Жаратқан ие сыйлаған талантымен танылған жан еді. Түбін қуып келгенде нағашы. Бұл дүниедегі татар дәмі таусылып, қайтпас сапарға аттанған. Жаназаға қарақұрым халық жиналды. Іші атшаптырым, кең мейрамхана. Отыздан аса дастарқан. Әдеттегідей құран оқылып, дұға бағышталды.
Сәл ғана тыныштық орнаған. Кенет орта тұс қасқыр көрген қойдай дүр ете қалды. Дарылдай күлген әулекі топ қайда отырғанын қапелімде қаперінен шығарған сияқты. Өздері сабыр сақтап, тынышталар дегенбіз. Болмады. Бейтарап әңгімеге тағы екі-үш дастарқан қосылды. Құтты жаназада емес, тойда отырғандай тоқмейіл, қағанағы қарық, сағанағы сарық. Жаға жайлауға кеткен. Содан соң амалсыз орнымыздан тұрып бүгінгі жиынның қаралы жиын екендігін, қайғыдан қабырғасы қаусап отырған ет жақын туыстарының көңіліне қарау, әлі топырағы суый қоймаған арысымыздың аруағын сыйлау қажеттігін айтқан болдық. Бірақ құлақ асар кісі көрінбейді. Бірінен соң бірі бұл жиынға қатысы жоқ әлдебір қызықты әңгіменің көрігін қайта-қайта қыздырып, тәмам жұрттың назарын ерсі қылықтарымен өздеріне аударып отыр.
Қазіргі күні басқа жерді қайдам, Көкшетау өңірінде жаназаға көп кісі жиналады. Жастары жер ортасынан асқан үлкендер тұрмақ, жастардың қарасы көп. Балалардың сыныптастары, еңбек ұжымы, жора-жолдас пен көзтаныс. Бұдан он-он бес жыл бұрын дәл мұндай адам жиналмайтын. Бәлкім соңғы сапарға шығарып салушылардың қарасы көп болғаны да дұрыс шығар. Бірақ ізет сақтап, шын мәнінде жаны ауырған болса. Әйтпесе «басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» дегендей, қайғыға күлкі араласса қаның басыңа шабады екен. Осы арада Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп қажы Әлиевтің айтқан ұсынысы орынды ма деп ойлаймыз.
– Бүгінгідей заманда мыңдаған адамға ас берудің қаншалықты қажеті бар? – дейді ол, – мәселен, егер мәйітті осы облыс орталығында жерлесек, қаланың халқы түскі асын өз үйлеріне барып ішпей ме? Алыстан ат арытып жеткен ағайынға, құда-құдағиға қонақасы берсе жеткілікті ғой. Мәселен, жасыратын ештеңесі жоқ, бес мың теңгемен бата жасаймыз да, әлгі қаралы үйдің дастарқанына қайтқан күнгі жаназаға, үшіне, жетісіне, қырқы, жылдық асы деген тәрізді бес рет барамыз. Оның үстіне апта сайын берілетін жұмалықтары бар. Сонда біздің жасаған батамыздан не қайыр?!
Рас-ау тіпті...
Ақмола облысы