыл­дары дүниеге келген екі баласы бар екен.

Дегенмен, дүние жүзінде мұндай оқиға саусақпен санарлықтай аз екені ақиқат. Ананың қос жатырымен бір мезгілде сәби көтеруі 15 000 000-нан 1 кездеседі екен. Ал олардың аман-есен дүниеге келуі – 100 миллионнан 1 мәрте ғана кездесетін жағдай!

Жақында ғана Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Нұрданат Беркін­ға­ли облыстық мәслихат депутаттары алдында баяндама жасап, өңірде «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­сының орындалуы жөнінде есеп берді.

 Қай кезде де медициналық қыз­мет­тің сапасы, даму дәрежесі ана мен бала өмірінің сақталуымен өлше­неді. Құдайға шүкір, Батыс Қазақ­стан облысында соңғы жылдары ана өлімі тіркелген жоқ. Ал Лилия Коно­ва­ло­ваның оқиғасы – қос жатырдан дүниеге келген сәбилердің хабары батысқазақстандық дәрігерлердің білік­тілігі мен ерлігін дүниеге әйгіледі. Жақын­да ғана Ресей Федерациясының 1 арнасы – белгілі «Жить здорово» телехабарының жүргізушісі Елена Малышева осы оқиғаға бір хабарын арнады. Бұл шынында да ғажап оқиға! Әлемде сирек кездесетін сәтте біліктілік танытып, ананы да, балаларды да аман алып қалған дәрігерлік топты біз мемлекеттік наградаға ұсынамыз, – деді Нұрданат Беркінғалиұлы.

Дұрыс, марапат иесін табуы тиіс!

 

Батыс Қазақстан облысы